Елорда тынысы

Рәміздер мерейтойына арналды

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстан Мемлекеттік рәміздерінің 30 жылдығына орай «Мемлекеттік рәміздер және ұлттық архитектура» атты халықаралық ғылыми конференция өтті. Іс-шара Мемлекеттік Елтаңба авторы, аталмыш университет профессоры Жандарбек Мәлібекұлының 80 жылдық мерейтойына орайластырылды.

[smartslider3 slider=2619]

Пленарлық отырысты Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры, академик Дихан Қамзабекұлы ашты. Академик конференция жастардың бойында патриотизмді дамытып, еліміздің мемлекеттік рәміздеріне терең құрметпен қарауды және оның мәні мен маңызын атап өтті.

– Мемлекеттік Елтаңба елдің тарихын, халықтың бірлігі мен ұлттық құндылықтарын бейнелейді. Конференцияның негізгі мақсаты – болашақ ұрпаққа тарих пен мемлекеттің басты атрибуттарына деген құрмет сезімін ояту. Іс-шараға қатысушылар Елтаңба авторларының бірі, университет профессоры Жандарбек Мәлібекұлымен сұхбаттасып, пікір алмасудың бірегей мүмкіндігіне ие. Бүгін оның «Oitek» ғылыми шеберханасы таныстырылды. Ұсынылған сәулет жобаларында ұлттық элементтер бар екенін атап өткім келеді. Жандарбек Мәлібекұлы «Oitek» архитектуралық жобасының арқасында қалалар мен өңірлік орталықтардың сәулеті ұлттық нақышқа ие болады деп үміттенемін, – деп атап өтті академик.

Парламент Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы өзінің құттықтау сөзінде Жандарбек Мәлібекұлын мерейлі жасымен құттықтап, оның ел дамуына қосқан баға жетпес үлесін атап өтті.

– Сіздің атыңыз Қазақстан тарихына алтын әріппен жазылған. Біз Қазақстанның Елтаңбасы әлемдегі ең әдемі елтаңбалардың бірі деп мақтанышпен айтамыз, – деді депутат.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтау хатын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Жанарбек Әшімжан жеткізді.

«Аманат» партиясының атқарушы хатшысы Асхат Оралов өз сөзінде Жандарбек Мәлібекұлы көрнекті ғалым, өзінің фирмалық стилімен танымал қазақстандық сәулетші екенін атап өтті.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Берік Жакенов Мемлекеттік рәміздердің ел өмірінде алатын орнына тоқталып, Жандарбек Мәлібекұлын мерейтойымен құттықтады.

Іс-шара аясында Жандарбек Мәлібекұлының және студенттердің шығармашылық жұмыстарының көрмесі ашылды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button