Басты ақпаратЕл тынысы

Рәміздер тарихына үңілсек…

Халқымыздың рәміздер тарихы мән-мағынасы жағынан алғанда, тереңде жатыр деп айта аламыз. Сақ, үйсін, қаңлы, ғұн тайпалары өткен замандардағы алтыннан құйылған түрлі символ-тотемдер, тасқа қашалған бейнелерді өздерін танытқан, елдің белгілі бір құрылым белгісі деп қабылдауға болады. Олардың бер жағындағы әр жүздің тамғалары да геральдика саласының бір нышаны деп қарастырылады.

Геральдиканың әлемдік тұжырымдамасы тұрғысынан алғанда, еуропалық мәнермен жасалған қазіргі түсінігіміздегі рәміздердің де қазақ еліне қатысты екі ғасырлықтай тарихы бар. Еуропалық мәнермен алғаш рет патша заманында жеті бірдей өңірдің гербісі жасалған екен. Отар елдің боданына түскен Каспий өңірі, Семей, Жетісу, Сырдария, Орал, Торғай, Түркістан облыстарының гербтері қазіргі күнде тарихшылардың зерттеу  нысандары болып қалды.

Патша өкіметін қиратып, орнына келген большевиктер тұсында қазақ жерінде өзін-өзі басқару, жеке мемлекет ретінде қалыптасу үрдісі жүргені белгілі. Осы тұста геральдиканың классикалық үлгісімен Алаш және Түркістан автономиясының жалауы пайда болады. Қызыл тудың ішінде бейнеленген жарты Ай мен Жұлдыз, ал Түркістан автономиясының туын қызыл матаның жартысын жауып тұрған көк түсте қазақ даласында ұзақ желбіреген жоқ. Артынша 1920-1925 жылдар аралығында бұрынғы автономиялардың орнына алдымен, Қырғыз АССР, содан кейін 1925-1936 ж.ж Қазақ АССР құрылып, кеңестік мәнерге икемделген қалыппен мемлекеттік  құрылымның рәміздері пайда болды. Бұл рәміздерді жасау үшін сол кезде арнайы конкурс жарияланып, суретші Александр Сергеевич Иванов дегеннің жобасы қабылданған екен.

Егер 1927 жылы жасалған гербтің суретіне қарап отырсақ, бұл нұсқада жоғары жағында қазақ тілінде, ортасында орысша КАССР, төменгі жағында  осы сөзді қарақалпақ тілінде араб әрпімен жазған екен. Оның себебі 1924-1930 жылдары Қарақалпақ автономиялық республикасы Қазақ ССР-інің құрамында болған  еді.

1937 жылдары Қазақстан басқа да КСРО құрамындағы 15 одақтас елдің гербінен аса қатты ерекшелік жоқ, бір стандартпен жасалды. Бұл гербтер екі  түрлі кезеңге қатысты өзгеріске түскен. Бірінші кезең 1939 жылы латын тіліне көшуіне байла­нысты, екінші кезең 1939-1978 жылы рес­публика аты  және «Барлық елдердің пролетарлары бірігіңдер» деген ұран екі тілде жазылды. Аңғарған адам орақ пен балғаның орналасуынан да өзгерісті байқайды. Алғашқы екеуінде балғаның сабы орақтың астында тұрса, соңғысында үстінен түскен. Бірқатар өзгерістер жалаудың жазуында да бар.  Көбіміздің есімізде 1953-1991 жылдардағы жалау қалды. Негізі 1936-1940  жылдардағы және 1940-1953 жылдар арасында үш түрлі ту болғаны тарихтан белгілі.

Кез келген елтаңба мемлекеттің өткені мен бүгінінен, болашағынан  хабардар ететін, өзін анықтайтын белгісі болып табылады. Мемлекеттік рәміздер тарихи процестің жеке әлеуметтік-мәдени құрамдас бөлігі болып табылады. Мемлекеттік Елтаңба міндетті түрде мемлекеттің ерекшеліктерін толық көрсетуі тиіс.

Егемен еліміздің «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заң 2007 жылы 4 маусымда қабылданды. Онда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы мен елтаңбасының сипаттары көрсетілді. Ел байрағының ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік туының авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы – дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде – бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ  «Қазақстан» деген жазу алтын түстес. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік елтаңбасының авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button