Имантаразы

Қызының етегі қысқа елдің ертеңі бұлыңғыр

Автобус іші. Сығылыса мінген жолаушылар иін тіреседі. Қапырық ауа адамның тынысын тарылтып, кеңсірігін қусырады. Кенет шығар есіктің тұсында тұрған екі қызға көзім түсті. Қос қыздың бірі шашын қысқа қырықтырып, етегі тізеге жетпейтін қысқа белдемше киген. Біз «малым – жанымның, жаным – арымның садағасы» деген асыл қағиданы ту етіп ұстаған халықтың ұрпағы емес пе едік? Әуел бастан тән сұлулығынан жан сұлулығын жоғары қойып өскен елміз.

Ұлтымыз қыз баланың киім киісіне ғана мән беріп қоймай, атқарған ісіне, сүйкімді қылығына қарап бағалаған. Ал, қазіргі қазақ қыздарының жүріс-тұрысы, киім киісі мүлде басқа. Батыстың сән үлгісі мен мәде­ниетін сіңіріп қалуға тырысып бағуда. Бү­гінгі күнде қыздарымыздың көзге оғаш кө­рінетін киімдерін айтар болсақ, бұрын-соңды болмаған, көз көріп, құлақ естімеген, дене мүшелерінің жарым-жартысын жа­лаңаштап көрсететін киімдерге әуес болуда. Аруларымыздың кіндіктері жарқыраған күйде жүруі – жат мәдениеттің салдары мен зардабы. Өкініштісі сол, кейде киіміне қарап әпке-сіңлілеріміздің ұл не қыз екенін ажырата алмай қалып жатамыз. Олардың бұл кейпін көргенде: 

Көре алмайсың бұрымды, қылықты қыз,
Бір қалыптан шыққандай ұл-қызымыз.
Темекінің ысталып түтініне,
Бара жатыр бұзылып түр-түсіміз,
деген өлең жолдары еріксіз ойға оралады.

Қазіргі таңда қаракөз қыздарымыздың арақ ішіп, шылым шегіп, түнгі клубтардың есігін қағып, кіндіктері жарқырап, одан қалса, денелеріне сурет салдыратынын көргенде, жаның түршігіп, жүрегің ауырады. Осындай жеңіл жүрісті әрекеттердің салдарынан жүкті болып, түсік жасатып, аналық құқықтан айрылып жатқан аруларымыз қаншама?!

Дініміз мұндай қылықтарға қарсы еке­нін біле тұра, қыздар қауымының ашық киініп, жалаңаштануы әдетке айналып бара жатқандай.

Муслим, Ахмад және Мәліктерден (р.а.) риуаят етілген хадисте пайғамбарымыз (с.а.с.): «Тозаққа кіретін екі қауымды мен көр­меймін. Олар: сиырдың құйрығындай ұзын қамшымен адамдарды ұратын қауым; шашын басына түйенің өркеші сияқты дөмпеш етіп, жиып алатын, жұқа, денесіне жабыстырып киім киетін, еркектердің назарын өздеріне аударатын ашық-шашық әйелдер. Олар ешқашан жәннатқа кірмейді. Жәннаттың иісі алыс аралықтан сезілсе де, олар оны сезбейді» деген.

Пайғамбарымыздың (с.а.с.) тағы бір хади­сінде: «Егер бір әйел еркектің назарына ілігу үшін сәнденіп, сыланып-сипанып, серуенге шық­са, ол қаңғыбаспен бірдей және оған қадал­ған көздер де сондай» делінген.

Әрине, бес саусақ бірдей емес. Көпке топы­рақ шашып, бар қазақ қыздарын батыс­тық тәрбиені бойына сіңіруде деп айта алмаймыз.

Мұсылман қауым жанындай жақсы көрген пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.а.с.) қандай еді?! Пайғамбарымыз сөйлесіп тұрған адамның көзіне тік қарап, біреудің сөзін бөлмей, айқайлап сөйлемей, өте сыпайы болған екен. Ал, енді ер тұлға болса да пайғамбарымыздан (с.а.с.) қыз бала болып үлгі алсақ жараспай ма?! Пайғамбарымыз (с.а.с.) үлкенге де, кішіге де үлгі бола алады. Ер мінезді пайғамбарымыз (с.а.с.) жымиып қана күлгенде, қыз баланың дауыстап күлуі – әбестік.

Әсел ӘБІЛБЕК

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button