Басты ақпарат

Реформадан ығыр болған сала

Білім беру ісіне бетбұрыс керек

Қаңтардағы оқиғалар ел ­Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында атап өткендей, көптеген қордаланған проблемалардың бетін ашты.

[smartslider3 slider=2318]

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтылған сынын қолдай отырып, осы мәселеге қатысты бірер ойымызды айтсақ дейміз.

Тәуелсіздік алғаннан бері, біздің ойымызша, ең көп реформаларды бастан кешірген жоғары білім беру жүйесі екендігі жасырын емес. Кезекті министрдің келуімен бас-аяғы жоқ реформа, модернизация басталатын, жаңашылдықтан әбден ығыр болған салаға тағы бір бастама енгізілетін. Осылайша бірінен бірі асып түсетін, нәтижесіз реформаларды қабылдау жалғасып кете беретін.

Өткеннен үзілді-кесілді бас тарту, жаңа стандарттарды енгізу, бітпейтін жаңалықтар университеттерді көбінесе қағазбастылықпен айналысуға және жоғары рейтингке қол жеткізудегі желөкпелікке әкелді.

Сондай жаңашылдықтардың барысында оқытушы әр семестрде бұрынғыдан ерекшеленетін силлабустардың жаңа формаларын толтыруы қажет болды. Кейде семестр ішінде силлабустардың пішіні екі рет өзгеретін. Бұл турасында өз кезегінде бірлі-жарым оқытушы наразылық білдірді. Алайда ондайларды тыңдайтын құлақ болмады.

Білім сапасы мен студенттердің өзі екінші қатарға ығыстырылды. Ең бастысы, әдемі, сызбаға салынған және эстетикалық жағынан сүйкімді силлабус дайындалса болды. Оның мазмұны оқытушыны да, басшыларды толғандырып жатпады. Мысал іздеп, алысқа бармай-ақ қоялық. Жақында ғана әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушыларын «безгек күйге» түсірген 2019 жылға арналған QS реестрінде бағдарлама бойынша құжаттарды шұғыл түрде тез арада дайындау болды.

Бұл неткен талап? Неге біздер, оқытушылар ештеңе білмейміз, неге ешкім ешқандай түсінік бермейді. Өтіп кеткен уақыттардағы бағдарламаларды қайта дайындаудың қажеттілігі қандай? Ол жағы беймәлім. Бәлкім, біраздан кейін университеттің келесі рейтингке кіргені мәлім болатын шығар. Уақыт көрсетер. Дегенмен бұл бағдарламалардың студенттерге, магистранттарға, докторанттарға берері не? Жауап біреу-ақ – ештеңе.

Осыған орай бірінші ұсыныс – қажетсіз атышулы рейтингтердің соңына түсуді доғару үшін мораторий (Президент жалақы бойынша ұсынғандай) енгізу. Оқу бағдарламалары бойынша жаңа құжаттаманы әлсін-әлсін енгізуді тоқтату қажет. Оқытушыларға студенттермен, магистранттармен, докторанттармен көбірек жұмыс жасауға уақыт бөлу керек. Білім сапасын арттыру үшін оқытушы мен білім алушының арасындағы байланысты күшейту қажет.

Бүгінде жоғары оқу орнында студенттің білімін бағалау – өз алдына бөлек тақырып. Емтихан нәтижелері бойынша үшке оқитындардың саны аз екендігі анықталады. Көбінесе емтихан ведомостерінен дәстүрлі «жақсы», «өте жақсы» деген бағаларға сәйкес келетін 70-тен 100-ге дейінгі балл орын алады. Мұның өзі студенттердің көпшілігі жақсы немесе үздік оқиды дегенді білдіреді. Шындығында солай ма? Тексеріс кезінде қызыл диплом алатын түлектер төменгі дайындық көрсетеді. Әрине, бәріне бірдей күйе жаға бермейік, араларында үздік дипломға лайықтылары жоқ емес. Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жалпы дайындығы мен білімі төмен жоғары оқу орындарын бітірген түлектерге сұраныстың жоқтығын тілге тиек еткендігі де бекер емес. Өкініштісі, заманауи «үздік» деген баға көп жағдайда «халықаралық», яғни кеңестік кезеңдегі үш деген бағаға тең десек артық айтқандық емес.

