Қоғам

«Рамазан сыйлықтары» таратылды

Игі іске шақыратын, жақсылық жасауға үндейтін, кісіге көмек беруге ұмтылатын тағы бір ізгі ай – қасиетті Ораза айы да аяқталды. Ертеңінен үлкен үміт күтетін көпшілік «Рамазаннан – Рамазанға аман жетейік» деген тілек-ниетте айт мерекесін тойлауда.

​         Ізгілік айында астаналық Әлия Жанәділова мен Дидар Келгенбай қаладағы қарттар үйіндегі қарияларға арнап ауызашар берді. Ауызашар дастарханына арнайы автобуспен алдырған қариялардың құрметіне домбырашылар күмбірлетіп күй шертіп, әншілер әннен шашу шашты. Астан кейін қарттарға «Рамазан сыйлықтары» тарту етілді. Ақ дастарқан басында ақсақалдар игілікті іс жасап, қарттарға құрмет көрсеткен азаматтарға алғысын жеткізіп, батасын берді.

​         «Халқымыз Рамазан айына ерекше дайындалады. «Он екі айдың сұлтаны деп атап, айрықша қастерлеген айда жақсылық жасауға, қайырымдылық істерге атсалысуға ұмтылады. Отыз күн Оразада көмекке зәру адамдарға, жанашырлықпен қарап, көмек қолын созуға шақырады. Біз жыл сайын қасиетті айда шын мұқтаж жандарға азық-түлік таратып, көмек көрсетуді дәстүрге айналдырғанбыз. Биыл қарттар үйіндегі қарияларымызға ауызашар беріп, қамкөңіл жандарға қуаныш сыйлауды жөн көрдік» дейді Әлия Жанәділова.

​         Әлия Хайырсанқызы мен Дидар Ақашұлы әр жыл сайын қасиетті Рамазан айында қолдауға мұқтаж отбасыларға әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке толы «Рамазан сыйлықтарын» тарататын. Биылғы тарту қарияларға арналды. Қарттар үйіндегі қариялар – мемлекет қамқорлығында. Олар ондағы жасалған жағдайға разы. Әйтсе де, қоғамның қолдауы, жанашыр жандардың көңілі мен мейірімін сезіну бөлек күй. «Жасы жетпістің төртеуіне шыққан ақсақал қарттар үйін ширек ғасырдан астам уақыт бойы мекен етіп келе жатқанын айтты. Қамкөңіл жан. Жақындары болса, бір уақыт іздеп келер ме еді. Қарттар үйіндегілердің басым көпшілігі қазақ екенін көріп, көңіл құлазыды» дейді қайырымдылық іс-шарасын ұйымдастырушылар.

Қайырымдылық – ізгіліктің көрінісі. Жалпы, қайырымдылық ұғымының екі қыры бар. Бірі – рухани-экономикалық жағы. Бұл басқаның басына түскен ауыртпалықты көтеріп, көмек қолын созу. Екіншісі – іс-тәжірибелік жағы, яғни іс жүзінде нақты көмек беруге ұмтылу. Осы тұрғыдан алғанда, Әлия Хайырсанқызы мен Дидар Ақашұлының бастамасы ізгілікті істің екі қырын толық қамтиды деп айтуға болады.

Халқымыз ұрпағына қайырымдылықты жастайынан үйретіп, адамгершілік қасиеттерге баулуға ұмтылған. Кісіге, табиғатқа камқорлық жасау – қайырымдылықтың көрінісі.

Бағдагүл Рахметқызы,

журналист

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button