Білім

ҚЫЗЫҚҚА ТОЛЫ КАНИКУЛ

Әне-міне дегенше тағы бір оқу жылы аяқталып қалды. Енді аз күннен кейін оқушылар қызыққа толы каникулға шығады. Астана қалалық Білім басқармасы балалардың жазғы демалысын жарасымды өткізуге ерекше назар аударып отыр.

Елордалық білім басқармасы жариялаған мәлімет бойынша жеткіншектерге арналған жазғы демалыс орындары қазірден бас­тап, дайындық қамына кіріскен. Балалар үшін барлық қажеттілікті қамтамасыз етуге әзір десе болады.
Айталық, 6 маусым мен 12 тамыз аралығында Ақмола облысы Ақкөл ауданында орналасқан «Арман» спорттық-сауықтыру лагері 5 ауысым бойынша жұмыс істейді. Оған әр ауысымға 330 бала тартылып, жалпы, жазғы уақытта 1650 оқушы қамтылады деп жоспарлануда. Мәселен, бес ауысымның үшеуі тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылардың балғындары мен ата-анасы жоқ балаларға және осындай әлеуметтік топтарға арналып ұйымдастырылмақ. Маусымдық жолдаманың құны 12 күнге 32 мың теңгені құрайды. Оған жол шығындары, бес рет тамақтану, мәдени-бұқаралық және спорттық-сауықтыру шаралары кіреді. Демалыс аумағында бассейн, сауна жұмыс істейді.
Сондай-ақ, Ақмола облысының Ерейментау ауданындағы Алғабас ауылында ірге тепкен «Батыр» палаталық лагерін айтуға болады. Ол жерде 14 маусым мен 14 шілде аралығында үш ауысым бойынша 375 ата-анасы жоқ жеткіншектер мен аз қамтылған отбасынан шыққан балалар тегін демалады. Лагерь жасөспірімдерді туған жердің тарихымен танысып, табиғатты аялауға үндейтін тағылымдық- тәрбиелік шараларға бағыттайды.
Сонымен бірге 1 маусымнан бастап, 8 шілдеге дейін елордалық 85 мектептің жанынан жазғы лагерь ашылып, үш ауысым ішінде 1-4 сыныпта оқитын 45 000 оқушыны қабылдамақ. Онда балалар тек тамақ үшін ғана ақы төлейді. Аталған лагерьдің мақсаты – бастауыш сыныпта оқитын балалардың шығармашылық қабілетін дамытып, салауатты өмір салтын қалыптастырып, каникулды тамаша бір әсерде өткізуді көздейді. «Дидарлы жаз» деп аталатын білім беру ұйымдары жанынан қолға алынған спорттық-ойын алаңдары 1-8 шілде аралығында 5-7 сыныптың 4000-нан аса оқушысын қабылдайды. Олар тегін қызмет көрсетеді. «Айбынды маусым» атты әскери-спорттық алаңдары 8-10 сынып оқушыларына тегін демалыс ұйымдастырмақ. Сондай-ақ, 160 балалар үйінің тәрбиеленушілері мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған жасөспірімдер Ақмола облысында орналасқан «Боровичок» демалыс орнында сауығады.
Астанадағы Бауыржан Момышұлы даңғылы бойындағы Оқушылар сарайы жанынан 1 маусым мен 8 шілде аралығында «Жазғы демалыс академиясы» ұйымдастырылмақ. Оның бір маусымдағы (10 күн) құны 20 мың теңге болады. Академияға қатысу бағдарламасында балалар тамақтану, суда жүзу, мұзда сырғанау, лингвистика сабақтары, шахмат және театр студиясына қатысу секілді түрлі үйірмелерге жазыла алады. Махамбет Өтемісов атындағы Оқушылар сарайы да 1 маусым және 10 шілде аралығында «Шығармашылықтың жазғы мектебі» жобасын қолға алады. Оның да бір маусымдағы (10 күн) құны 20 мың теңгені құрайды. Игі шара мақсаты – жеткіншектердің шығармашылық, танымдық және зияткерлік қабілеттерін дамытып, өнер-білімге деген қызығушылықтарын арттыру.
Тағы да каникул аясында мектептер мен қосымша білім беру ұйымдарында оқу ошағының аумағын абаттандыруға ба­ғыт­талған көгалдандыру бригадалары, жөндеу бригадалары, интел­лектуалдық, шығармашылық және тіл үйірмелері, республикалық және халықаралық пән олимпиадаларына қатысу, шығармашылық байқаулар және спорттық жарыс­тар ұйымдастырылады.
Қысқасы, елордалық оқу­шы­лардың жазғы демалысы ша­ттыққа толы әсерімен, ғажайып сәттерімен, әсем көріністерімен есте қалмақ.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button