Басты ақпарат

Референдум – халық таңдауы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің биыл наурыз айындағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Алдымызда Парламенттің рөлін күшейту міндеті тұр. Бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруға жол ашады. Біз болашақта қандай ел болатынымызды нақты білеміз. «Жаңа Қазақстанды» азаматтық қоғамы қалыптасқан тиімді мемлекетке айналдырамыз. Осыған орай, күшті ­Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет қағидатын басшылыққа аламыз» деген болатын. Бұл ретте Мемлекет басшысы Конституцияға енетін өзгерістерге байланысты референдум өткізуді ұсынды. Біз осы негізде бірнеше адамның пікірін білгенді жөн көрдік.

[smartslider3 slider=2979]

Марат СӘРСЕМБАЕВ, заң ғылымдарының докторы, профессор:

– Бұл бірден-бір дұрыс шешім болды. Елдегі ең маңызды мәселені халықтың талқысына салу – нағыз демократияның айқын көрінісі. Мемлекет басшысы қалыптасқан суперпрезиденттік жағдайға байланысты өз пікірін айтты. Өзінің өкілеттігін азайтып, есесіне Парламент құзыретін күшейтуді жақтап отыр. Осының бәрін жалпыхалықтық референдум арқылы бекітуді жұртшылық толық қолдайды. Жақында «Amanat» партиясынан да шықты. Бұл шешім көпшіліктің көңілінен шықты. Мемлекет тізгінін ұстаған адамның бір партияға мүше болуы теңсіздікті жояды. Осы жерден әділетке деген сенім кетеді. Бұл енді біз бастан кешірген шындық. Екінші, Президенттің жақын-туыс­тары лауазымдық қызметте болмасын деу де көпшілік қолдап отырған мәселе. Мұның да дұрыс болмағанын біз өткен өмір жолынан анық көрдік.

Расы керек, кейінгі кезде өткен өмірімізде көп нәрсенің дұрыс болмағанын анық байқап жүрміз. Содан келіп, міне, Конституцияға толықтыру мен түзету енгізуге мәжбүр болып отырмыз. Ал шындығына барсақ, бұл – біздің басты құжатымыз. Оған түзету енгізу үшін төрелігін тек халық қана айту керек, сонда әділетке жол ашылады. Өткен биліктің кезеңінде осы Ата Заңға қаншама өзгеріс енгізілгенін бұқара жақсы біледі. Дамыған елдерде бас құжатқа толықтыру өте сирек енгізіледі. Соның өзінде олар әр сөзін халықпен ақылдасады. Міне, бізде де енді солай болайын деп тұр.

Мен енді Президент ұсынған мажоритарлық сайлау жүйесіне көбірек назар аударамын. Бұрын талап қойған, депутаттың жұмысына наразылық білдірген адамға халық қалаулыларының аузынан «мені сен сайлаған жоқсың» деген сыңайдағы сөздерді естіп қалып жататын болсақ, енді ондай сөздер айтылмайтын болады деп ойлаймын. Өйткені депутат берген уәдесін орындамаса, сайлаушылар одан нақты сұрауға құқығы бар. Бұл – жауапкершілікті арттыратын бірден-бір нақты қадам. Сосын Парламент бұрынғыдан белсенді болады. Депутаттар ештеңеден тайсақтамай, көкейіндегі түйткілді мәселелерді ашық айта алады. Міне, жаңа жүйе­нің басты артықшылығы осында жатыр.

Саяси реформалар бойынша Ата Заңға түзетулер енгізу үшін бүкілхалықтық референдум өткізу шешімі көпшілік көңілінен шығып, халықтың жаппай қолдауына ие болуда. Расында, үлкен өзгерістерге түрткі болар тарихи шешімге еліміздің әр азаматын ортақтас­тыру – билік пен қоғамның ортақ мүддеге жұмыла жұмыс іс­теуінің көрінісі

Есберген АЛАУХАНОВ, заң ғылымдарының докторы, профессор:

