Жаңалықтар

ҚЫЗЫЛ ҚЫРҒЫН

Қазақ халқының астан-кестеңін шығарған қызылдар қырғыны жыл өткен сайын жаңғырып, ата-баба амана­тына деген жауапкершіліктің салмағы да күннен-күнге арта түсуде… Әрине, кеңестік тоталитарлық тәртіпті жамандау мақсат емес, алайда оның сан миллиондаған адам өмірін құрбандыққа қиған саясатын, ұлт санасына салған жарасын ешкім ұмытар емес.

Елдің есінен кетпей жүрген сондай сұмдықтардың бірі – 1931-1933-жылдардағы нәубет. Осы бір ұлттық деңгейдегі апаттың әлі күнге дейін саяси бағасын ал­мауы ұлтжанды тұлғаларды неше жылдан бері алаңдатып отыр. Большевиктердің солақай саяса­тынан туындаған науқандар қазақ ұлтының басына адам айтып жеткізе алмас қасірет әкелді. 1918 жылы қаңтарда Алаш зиялылары «Қазақ» газетінде: «…Большевиктер дәурені көпке бармас, бірақ большевиктің ылаңының кесірі тез арыла қоймас. Большевиктер – мемлекет ісінің басынан көшер, бірақ көшкенше талайды болдырып, былғап кетер» деп жазғандай, большевиктер ылаңы талайды бүлдірді де. Нәтижесінде, қызылдардың ұлттың өміріне жат науқандары халық наразылығын туғызды. Ұлтының өмір сүруі үшін жанталасқан тұлғалар, ұрпағының қамын ойлап наразылық танытқан жандар «кеңес өкіметіне қарсы шыққандар» қатарына енді. Сөйтіп, қызылдар ылаңынан дүрліккен елді саяси қуғын-сүргін шаралары шар­пыды. Саяси қуғын-сүргінді күшейту мақсатында жоғарыдан үсті-үстіне келіп жатқан бұйрықтар ұлттың бірлігі мен елдің тұтастығын бұзды. Саяси қуғын-сүргін қазақ ұлтының болашағына қарсы бағытталды (осы тұста анда-санда естіліп қалатын «қазақ бірін-бірі көп ұстатты» деген жаңсақ пікірдің орынсыз айтылатындығын да ескерткіміз келеді). Бөлшектеу саясаты ұлттың рухын әлсіретті. Бір адамға жала жабу арқылы бірнеше адамды айыптау заңды құбылысқа айналды. Ешкім де өзін қауіпсіздікте сезінбеді. Екі жақты мораль, екіжүзділік үйреншікті әдетке, ал «ғайбаттау» өмір сүру құралына айнала бастады. Басқару этикетінің әлсіздігінен бюрократизм, конформизм, басшыға жағымпаздану секілді адами дамуға кереғар құбылыстар бас көтереді. Кеңестік тоталитарлық жүйе адам табиғатының шексіз бөлшектелуге бейімділігін пайдаланып, адамды тегі мен әлеуметтік жағдайына қарап жек көруді заңдылыққа айналдырды. Жеке меншікті шектеу арқылы, халықты жаппай кедейлендіріп, өзінің басты тірегі жаңа билеуші тапты қалыптастыруды мақсат еткен Кеңес өкіметі экономикалық науқандарды белсене жүргізді. Өйткені, больше­виктер таптардың пайда болуының объективті әрі жалғыз негізі жеке меншікті жою арқылы, тапсыз қоғам құруға ұмтылды. Сөйтіп, қоғамның табиғи дамуына тосқауыл жасалды. Жүсіпбек Аймауытов секілді Алаш зиялылары «Кәсібі мал баққан, әлеуметі рубасыға бағынған жұртта тап жігі, байлар, кедейлер табы деген нәрсе анық болмайды», – деп шырылдағанымен, олардың үнін кеңестік билік «естімеді» де. Экономикалық науқандарды жатсынған халықтың көңіл-күйін ОГПУ орындары үнемі бақылап, бол­машы әрекеттерге саяси мән беріп, қуғын-сүргінді жеделдеткен. «До­кладные записки, обзоры и спецсвод­ки окр. отдела ОГПУ»- деп аталатын мәлімдемелер барлық округтер­ден ай сайын жоғарыға жіберіліп отырған. Әрине, саяси қуғын-сүргін зобалаңының зерттелетін тұстары әлі де жеткілікті. Әсіресе, жергілікті жерлердегі зиялылардың қудалануын зерделеу мәселесі сұранып тұр.

