Басты ақпарат

Референдум халықтың таңдауын айқындайды

Президент Қасым-Жомарт ­Кемелұлының Жарлығына сәйкес, 5 маусымда Конституцияға өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу бо­йынша жалпыұлттық референдум өтеді. Референдум – мемлекеттік маңызды мәселелерді шешудің демократиялық жолы. Сондықтан Президентіміз бас болып отырған алдағы бұл референдум – Қазақ­станның маңызы зор саяси науқаны. Осы ретте Нұр-Сұлтан қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен ­БАБАМҰРАТОВ ­«El-Orda» YouTube-каналына ­арнайы сұхбат берді. Сұхбат барысында референдумның ­маңызы, конституциялық өзгерістер, «Жаңа Қазақстан» ұғымы, ақпараттық-түсіндірме жұмыстары туралы айтылды.

[smartslider3 slider=3100]

– Дәурен Әбуталипұлы, қош келдіңіз! Сұхбатымызды бірден референдумнан бастасақ. Қазақстанда референдум 1995 жылы қабылданды. Одан бері Конституцияға Парламент арқылы бірнеше мәрте өзгеріс енгізілген болатын. Неге бұл жолы Конституциядағы өзгерістер референдум арқылы жүзеге асырылады?

– Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы бірнеше рет айтқан болатын. Жалпы өзгерістердің ауқымы өте кең. Сондықтан мұндай ауқымды мәселеде халықтың таңдауы қажет болып тұр, себебі дәл осы өзгерістерден кейін елдің қоғамдық-саяси дамуы біршама өзгереді. Сәйкесінше, әрі қарай әлеуметтік-экономикалық дамуы да күшейеді. Өзгерістерді халықтың жаппай мақұлдауы маңызды. Біз үлкен серпіліс пен бетбұрыстың, өрлеудің алдында тұрмыз. Менің ойымша, дәл осы мәселені референдум арқылы мақұлдау – дұрыс қабылданған шешім.

– Референдумда келтірілетін өзгерістер мен толықтыруларға тоқталсақ. Қандай өзгерістер болады?

– Бүгінгі мемлекеттердің дамуын алып қарайтын болсақ, суперпрезиденттік басқару жүйесі қалыптасқан елдер саусақпен санарлық. Қазақстанның өзінің даму жолы бар, бұрын да болған және әрі қарай бола беретіні анық. Осы уақытқа дейін еліміздегі даму жүйесінің бір ерекшелігі суперпрезиденттік басқару жүйесі болды, бірақ заман да, талап та өзгерді. Айналамыздағы қалыптасқан және геополитикалық жағдайлардың бәрін салыстырып қарай отырып, бүгінгі таңда Президентіміз осындай шешімнің маңызды екендігін халыққа ұсынып отыр, яғни суперпрезиденттік басқару жүйесінен президенттік басқару жүйесіне өту. Бұл демократиялық бастамалардың іргетасы болмақ. Менің ойымша, өзгерістің өзегі – Президенттің жақын туысқандары енді мемлекеттік қызметке тартыла алмайды. Өкінішке қарай, бізде мемлекеттік билік жүйесін, шенеунік атаулыны сынаған кезде халық, қоғам, бұқаралық ақпарат құралдары тарапынан ең жиі айтылатын сын – сыбайластық. Сыбайлас­тық, туысқандық, таныстық арқылы мемлекеттік қызметке тұру – мемлекетті сынайтын оппозициялық топ өкілдеріне ең басты аргументтердің бірі. Сондықтан осы шешім арқылы Президент халықтың ең негізгі сұраныстарының біріне түбегейлі нүкте қойып жатыр. Бұл нүкте халықтың қалауымен жүзеге асады.

– Өзіңіз айтқандай, халық арасында көбірек талқыланып жатқан референдум өзгеріс­терінің бірі – Президенттің туысқандары билікте қызметке ие бола алмайды. Бұл тек қана Президентке қатысты мәселе ме, әлде басқа да мемлекеттік қызметкерлерден талап ете ме?

– Мемлекеттік қызметкерлерге қатысты заң, тәртіп бұрыннан бар, яғни оның тікелей басқаруында туысқандары қызмет ете алмайды. Бұл норма Мемлекет басшысына қатысты болмаған еді.

– Мемлекет басшысы партияларға мүше бола алмайды деген өзгеріс бар. Саясаткер ретінде бұл елдің болашағына қалай әсер етеді?