– Қазақ елінің тарихына сәл көз жіберсек, жіберген қателіктер айқын көріне бастайды. 1993 жылға қабылданған Конституцияға бүкіл ел риза болатын. Өйт­кені оны жазуға мүйізі қарағайдай Сұлтан Сартаев, Салық ­Зиманов сияқты аса тәжірибелі, білімді заңгерлер атсалысты. Өзіміз құлағымызбен естідік. 1995 жылы Конституция қателіктерін Салық Зиманов Нұрсұлтан Назарбаевтың өзіне талай айтты. Оны өзінің мойындамайтынын жеткізді. «Бұл – халықтың Ата Заңы емес, Президенттің Конституция­сы» деп алқалы топта айт­қанына талай куә болдық. Алайда оны кім тыңдады? 1995 жылы жалпыхалықтық референдум арқылы бекітті де жіберді. Содан бері елімізде референдум өтпепті. Бұл енді демократияның кемшіндігін анық байқатады.

Бір қуаныштысы, заман өзгерді. Бүгінгі Мемлекет басшысы «Жаңа Қазақстанға» жаңа дем беріп, демократия­лық жариялылыққа жол ашып отыр. Қазір осы Конституцияға 36 өзгеріс пен түзету енгізу үшін жұмыс тобы құрылды. Президент өзінің өкілеттігін азайтып, есесіне көп жұмысты Парламент арқылы атқаруды ұсынуда. Бұл – әлемдік тәжірибеден алынған үрдіс. Оның бізге берері мол болуы керек.

Саяси реформалар бо­йынша Ата Заңға түзетулер енгізу үшін бүкілхалықтық референдум өткізу шешімі көпшілік көңілінен шығып, халықтың жаппай қолдауына ие болуда. Расында, үлкен өзгерістерге түрткі болар тарихи шешімге еліміздің әр азаматын ортақтастыру билік пен қоғамның ортақ мүддеге жұмыла жұмыс іс­теуінің көрінісі деп ойлаймын.

Конституцияға ұсынылып отырған өзгерістердің әр бабы жіті талқыланып, іріктеліп барып халық назарына ұсынылуы тиіс. Оны қоғам түсініп, қолдап отырғаны белгілі.

Ел ішінде жүрген партия­лық тізімге ілінбеген білімді, беделді қайраткер азаматтар өте көп. Президентіміз осындай адамдардың өзінің конституциялық құқығын пайдаланып, сайлауға түсіп, халыққа сайлауалды бағдарламасы мен тұғырманасын жариялап, бұқараның көңілінен шығатын болса, мұндай азаматтар мажоритарлық жүйе арқылы ел аманатын арқалап, қоғамға, халқына пайда келтірері сөзсіз.

Берік БЕКЖАНОВ, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Елімізде жүргізіліп жатқан реформаның негізгі мақсаты биліктің үш тармағын нақтылауға келіп тіреледі. Бізде өзі атқарушы билік, заң шығарушы билік және сот билігі деп бөлінеді ғой. Кешегі Мемлекет басшысының күшті Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет дегені осыған саяды. Алдағы уақытта бұлар өз өкілеттілігі шегінде жұмыс істейтін болады.

Бұрынғы орталықтандырылған жүйе өзінің дәрменсіздігін танытқан соң енді осындай құптарлық қадамға жол ашылып отыр. Бұл қоғамның өсуіне де, өркендеуіне де оң әсерін тигізеді. Қазір Ата Заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар Конституциялық кеңесте қаралып жатыр. Президент оны жалпыхалықтық референдум арқылы қабылдауды ұсынып отыр. Бұл – бірден-бір дұрыс ұсыныс. Ата Заң – халықтыкі. Сол өзгерістерді енді халық талқысына салып, қолдауын алуы өте әділетті қадам деп ойлаймын.

Тағы бір айта кетерлігі, Парламенттің 70 пайызы пропорционалдық, 30 пайызы мажоритарлық тәсілмен жасақталатындығында. Мұнда да елдің экономикалық, әлеуметтік, саяси жағдайын өркендетуге бағытталған үлкен ұмтылыс жатыр. Бір адамның пікірі бір бөлек те, үш адамның пікірі ортаға салынса, ол талқыланады. Императивтік мандат деген де осыдан келіп шығады. Сонда сайлаушылардың жауапкершілігі артады. Енді әр депутат өз сайлаушылары алдында айтқан уәдесін толық орындауға міндеттеледі. Олай болмаған жағдайда кері шақырып алу құқығы бар.