Төтесінен айтсақ, көзі қарақты тұлғаларымыз айтып жүргендей, 1931-1933-жылдары қолдан жасалған нәубет құрбандарының алдында азаматтық парызымызды толық орындай алдық па?! Қазақта «Өлі риза болмай, тірі байымайды» де­ген даналық бар… Мәселен, укра­ин халқының 1932-1933-жылғы болған аштықтың ұлтқа жасалған геноцид екендігінің халықаралық дәрежеде мойындалуын сұрағандығы жұртшылыққа жақсы таныс. Украин тарихшылары 1932-33-жылдары елде төрт миллионнан он миллионға дейін украиндар, яғни халықтың 10 пайыздан 25 пайызына дейін аштан қырылғандығын айтуда. Украиндар ұлттық намысты ту етіп, сол жылдардағы өз ұлтының қайғы-қасіретін ұлтты қырып-жою саясатының салдары екендігін әлемге әйгілеп отыр. Тарихшы ғалым Т.Омарбековтың айтуынша: «1937 жылы жасалған санақ бойынша аштықта қайтыс болғандардың саны 2 миллион 300 мыңның айнала­сы. Бұл қазақтардың шығыны, ал сол кезде біздің елде тұрған басқа ұлттардан құрбан болғандар саны 100 мыңның шамасында десек, жал­пы коллективтендіру кезінде қазақ халқының жартысынан көбі шығынға ұшыраған. Қазақ халқының саны ашаршылық қарсаңында 4 миллион 800 мың адам болған».