– Конфуцийдің «Мемлекет басшысы – халықтың әкесі. Халықтың әкесі балаларын жақсы мен жаманға, ақ пен қараға бөле алмайды. Халықтың барлығы оған бірдей, яғни әр мемлекет басшысы халқына өз әкесі ретінде қарағанда қоғамның дамуы кемелденеді» деген нақылы бар. Бұл жерде мемлекет басшысы жалпыға бірдей көзқараста болу үшін, саяси көзқарастағы пікір алуандығына қарамастан, барлығын бірдей қолдайтыны – керемет шешім. Бір саяси партияға артықшылық бермеу, Мемлекет басшысының тарапынан барлығына тең қарау – үлкен өзгерістің бірі.

– Саяси партияларды ашу оңай әрі мүшесі аз болады деген өзгерістер де бар. Осыған көзқарасыңыз қандай?

– Көптеген елде саяси партия үкіметтік емес ұйым секілді тіркеледі. Бізде олай емес. Атап айтсақ, үкіметтік емес ұйымды тіркеуде 1000 адам жиналу керек. Ал саяси партияны құруда 5000 адамның мақұлдауы жеткілікті болады. Бір көзқарасқа, ортақ мақсатқа жұмылдырылған азаматтарды жинау барысында 5000, 10000 немесе 20000 жинаудың айырмасы қандай деген сұрақ туындауы мүмкін. Бұл жалпы азаматтық қоғамды қалыптастырады. Азаматтық қоғамның басты талабы – көпшіліктің азшылықтың көзқарасымен санасуы. Алдағы уақытта, менің ойымша, саяси партиялардың саны артады, пікірдің сан алуандығы кең етек жаяды деп ойлаймын. Қазір қысқа мерзімдегі мақсаттарға арналған жиналатын топтар көбейіп кетті. Олар саяси күшке топтаспаған, мүддеге бірікпеген. Егер осындай топтар көбейіп кетсе, мемлекеттің іргетасын шайқап тастайды. Әрбір жиын, көзқарас, пікірдің өмір сүруге құқығы бар және өміршең болуға ештеңе бөгет бола алмайды, бірақ барлығы заң аясында болуы тиіс. Ол үшін заңды жеңілдетіп, икемдеу керек.

– Елімізде халық өз қалауын кейбір жағдайда митинг өткізіп айтады. Осы өзгерістер арқылы митингке қатысты талаптар да жеңілдемек. Осыған байланысты БАҚ беттерінде, әлеуметтік желілерде ЛГБТ, дінге қатысты ұстанымдары бар тұлғалар осылай митинг өткізеді деген қауіп бар. Сіз қалай ойлайсыз?

– Заң аясында болса, митинг өткізу қауіпті емес. Бүгінгі таңда заң жеңілдеген. Қазір митинг өткізу үшін өтініш беру жеткілікті. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша митинг өткізуге жыл басынан бері 392 өтініш түсті. Соның үштен біріне рұқсат бердік, бірақ бұл жерде екінші мәселе бар. Митингке шығуға рұқсат берді екен деп ­қайта-қайта қадірін кетіруге болмайды. Заңмен бекітілген митинг өткізетін арнайы 4 орын бар. Сол орындарда тақырыбы мен уақытын келісіп, өткізе беруге болады. Митингтің тақырыбы өте маңызды. Оның мақсатын айқындау үшін өтініштердің барлығын жіті қадағалаймыз. Митинг саяси іс-шара болғандықтан, жауапкершілік 2-3 есе артады. Сондықтан өтініш берушімен ақылдаса отырып, ортақ шешімге келеміз.

– Конституциялық өзгеріс­те адам құқығын қорғайтын Конституциялық сот қабылданады деген өзгеріс бар. Сол туралы айтып өтсеңіз.

– Қалай болған кезде де шешімді қабылдайтын сот. Сот дегеніміз – адам. Қазіргі сот саласындағы өзгерістер бірден нәтиже бермеуі мүмкін. Ұзақ уақытта ғана жүзеге асады. Оны да халыққа дұрыстап түсіндіру керек.

– Қазір әлеуметтік желіде, халық арасында «Жаңа Қазақ­стан» деген ұғым пайда болды. Осы «Жаңа Қазақстан» несімен ерекшеленеді?

