Басты ақпаратМәдениет

Рахмадиев: Сырлы әлемге сапар

Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония мекемеге көрнекті композитордың есімін беру құрметіне арнап «Ел еркесі – Еркеғали» атты салтанатты концерт ұсынды. Концертке композитордың жары Клара Рахмадиева, ұлы Едіге мен қызы Найля, туған-туыстары мен шәкірттері, зиялы қауым өкілдері арнайы келіп қатысты. Оларға Астана қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Санат Шапашов пен аталмыш филармонияның бас директоры Ерлан Дәкенов құрмет көрсетті.   

Биыл КСРО халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері, педагог, қоғам қайраткері
Еркеғали Рахмадиевтің туғанына 90 жыл толды. Аталмыш концерт алдында көрермендер композитордан қалған жәдігерлер көрмесін тамашалады. Онда концерттік киімдері, домбырасы, ноталары, партитулары мен клавирлері, «Астана Опера» театры әртіс­тері «Алпамыс» операсында пайдаланған киімдер қойылды.

Композитордың «Дайрабай» және «Құдаша-думан» симфония­лық күйлері, «Қамар сұлу»,
«Алпамыс» және «Абылай хан» опералары, романстар мен әндері, жалпы көптеген шығармалары  ұлттық композиторлық мектеп үшін ерекше туындыларға айналды. Концерт жүргізушілері атап өткендей, бір кеште оның бүкіл шығармашылығын қамту мүмкін емес, аталмыш кеште Рахмадиевтің терең, тылсым, сырлы әлеміне бастар жол ғана салынды.

Дегенмен, астаналық филармонияның барлығы дерлік бөлімдері мен шығармашылық ұжымдары, шәкірттері соңында қалған мол мұрасын біраз қамтыды.

Кешті Мәдениет саласының үздігі Данияр Мұқан композитордың ақын Мақсұтбек Майшекиннің өлеңіне жазылған «Әнші сыры» әнімен және дирижер, халықаралық байқаулардың лауреаты Ернар Нұртазиннің жетекшілігімен симфониялық оркестр «Құдаша-думан» туындысымен ашып берді. Әрі қарай «Әнші бақыты» таранттеласы, «Қамар сұлу», «Алпамыс» операларынан, «Абай сарыны» поэмасынан үзінділер орындалды. Композитордың Мұқағали Мақатаев, Әбдірахман Асылбек, Нұтфолла Шәкенов сынды ақындардың өлеңдеріне жазылған әндері шырқалды. Атап айтқанда, «Өзіммен өзім», «Бала ғашық», «Жетісудың қыздары-ай», «Таң самалы» сынды туындылары әуеледі. Еркеғали Рахмадиевтің талантты шәкірттерінің бірі Тілес Қажығалиевтің «Дала аңызы» балетінің «Қыз қуу» сюитасы шалқыды. Тағы бір шәкірті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серік Еркімбеков өзінің «Мәңгілік алау» балетінің «Жер дауысы» атты үзіндісін орындады. Еркеғали Рахмадиев Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Еңбек Ері Айман Мұсақожаева арнайы жазған скрипка мен оркестрге арналған концерттің үшінші бөлімі құйқылжыды. Ал кеш композитордың шоқтығы биік «Дайрабай» симфониялық күйімен түйінделді.

Аталған туындыларды қазақ оркестрі музыканттары, симфониялық оркестр, камералық хор, Ғазиза Жұбанова атындағы мемлекеттік ішекті аспаптар квартеті, үрлемелі оркестр, «Қорқыт» этно ансамблі және жеке орындаушылар – Қазақстанның және Татарстанның халық әртісі Нұржамал Үсенбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Азамат Жылтыркөзов, Бибігүл Жанұзақ, Арайлым Рахымқызы, Жұпар Ғабдуллина,  сондай-ақ Жанар Жүсіпова, Асқар Жүсіпов, Бибігүл Тебаева, Ардақ Тәңірберген, Бекзат Қиянбек, Қайрат Жұмағалиев, «Астана Опера» театрының солисі Бейімбет Таңарықов, «Луиджи Керубини» консерваториясының музыка академигі дәрежесінің иегері Саида Қалықова, Ғазиза Жүсіпбекова, Сәулежан Тағзия, Бекұлан Ерболатұлы, Жібек Мүсірғалиева орындады.

Еркеғали Рахмадиевтің атын иеленген Астананың Мемлекеттік академиялық филармониясы келешекте көрнекті тұлғаның атындағы байқаулар, жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін рухани кештер, апталықтар өткізуді және оның туындыларын әр ұжымның репертуарына енгізуді жоспарлады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button