2008 жылы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкерлері әкелген 2,5 мың беттен асатын 1937 және 1939 жылдардағы Бүкілодақтық халық санақтарының Қазақстанға қатысты мәліметтерінің көшірмесінде: 1926-1932-жылдар арасында Қазақстан халқы бар болғаны 77,1 мың адамға, 1,3% ғана өскендігі (6 151 102 адам), яғни 12 жыл ішінде жыл сайын 0,1%-ға өсіп отырғандығы көрсетіледі. Академик Мәлікайдар Асылбек: «Павлодар – 32,1%-ға, Қостанай – 23,1%, Ақмола – 14,4%, Батыс Қазақстан – 10,2%, Ақтөбе – 7,7%, Семей – 9,8%. Кейбір облыс-тар халқының аздап өскені де бар. Олар: Қарағанды – 11,8%, Оңтүстік Қазақстан – 22,2%, Шығыс Қазақстан – 18,8%, Солтүстік Қазақстан – 12,2% және т.б. Бұл Кеңес өкіметінің ауыл шаруашылығын күштеп ұжымдастыру мен қазақтарды отырықшылыққа орналастырудағы солақай саясатының салдарынан 1931-1933-жылдары болған жаппай ашаршылықтағы демографиялық апаттың қасіретті көрінісі еді. Қазақ АССР халық шаруашылық есеп басқармасы мәліметі бойынша, тек 1930-1933-жылдары республика халқы 3 479,5 мың адамға (5 873 мыңнан 2 493,5 мыңға), яғни 59,2%-ға азайып кеткен. Жоғарыда көрсетілгендей, ашаршылықтың ең көп құрбаны болған Батыс, Солтүстік және Шығыс аймақтардың қазақтары еді. Байларды тап ретінде жою науқаны кезінде, толық емес мәліметтердің көрсетуінше, 6765 адам республикадан тыс жерлерге айдалып, қоныс аударылған. Бұған керісінше республикамызға өзге елдердегі кулактарды қуғындау науқаны барысында 180 мың адамды құрайтын 46091 отбасы көшірілген» – деген деректі алға тартып, ұлт қасіретінің ауқымын көз алдымызға елестетеді. «Сталин ішкі және сыртқы қауіпсіздікті сезініп, ауыр өнеркәсіп пен жедел индустриялан­дыруды дамыту арқылы қорғанысты нығайтуға ұмтылды. Есебі жоқ адам шығыны оны ойландырмады,- деп Т. Н. Кауль жазғандай, шындығында да, социалистік құрылыс адамдардың көз жасымен нығайтылды. Сөзімізді дәлелдеу үшін Сталиннің «Тов. Голощекин! Я думаю, что политика, намеченная в настоящей записке является в основном единственно правильной политикой. И.Сталин» деген мазмұндағы хатын да келтіруді жөн көрдік. Ұлттың басына төнген нәубетке қазақ зиялыларының шырылдап араша түскендігін оқырман жақсы біледі. Бірақ, ұлтты жоюдың қыр-сырын меңгеріп, адамды қор қылудың не­шеме түрлі әдіс-тәсілдерін игеріп алған билік машинасына қарсы тұрғандардың бәрін жайпап өтті. Сот-тергеу орындары қуғын-сүргін жүйесіне бейімделгендіктен, заңсыздықта шек болмады. Сот процестері А.Я.Вышинскийдің ойлап тапқан «дәлелдердің хан­шасы» теориясының нәтижесінде «жемісті» болған еді.

Ұлт ұстазы атанған А.Байтұрсынов: «Қазақ – жоқ iздеген халық», деген еді. Біз – тарихтағы жоғалтқанымызды әлі күнге дейін түртінектеп іздеп жүрген халықпыз. Жоғалтқанымыз көп болғандықтан, уақытылы түгелдей алмай жүрміз. Де­генмен де, 1931-1933-жылдардағы ашаршылық құрбандарының саяси элита ұлттық намыс көзімен қарап, бұл мәселе мемлекеттік деңгейде қолға алынып, өз деңгейінде саяси бағасын алса жоғалтқанымызды аздап болса да түгелдер едік. Біздің кісілік келбетіміз тарихқа тағзым еткен, болашаққа жол сілтеген әлеуметтік ісімізден көрінеді.

Елдік санамен қаруланған адам пендешілік күйкі тірліктің қамытын мойнына арта жүріп, ел болудың қамын күйттеп, ұлт мүддесін бәрінен де жоғары қояды. Сөйтіп, ұлттық рухтың ғұмырлы болуына септесіп, кейінгі ұрпақ алдындағы пары­зын, адамдық борышын атқарады. Әрине, бұл екінің бірінің қолынан келе беретін іс емес, азаматтың жеке басының тектілік деңгейіне қатысты орындалатын дүние. Бұл жерде қан тектілігі емес, азаматтың жеке басының тектілігін айтып отырмыз. Сонымен, ұлттың жанын ұғына білген саясат ғана ел бірлігіне қызмет етпекші.

Тәуелсіздік сан ғасырлардан бері азаттықты аңсаған ата-бабаларымыздың жете алмай кеткен арманы ғана емес, олардың бізге арқалатқан аманаты да. Сондықтан тәуелсіздіктің мәнін ұғынып, оның ғұмырлы болуына аянбай қызмет ету – басты парызымыз. Ахмет Байтұрсынов сөзімен айтсақ: мойындағы борышты білу – білім ісі, борышты төлеу – адамшылық іс.

Құралай СӘРСЕМБИНА,
Л.Гумилев атындағы ЕҰУ доценті 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button