Жаңалықтар

Референдум – «Жаңа Қазақстанның» бастамасы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық ғылым академиясының 75 жылдығына арналған сессияда сөйлеген сөзінде референдумның маңызына тоқталып, Ата Заңымызға енгізілетін өзгерістерді түсіндіріп берді.

[smartslider3 slider=3133]

Мемлекет басшысы аталған жиында бірнеше күннен кейін Конституцияға енгізілетін түзетулер бойынша референдум өтетініне тоқталып, бұл болашағымызды айқындайтын жауапты сәт екеніне назар аударды.

«Бұл қоғамдық-саяси өзгеріс­терге қоғамның сұранысын және халықтың алдағы өзгерістердің шынайылығына деген сенімін көрсетеді. Өйткені осы реформалар жеке тұлғалардың, соның ішінде Президенттің артықшылықтарын арттыруды емес, бүкіл қоғамның мүддесін көздейді. Менен ел ішінде де, шетелде де Мемлекет басшысы өз өкілеттігін референдум арқылы ұзартуға, басқаша айтқанда, президенттік өкілеттікті қайта бастауға қамданып жатыр ма деп сұрайды. Менің жауабым біреу-ақ, мұндай ниет болған емес, болмайды да» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ұсынылып отырған саяси жаңғырту бағдарламасының мазмұны ауқымды. Бірақ басты назар адам құқығы мен бостандығын қорғау жүйесін нығайтуға, азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысуын кеңейтуге, мемлекеттік институттардың ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған.

«Дамыған демократиялық қоғам құру дегеніміз айқайлап ұрандату, бірден нәтижеге қол жеткізу емес, дәйекті және жүйелі жұмыс жүргізу екенін түсінуіміз керек. Елімізде жоғары саяси жауапкершілік мәдениеті орнығуы қажет. Бүкілхалықтық референдум жаңа әділетті Қазақстанды құрудың маңызды бастамасы болмақ» деді Мемлекет басшысы.

Президент қолға алған реформалардың табысты болуы оларды жүзеге асыруға барлық азаматтың қалай атсалысатынына тікелей байланысты екеніне назар аударды. Бәріміз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарғанда ғана елдің нақты жаңғыруын және прогрессивті дамуын қамтамасыз ете аламыз.

«Алдағы референдум елдің саяси трансформациясының соңғы кезеңі емес, шын мәнінде, оның бастамасы екенін атап өткім келеді. Жұмыс енді ғана басталып жатыр, өйткені өмірдің өзі және азаматтардың қажеттіліктері бізге жаңа міндеттер жүктейді. Саясатта шалт қимылға жол берілмейтінін, ең күрделі геосаяси жағдайларда ол жойқын зардаптарға, деградацияға, тіпті мемлекеттіліктің жоғалуына әкеп соқтыруы мүмкін екенін қаперде ұстау керек. Біз осындай тар жол, тайғақ кешуде әр қадамымызға ба­йыппен қарауымыз керек» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button