Мәдениет

РАХМАДИЕВ БАЙҚАУЫ БАСТАЛДЫ

Астанада Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты, аса көрнекті компазитор Еркеғали Рахмадиев атындағы І халықаралық байқаудың шымылдығы түрілді.

Бұл шараны ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақ ұлттық өнер университеті ұйымдастырып отыр. Байқауға Ресей, Қырғыз және басқа да елдерден үміттерін үкілеп келген 100-ден аса дарынды жастар қатысып, вокалдық өнер және хорды дирижерлеу деген екі аталым бойынша төрт күн бақ сынайды.
Ұлттық өнерде өзгеше із қалдырған Еркеғали ағамыз туралы толғанып та, толғап та жазуға болады. Қазақ музыкасын терең зерттеп, зерделеп кеткен Ахмет Жұбанов пен көрнекті компазитор Мұқан Төлебаевтан кейін саз өнерінде алғаш ауызға ілігетін де – осы кісі. Оның композиторлық қарымы, әрі-беріден соң қайраткерлік қыры туралы да парасатты сөз көп айтылады. Отыз жылға жуық Қа­зақстан композиторлар Одағының төрағасы бола жүріп, талай талантты жастың тұсауын кесті. Алматыдағы Құрманғазы атындағы Мемлекеттік консерваторияға жетекшілік етті. Еліміз Тәуелсіздік алған елең-алаң шақта Мәдениет министрі болды. Халық қалаулысы болып, елдің сөзін сөйледі.
Орыстың Рахманинові секілді Рахмадиев те – ұлттық өнердің өрісін өрістеткен тұлға. Ол отандық симфониялық, опе­ралық, вокалды-аспаптық, камералық шығармалардың жанрлық салаларын байытты. Симфониялық шығармаларда қазақ күйлерінің ішік иірімдерін аша отырып, төгілтіп жеткізді. Мысалы, осы бағытта жаңаша өрілген «Дайрабай күйі» әлемдегі «мен» деген туындылармен иықтасады. Оның «Қамар сұлу», «Алпамыс», «Тың тынысы» операларын, «Амангелді», «Толғау», «Мейрам күйі», «Құдаша думан» атты симфониялық поэмалары мен «Сәлем саған, Аяастан», «Мерекелік кантата» және «Конституция туралы поэма» кантаталарын классикалық музыканың бір биігі десек болады.
Осындай алып тұлға атындағы халық­аралық байқаудың елордадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде өтуі тегін емес. Ағамыз өмірінің соңғы жылдарында осы өнер ордасының дамуына ерен үлес қосып, желкілдеп өсіп келе жатқан талантты жастарға ұлағатты ұстаз бола білді. Игілікті шараның ашылуында аталған университеттің ректоры Айман Мұсақожаева ардақты азаматтың өмірі мен өнеріне айрықша тоқталып, мазмұнды ой өрбітті. Композитордың өмірлік жары болған Клара апай Рахмадиева да өнер тарланы жайындағы әдемі естеліктерімен бөлісті.
Сондықтан, біз байқауға қатысу­шыларға ақ жол тілей отырып, оның қорытындысы жайында газетіміздің алдағы сандарында кеңірек жазатынымызды айтпақпыз.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button