Басты ақпаратЖаңалықтар

РӘМІЗДЕР – ТӘУЕЛСІЗДІҢ НЕГІЗІ

Мемлекеттік рәміздер Астанада қаншалықты насихатталып жатыр?
Бұл жөнінде елордалық Ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Каналимов әңгімелейді.

флаг

– Ерлан Ермекұлы, Конс­титуцияның 9-бабында мем­лекеттік рәміздер туралы түсінік берілген. Сонымен қатар, Ата заңның 34-бабында әрбір қазақстандық азамат осы нышандарды құрметтеуі міндетті екендігі айтылады.
Дегенмен, бұл құндылық­тарымыз жайлы тағы бір мәрте тоқталып өту артық етпес…
– Мемлекеттік рәміздердің мән-мағынасы тым тереңде. Ол әрі Мемлекет басшысы атап өткендей, егемендігіміздің берік негізі, Тәуелсіздіктің қасиетті біріктіруші образы. Сондықтан Ту, Елтаңба және Әнұранның негізгі идеяларын толығырақ баяндап берген артық болмас.
1992 жылдың 4 маусымы тарих парақтарында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының туған күні болып мәңгі қалады. Елтаңбаның пішіні шеңбер тәріздес. Шеңбер геральдика элементі ретінде көп жерде қолданылғанмен, шығыс көшпенділері арасында ерекше сипатқа ие. Ол – өміршеңдіктің символы. Елтаңбаның қақ ортасында шаңырақ бейнеленген. Шаңырақ – отбасылық тыныш­тықтың, бейбітшіліктің белгісі.
Мемлекеттік Тудың авторы – Шәкен Ниязбеков. Мемлекеттік Ту қызу пікірталас нәтижесінде өмірге келген. Байрақты әзір­леуге арналған байқауға 600-ден аса жоба қатысты. Іріктеуден өткен 4 жұмыс Қазақстан Рес­пуб­ликасының сол кездегі Жоғарғы Кеңесіне талқылауға ұсынылды.
Шәмші Қалдаяқов пен Жұ­мекен Нәжімеденов жазған «Менің Қазақстаным» әнін Мемлекеттік Әнұран мәрте­бе­сіне сай ету үшін оған біршама өзгерістер енгізілді. Мәтінді түзеткен Елбасы Нұрсұлтан
Назарбаев та Әнұранның бір­лескен авторы саналады.