Депутаттың мақсаты – ­мажоритарлық немесе пропорционалдық жүйемен болсын, қандай жүйемен сайланса да, халыққа қызмет ету. Мәселен, «Amanat» партиясын алайық, Жол картасы бар. Әр депутаттың Жол картасы бойынша жауапкершілігі бар. Осыған сәйкес әр министрлікпен, әр өңірмен жұмыс жүргізеді. Айталық, мен депутат ретінде Қазақстан Республикасының Жоғарғы сотындағы цифрландыру бағытындағы жұмыстарды үйлестірушімін. Бұл да халық жағдайын жақсартады.

Тағы бір айта кетерлігі, «мажоритарлық жүйе арқылы сайлауға түскенде елдегі қаржысы мол олигархтар көбірек өтіп кетпей ме?» деген қауіп айтылады. Олай болмайды, сайлауға түсетін азамат қаржысының шектеуі болады. Ол заңмен бекітіледі. Қайырымдылық сомасының мөлшері де белгілі болады. Көрініп тұрады.

Бекділдә ҚОЖАХМЕТ, «Астана-Энергия» АҚ жетекші инженер-­конструкторы:

– Біз бүгін жаңару, жетілу жолындамыз. Кешегінің қателіктерін қайталамай, одан сабақ алу үшін Президент Ата Заңға енгізілетін өзгерістерді халық талқысына салмақ. Референдум шын мәнінде аса маңызды демократиялық институт екенін жұртшылық жақсы біледі. Әйтпесе бас құжатымыздың тұзын жеңілдетіп жібердік. Артымызда халық барын ескермедік.

Біздің елде 30 жылдың ішінде референдум бір-ақ рет, осыдан 27 жыл бұрын Конституция қабылдағанда өткізілген.

Осы уақытқа дейін Конституцияны талай рет өзгертті. Бірақ соның бәрін халық таңдауына салмай, Парламент арқылы қабылдатып жіберді. Ал бұл жолы Ата Заңға өзгерістерді ескі сүрлеумен, бұрынғыдай Парламентке қабылдатпай, ҚР Президенті мақсатты түрде бас тартып, «Жаңа Қазақстанның» жаңа өзгерістерін халық таңдауына салуы – тәуелсіздік тарихындағы жаңа белес. Әрі мұны «Екінші Республика» үлгісіндегі демократияның жарқын көрінісі деп түсінген жөн. Ал Конституцияның 6-бабына енетін өзгеріс «Жер және оның қойнауы, су мен өсімдіктер, жануарлар әлемі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүргізеді» делінген. Яғни қазіргі заңнама бойынша «Жер және оның қойнауы…» мемлекет меншігінде екенін ескерсек, жаңа өзгеріс халықтың жерге тең құқылы болуымен қатар, озбырлық орын алмауы үшін халық атынан меншік құқығын мемлекеттің өзі жүргізуі – тәртіпті ұстап тұруға жақсы құрал.

Президенттің құзыры ­азайып, саяси институттардың, партиялардың, Парламент пен мәслихаттардың ықпалы күшеймек. Ең басты жетістік – осының барлығы бұқара халықтың қатысуымен өтетіндігінде.

P.S: Қазіргі кезде Қазақстан өз ­тарихының жаңа парағын ашуда. Ата Заңға енетін өзгерістер мен толықтыруларды бекіту үшін референдум өткізуді халық жаппай қолдауда. Мұның өзі мемлекет тағдырына, елдің өркендеуіне әр азаматтың жауапты екенін түсінуі азаматтық ұстанымын айқындауы деп қабылдаймыз. Бұл – билік пен қоғам байланысын жақындата түсетін үлкен мүмкіндік. Осы мүмкіндік біздің алдағы даму болашағымызға да оң бағдар болары сөзсіз.

 

 

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button