– «Жаңа Қазақстан» ауқымды өзгерістермен ерекшеленеді, яғни конституциялық өзгеріс­тер жүзеге асқаннан кейін, шынымен, екінші республика болады. Бұл – басқа бетбұрыс. Қазақ мемлекеті дамуының келесі сатысы деп айтуға болады. Біз алашордашылардың елге еткен еңбегі, қоғамдағы бетбұрыстарын өте көп айтамыз. Шын мәнінде, ХХ ғасырда Алаш зиялыларының қазақ қоғамына саяси тұрғыдан сіңірген еңбегі орасан зор болды. Орта ғасырдан ХХ ғасырдың ұлтына бірден айналған халықтың біріміз. Сол сәтте ағартушылық миссия орындалған еді. Осы жолы да сондай деп айтар едім. Конституциялық өзгерістердің бәрі жүзеге асса, демократиялық дамудың іргетасы болады. Бұған дейін қоғамда көп айтылған, көп сыналған, халық тарапынан айтып, жауыр болған мәселелерге нақты шешім керек болды. Нақты шешімдер қабылданған кезде мемлекеттің келбеті де өзгереді. Ал даму бағыты өзгерген мемлекет бұл «Жаңа Қазақстан» болады.

– Азаматтық қоғам және БАҚ туралы заңға өзгерістер енгізіледі деп айтылып жатыр. Өңірлерде үкіметтік ұйымдар да, БАҚ өкілдері де аз. Нұр-Сұлтан­дағы жағдай қалай?

– Журналистердің арасында заңға қатысты талқылау көп. Негізгі сын – журналистердің кәсіби құқығын шектеудің көптігі. БАҚ туралы заңның ішінде осы шектеулердің кейбірі алынуы мүмкін. Журналистердің статусы, айлығын көбейту, баспана алу, кәсіби деңгейін шыңдауға мүмкіндік беру туралы ұсыныстар баршылық. Мұны заңмен реттеу қиындау болады. Дәл қазір ештеңе айта алмаймын, бірақ олардың дамуына ешқандай шектеу жоқ. Менің ойымша, журналистерге жеке статус беріп, көмек беру өзгерістерінің болуы өте қиын болады.

– Нұр-Сұлтан қаласында референдум өткізу туралы ақпарат тарату қалай жүзеге асып жатыр?

– 5 мамыр күні Мемлекет басшысының референдум туралы шешімі шықты. Осыдан соң елордалықтарды ақпараттандыру мақсатында түсіндіру жұмыстарын бастап кеттік. Осы бағытта қаламызда 400-ге жуық мақсатты кездесу жоспарланды. Соның жартысынан көбі жүзеге асты. Ұжым, жастар, кәсіби мамандар, т. б. әр сала бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қаладағы 275 билборд пен экрандарға тиісті ақпараттарды іліп қойдық. БАҚ беттерінде 500-ден аса мақала жарияланды. Теледидардан 70-ке жуық сюжет көрсетілді. Қала тұрғындары мен эксперттер арасында өзекті мәселелер талқыланды. Мұның бәрі – біздің міндетіміз. Бұл халықты үгіттеу емес, оларға референдум туралы түсіндіру мақсатында іске асып отыр.

– Референдумды өткізуге миллиардтаған қаржы бөлініп жатыр. Соған орай халық арасында «неге сонша көп ақша бөлінді?», «неліктен Парламент арасында өткізе салмады?» деген пікір жиі айтылып жүр. Осыған не айтар едіңіз?

– Бұл бюджет әр сайлау учаскесінде жұмыс істейтін адамдарға жалақы ретінде төленеді, себебі олар, негізгі жұмысынан бөлек, мұны қосымша атқарады. Одан бөлек, ақпараттық түсіндірме жұмыс­тарына бөлінеді.

– Референдумдағы түзетулерді қабылдау үшін қанша пайыз дауыс керек?

– Халықтың жартысынан көбі өзгерістерге дауыс беретін болса, жеңісіміз деп бағалауға болады. Жалпы қала тұрғындарында сайлау учаскелері бойынша сұрақ туындаса, 109 iKomek-ке хабарласа алады. Сондай-ақ referendum.gov.kz сайтында және Telegram-каналдан қарап біледі. Әр сайлау учаскесінің қалалық телефондары да бар.

– Әңгімеңізге көп рақмет!

Айзада ЖАЙЫҚҚЫЗЫ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button