Жаңалықтар

Рәміздердің жай-күйі тексерілді

Осы мамыр айында елордада Мемлекеттік рәміздердің тігілу және орналастыру тәртібі, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпкерлік нысандар маңдайшасындағы Мемлекеттік Ту мен Елтаңбаның жай-күйі тексерілді. Кеше Астана қаласы әкімдігі жанындағы Мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия отырысында аталмыш тексерістің қорытындылары жария етілді. Отырысты комиссия төрағасы, Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев ашып, жүргізіп отырды.

KBB_0664

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша қалалық Ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Қаналимов баяндама жасады. Ол тексерістің нәтижесінде Мемлекеттік рәміздерге қатысты анықталған кемшіліктерді және бұл олқылықтарға жол берген бірқатар мекемелер мен кәсіпкерлік нысандарды тізіп шықты. Рәміздерге салғырт қарағандардың қатарында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы, Астана қаласы Мемлекеттік кірістер департаменті, қалалық Қазынашылық департаменті, Астана қаласы Әділет департаменті мен Алматы ауданының Әділет басқармасы, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротех­никалық университеті, Астана қаласы Тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті, Жылжымайтын мүлік орталығының Астана қалалық филиалы, «Рамада Плаза Астана», «Ақ бұлақ», «Рэдиссон Астана», «Аққу», «Парк инн», «Марриот» қонақ үйлері аталды.
Соның ішінде Мемлекеттік Ту түсі­нің оңуы мен жыртылуы және тұғырына оралып қалуы немесе қаралы күндер­дегідей төмен түсірілуі, тігілу және орналастыру тәртібіне сәйкес келмеуі сынды кемшіліктер анықталды. Астана қаласы Инвестициялар және даму басқармасы мен Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі маңдайшасына Мемлекеттік рәміздерді мүлде ілмепті.
– «Мемлекеттік рәміздер туралы» ҚР Заңын бұзу фактілері анықталған жағдайда жергілікті билік органдары әрекетінің алгоритмін жасадық. Бұл алгоритмді талқылап, мақұлдауды сұраймын. Сондай-ақ, қалалық Ішкі саясат басқармасы аталған заңға енген өзгерістерді есепке алып, қала прокуратурасы, қалалық ІІД және Техникалық реттеу және метрология комитетінің қалалық департаментімен бірлесіп, рәміздерге қатысты заңдылықтың сақталуын тексеру кестесін әзірледі. Бұл кесте мақұлданған соң, жұмысқа кірісуге әзірміз, – деді Е. Қаналимов.
Алда Мемлекеттік рәміздер күні мерекесі келе жатыр. Мемлекеттік Ту мен Елтаңбаның ел өміріндегі, әсіресе, биыл Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығы тойланатын кезеңде атқаратын үлкен рөліне тоқталған Ермек Аманшаев елордадағы барлық мекемелер мен кәсіпкерлік нысандарды тексеріп шығу керектігіне назар аударды.
– Астана қаласы Ішкі саясат бас­қармасы мен қалалық Ішкі істер департаменті, аудандық әкімдіктер, Техникалық реттеу және метрология комитетінің қалалық департаментімен бірлесіп, анықталған кемшіліктерді жою бойынша жұмыстарды қолға алсын. Атқарылған шаралар туралы 1 маусымға дейін хабарлансын, – деген Астана әкімінің орынбасары тиісті органдарға өзге де маңызды тапсырмаларды берді.
Отырыс соңында Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Тілеуғали Қышқашбаев пен қалалық Денсаулық сақтау басқар­масының басшысы Ерік Байжүнісов өз ұсыныстарын енгізді.
Комиссияның келесі отырысы маусым айының соңына белгіленді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button