Елорда тынысы

Референдум – биліктің бастауы халық екенін дәлелдейді

Қазақстан жаңару мен жаңғырудың қақпасында тұр. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі отыз жылда Қазақстанның мемлекеттік саясаты ел іргесін бекіту, мемлекеттіліктің ұстанымдарын нығайту, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталғаны белгілі. Алайда халық үмітінің ақталмаған сәттері де кездесті. Содан да болар, халық ел саясатының түбегейлі өзгеруін күтіп жүр. Әділ, демократиялық жаңа Қазақстан – халықтың да, уақыттың да талабы.

[smartslider3 slider=3047]

Әлбетте демократияландыру үрдісі бір күнде жүзеге асатын дүние емес. Қоғамның демократиялануы – белгілі бір уақытты және нақты шешімдер мен реформаларды қажет ететін құбылыс. Әрі демократиялық өзгерістерге билікпен қатар қоғамның да даярлығы қажет. Содан да болар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы Президент болып сайланған сәттен бастап-ақ қоғамды демократияландыру жолындағы реформаларды бастады. Бірінші кезекте халық үніне құлақ түрудің маңыздылығын ескерген Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрды. Содан соң бейбіт шерулер өткізу, партия құру мен тіркеу тәртібін өзгерту бастамасын көтерді. Ауыл әкімдерін тікелей сайлау, Мәжіліс пен мәслихаттарға жастар мен әйелдердің арнайы квота арқылы өтуін қамтамасыз ету тәрізді өзгеріс­тер де Президенттің саяси реформалар пакетіне кірген іс-шаралардың қатарында болды. Сонымен қатар, өлім жазасын қолданудан мүлдем бас тарту идеясын да алға тартты. Әрі Президенттің бастамалары бірте-бірте жүзеге асырылып келеді. Осы реформалар барысында Президентіміз өз билігін күшейтуге негізделген бірде- бір қадам жасамағаны белгілі. Керісінше, Мемлекет басшысы байыппен елімізді демократияландыру және халықтық билікті нығайту жолымен жүріп келеді.

Алайда қоғамның түбегейлі жаңғыруы, ел саясатындағы тектоникалық өзгерістер Конституцияны жаңғыртусыз жүзеге аспайтыны белгілі. Сондықтан 5 маусым күні Қазақстан Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде жалпыхалықтық референдум белгіленіп отыр. Негізі күні бүгінге дейін Конституцияға бірнеше мәрте өзгерістер енгізілгені анық. Бірақ олардың басым көпшілігі Парламенттегі талқылаулардан соң қабылданған заңдар аясында енгізілген болатын. Алайда халық 1995 жылы жаңа Конституцияны қабылдау­ға арналған референдумнан кейін Ата Заң баптарының өзгертілуі мен толықтырылуына тікелей қатысқан жоқ. Біздің пайымдауымызша, халықтың мұндай іс-шараларға тікелей қатыспауы билік пен қоғамның арасының алшақтауына алып келген сыңайлы. Сол себепті арада 27 жыл өткен соң Конституцияның 3-бабында жазылған «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» дейтін қағидаға назар аудару қажеттілігі туындап отыр. Президент осы жағдайды ескере келе Қазақстан халқы ассамблеясының сессиясында Ата Заңға енгізілетін өзгерістерді референдумға шығару ұсынысын айтқан болатын. Бұл ұсынысты қоғам өкілдері жылы қабылдады әрі бірден қолдады.

Жалпы алдағы референдум нәтижесінде жүзеге асатын конституциялық реформаның аясында Ата Заңның әрбір үшінші бабы өзгереді деп жоспарлануда. Конституцияның үштен бірін қамтитын бұл өзгерістер Қазақстанның саяси өмірін түбегейлі өзгертуі тиіс. Атап айт­қанда, Президент өкілеттіліктері шектеледі, Конституциялық сот құрылады, Адам құқы жөніндегі омбудсменге конституциялық мәртебе беріледі, өлім жазасы түбегейлі жойылады, жердің асты мен үстіндегі қазына халықтың меншігі екені құқықтық тұрғыда бекітіледі, Парламенттің рөлі, Үкіметтің жауапкершілігі күшейеді. Сайлау жүйесі өзгеріп, пропорционалды-мажоритарлы жүйе енгізіледі, азаматтардың мемлекеттік шешімдерді қабылдауға қатысу мүмкіндігі артады. Біздің пайымдауымызша, Ата Заңның үштен бірінің өзгеруі бірінші кезекте саяси өмірдегі бәсекелес­тікті қыздырып, әділеттілік пен заң үстемдігін қамтамасыз етсе, одан соң ел дамуына ықпал етуі тиіс. Өйткені бұқара мемлекеттік және жергілікті деңгейдегі шешімдердің қабылдануына өз өкілдері арқылы ықпал ету тетігіне ие болмақ. Ал «халық айтса, қалып айтпайды» деген бар. Сондықтан маусымдағы референдумға қатысып, дауыс беру – Екінші республика үшін дауыс беру деген сөз. Ауқымды шараны өткізу – ел сенімін нығайтады. Кез келген өзгеріс қоғамды демократияландыруға, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге өз ықпалын тигізуі қажет. Әрбір кәмелет жасқа толған қазақстандық референдумға белсенді қатысып, маңызын түсінуі тиіс.

Ерлан КАНАЛИМОВ, қалалық мәслихат

хатшысы,AMANAT партиясының мүшесі

Тапсырыс беруші: AMANAT партиясы қоғамдық бірлестігі» Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалы, Мурзахметова Г.Б.: Нұр-Сұлтан қ-сы, Тәуелсіздік даңғылы, 3-үй.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button