11

– Бүгінде елордада осы мемлекеттік рәміздерді насихаттау мақсатында қандай іс-шаралар атқарылуда?
– Біз сізбен Мемлекеттік рә­міздер күні қарсаңында жүздесіп отырмыз, бірақ бұл мерекеге қатысты жұмыстар ертерек бас­талған. Ағымдағы жылдың 20 мамырында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздерінің күнін тойлауға арналған іс-шаралардың қалалық жоспары бекітілді. Жоспар 34 іс-шарадан тұрады. Олардың құрамында семинарлар, дөңгелек үстел басындағы отырыстар, дәрістер, көрмелер, салтанатты жиындар бар. Арасындағы ең ауқымды нәрсенің бірі – танымал қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, «Нұр Отан» партия­сы мен «Жас Отан» Жастар қанатының өкілдері қатысатын патриоттық акция. Мұнымен бірге, мейрам шеңберінде «Пат­риотизм керуені» атты автошеру ұйымдастырылады. Шеру «Атамекен» этномемориалды кешенінен басталып, Астаналық саябаққа дейін жалғасады. Ал сағат 12.30-да «Менің Қа­зақ­станым! Менің Астанам!» атты концерттік бағдарламаның шымылдығы түріледі. Концертке Маржан Арапбаева, Құрмаш Маханов, Қайрат Баекенов, «Номад», «Қазақ қыздары» және «Формат» топтары мен өзге де белгілі шығармашылық ұжымдар келеді.
– Алдыңғы жылдары елі­міздің кейбір өңірлерінде мемлекеттік рәміздерді орынсыз пайдалану фактілері кездескен еді. Бірді-екілі кісілер вандализмге дейін барып, жұртшылықтың ашу-ызасын туғызған. Мұндай оқиға Астанада болды ма?
– Ішкі саясат басқармасы мемлекеттік рәміздер туралы заңнамалардың дұрыс сақталуын қадағалап, ұдайы мониторинг жүргізеді. Сіз айтқан мәселелер әрқашан біздің назарымызда әрі Астана қаласының 2015-2016 жылдарға арналған мем­лекеттік рәміздер мен нышандарды қолдану жүйесін модернизациялау жоспары аясында пысықталып отырады. Өкінішке қарай, тексерулер қорытындысында мемлекеттік рәміздер туралы заңнамаларды ескермеу деректері де жолығады. Атап айтсақ, мемлекеттік мекемелер ғимаратында мемлекеттік рәміздердің болмауы, Елтаңба көлемінің ұлттық стандартқа сай келмеуі, Елтаңба мен Тудың кірлеуі, жыртылған Туды пайдалану секілді жайттар анықталды. Бұдан бөлек, кей мекемелер ғимаратында Ту қаралы күндегідей төмен түсіріліп тұр. Аталған құқық бұзушылықтар коммерциялық ұйымдарға да тән. Әлбетте, біз мұндай заңсыздықтарды жоюға мейлінше күш саламыз. Әйткенмен, осы істермен айналысатын Ішкі істер департаменті қызметкерлерінің мемлекеттік рәміздер туралы заңдарды жетік білмеуі қынжылтады.
– Нақты мысалдар келтіре аласыз ба?
– Әрине. Есіл ауданындағы Ішкі істер бөлімінің учаскелік полицейі «Marriott» қонақ үйінде мемлекеттік рәміздерге қатысты заң бұзушылықты көре тұра басқармаға бірнеше рет хабарласып, «Мұндай жағдайда не істеуім керек? Айыппұл салайын ба?» деп сұраған. Негізі, Ішкі саясат басқармасы сонау 2014 жылдың өзінде Ішкі істер департаментімен байланысып, полиция қызметкерлеріне мемлекеттік рәміздер туралы заңды түсіндіру жұмыстарын жүргізгісі келген. Дегенмен, біздің ұсынысымызды департамент басшылығы құп­тамады. Міне, арты осындай олқылықтарға тірелді…
– Мемлекеттік рәміздер туралы заңнаманы білмеу – құқық бұзушылықтарды анықтаудағы жалғыз проблема ма? Әлде тағы басқа себептер бар ма?
– Осы тұста заңнаманың өзіндегі кейбір құқықтық қайшылықтар жөнінде де айта кетсем деймін. Бірнеше уақыт бұрын «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы. Техникалық шарттар» ҚР СТ 989-2014 ұлттық стандарты қабылданды. Оның орнында 989-2008 ҚР СТ стандарты болған-ды. Ескі стандарт Елтаңбаның трибуналар мен ресми отырыс залдарында және мемлекеттік мекемелер маңдайшасындағы жазуда қолданылуын регламенттейтін. Алайда жаңа стандартта бұл нормалар жоқтығынан заңдық сәйкессіздіктер туады. Ескі стандарт 2017 жылдың 1 шілдесіне дейін жарамды, бірақ жаңа стандарт 2016 жылдың 1 қаңтарында күшіне енген. Яғни, Елтаңбаны трибуналар мен маңдайшаларға орналастыру қаншалықты заңды екені беймәлім.
– Стандарт өзгертіл­ген­дік­тен, бұл туралы мекемелер мен кәсіпорын басшыларын құлақтандыру керек қой, демек. Мұндай жұмыс жоспарланды ма?
– Мемлекеттік символдарды қолданатын елордалық ұйым­дарға жоғарыдағы ерекшеліктер жайлы ақпарат жібердік. Жаңа стандартты түсіндіру бойынша семинарлар қалада 2014 жылы-ақ ұйымдастырылған болатын. Оған Мемлекеттік Елтаңбаның авторы Жандарбек Мәлібеков және орталық орган өкілдері қатысқан-ды.
Әрбір қазақстандық азамат,
Отанын сүйер патриот мем­лекеттік рәміздерге айрық­ша ықыласпен қарауы тиіс. Тәуел­сіздігімізді қандай қиын жолмен алғанымыз ешкімнің есінен шықпауы қажет.
«Астана ақшамы» газетінің оқырмандарын және Астана халқы мен қонақтарын Мемлекеттік рәміздер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Ортақ үйіміз Қазақстан гүлденіп, көркейе берсін!

Қымбат НҰРҒАЛИ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button