Басты ақпаратДенсаулық

Қызылша неге асқынды?

Елорданың Денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша Астанада қызылша асқынып тұр. Әсіресе балалар арасында қызылшамен ауыратындар көбейіп барады.

Қаладағы №3 көпсалалы қалалық балалар ауруханасында қызылшадан емдеу үшін төсек-орын саны 557-ге дейін ұлғайды. Сондай-ақ жансақтау бөлімшесіндегі орындар да көбейген.

Мамандардың айтуынша, қызылшамен ауырған балалардың 70 пайызы арнайы екпе алмағандар болып отыр. Сондықтан қызылшаның алдын алу және одан қорғану үшін екпе алу маңызды саналады. Екпені қаланың барлық емхасынан тегін алуға болады.

Өткен аптада елордада қызылша ауруының күшеюіне байланысты емдеу мекемелеріне түсетін жүктеме артты. Науқастардың көбі екпе алмаған балалар екен, бір айта кетерлігі, олардың арасында ересектер де бар.

Мәселен, қаладағы №3 көпсалалы қалалық балалар ауруханасы 300 төсек-орынға арналса да, қызылшамен ауырып келетіндердің көбеюіне байланысты мекемедегі төсек саны 557-ге және тағы 20 жансақтау орындарына дейін ұлғайған.

– Көптеген ата-ана әлі күнге дейін қызылшаның қаншалықты қауіпті екенін түсінбейді. Кейбірі жеке сеніміне қарай балаларды вакцинациялаудан бас тартады. Сенімсіз фактілерге сүйенеді. Бірақ бұл ауру басқа аурулардың асқынуына апарады. Науқас балада қызылшадан мидың ісінуі, өкпенің абсцессі сияқты ауыр зардаптар пайда болып, бұл оның саңырау болып қалуына әкелуі мүмкін, – дейді инфекция бөлімінің меңгерушісі Гүлмира Нұртазина.

Аталған аурухананың реанимация бөлімінің меңгерушісі Екатерина Булатованың айтуынша, қазір ауруханада қызылшамен 6 науқас реанимацияда жатыр. Олардың төртеуі ауыр, екеуі өте ауыр жағдайда. Қазір бұл балалардың ата-анасы дабыл қағып, үрейленіп, балалары үшін алаңдауда. Негізінен, 14 жасқа дейінгі балалар ауырады. Сондай-ақ ересектер арасында қызылшаға қарсы ешқашан вакцина алмаған немесе вакцинация күнтізбесіне сәйкес ревакцинацияланбаған адамдар да кездеседі. Дәрігерлер егер бұрын қызылша ауруы, негізінен, бір жастан асқан балаларда көп болса, қазір науқастардың арасында 5-6 айлық балалар да бар екенін айтады.

Осындай жүктемеге байланысты қазір ауруханаларда дәрігердің қабылдауын күту уақыты кейде 1,5-3 сағаттан асып кетіп отыр, себебі науқастардың жедел медициналық жәрдем және өзін-өзі емдеу бойынша өтініштерінің саны 2,5 есеге дейін өсті. Осыған байланысты жалпы қабылдау бөлмесінде дәрігерлерді қабылдаудың 8 бекеті, оның ішінде қызылша бойынша қабылдау бөлмесінде 2 бекет жұмысы ұйымдастырылды. Тәуекел тобындағы балаларға кезектен тыс қызмет көрсетіледі. Сондай-ақ әрбір инфекциялық бөлімшеде қосымша орта медициналық персоналдың тағы бір бекеті жұмыс істеуде.

Елорданың қоғамдық Денсаулық сақ­тау басқармасының мәліметінше, қалада қызылша бойынша төсек-­орындардың жалпы санының жүктемесі 42 пайызды құрайды. Ересектер арасында қызылшамен стационарлық емдеуде 63 науқас жатыр. Бір жастан 7 жасқа дейінгі балалардың 70 пайызы қызылшамен ауруханада емделуде. Бұл – вакцина алмаған балалар, ал екпе салдырғандар ауруды амбулаторлық деңгейде оңай көтереді. Олардың денесінде дене қызуы қатты болмайды, бөртпе көп шықпайды. Вакцина алғанының арқасында ауру 3-5 күн ішінде тез өтіп кетеді. Дәрігерлер қызылшаның алдын алу және қорғау жолы вакцинация екенін еске салады. Қазір елордада қызылшаға қарсы 6 айдан бастап балаларды қосымша жаппай иммундау жұмысы жалғасуда. Екпені қаланың барлық емханасында тегін алуға болады.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button