Оқытушылар төмен балл қоюдан жасқанады, өйткені олар білімді нашар беретіндігін түсіндіруі шарт. Ал студенттің сабаққа немқұрайлы қарайтыны тіпті де талқыланбайды. Осындай сыңаржақ көзқарас білім сапасын түсіретіндігіне мән беріле бермейді.

Ақылы бөлімде оқитын студенттер өздерінің алдына білім алу міндетін қоймайды. Олар оқуға немкетті түрде қарайды. Осынау олқылықты біздер өз кезегінде бірнеше рет көрсетіп, келеңсіз жайтты жою керектігі туралы пікір білдірдік. Ол аз десеңіз, олардың төлеген ақылары үшін өзгелерге қарағанда оқытушыға көбірек талап қоюлары тиіс екендіктерін, жиі ақыл-кеңес, консультация және т.б. алу керектігін қадап айттық. Бірақ, өкінішке қарай, айтылғанның бәрі желге ұшты. Ақымен оқитындардың ұстанымы басқаша: ақы төленді, ендеше  жоғары баға қойылуы хақ.

Тәуелсіздік алғаннан бері, біздің ойымызша, ең көп реформаларды бастан кешірген жоғары білім беру жүйесі екендігі жасырын емес. Кезекті минис­трдің келуімен бас-аяғы жоқ реформа, модернизация басталатын, жаңашылдықтан әбден ығыр болған салаға тағы бір бастама енгізілетін. Осылайша бірінен бірі асып түсетін, нәтижесіз реформаларды қабылдау жалғасып кете беретін

Университеттердегі оңтайландыру студенттердің емтихандарды жиі тест түрінде тапсыруына алып келді. Мұғалімдер басшылыққа білімді қорытынды бағалауда тестілеу объективті бола алмайтынын түсіндіруге тырысты. Алайда бұл жүйе көптеген университеттерде бекітіліп, толығымен енгізілген. Жібі үзілмей, сабақтаса тізбектелген емтихандар: орта мектепті бітіріп, жоғары оқу орнына түсерде де тестілеу, оны тәмамдап жатқанда да тестілеу. Мылқау немесе өз пікірі жоқ, білімі таяз мамандарды осылай өзіміз дайындап жатырмыз.

Жоғарыда айтылғандардан келесі ұсыныстар туындайды:

  1. Студенттердің білімін бағалауда көзбояу­шылықты тоқтату қажет. Оқытушыларға студенттермен жұмыс жасауда қысым көрсетпей, білімді объективті бағалауға мүмкіндік беру керек.
  2. Міндетті және шұғыл түрде ағымдағы және қорытынды немесе мемлекеттік емтихандардың ауызша түрлерін енгізуді қолға алу қажет.
  3. ЖОО-ға түсу кезінде ҰБТ-дан бас тартқан жөн, бұл әлсіз талапкерлердің жоғары оқу орнына түсуіне жол бермейді.

Түлектердің жұмысқа орналасуы университеттер қызметінің негізгі көрсеткішіне айналуы тиіс. Қазақстандағы бірінші оқу орны (әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ) түлектеріне деген сұраныстың жоғары болғандығы және жас маманның ұжымда жұмыс жасайтынын мақтан ететін кездер болғандығы көпшіліктің есінде. Өкінішке қарай, жоғары оқу орнына деген көзқарас өзгерген.

Тағы бір жағдайды ескерген жөн. Жоғары оқу орындары үшін барлық жаңашылдық білім саласындағы жоғары лауазымды шенеуніктер тарапынан  туындаған, солай болып та жатыр. Олар инновациялар арқылы өздерінің белсенділіктері мен қарқынды жұмыстарын, пайдалы іс  жасап жатқандарын көрсеткілері келеді. Сол бір шенеунік қазақстандық жоғары оқу орнына  өзінің баласын оқуға жібермейді, себебі оның қабырғасында не болып жатқанын жақсы біледі. Әсіресе ЖОО ректорлары өзінің студенттері мен түлектері үшін жауапкершілік арқалайды. Жоғары оқу орнының басшысы жаңа стандарттарды күмәнді рейтингтер үшін алдыңғысын аяқтамай, енгізуді ғана ойлап жатқанда, студенттерді айтпағанның өзінде оқытушыларға еш жақсылық күтудің өзі артық.

Scopus және Thomson базаларының жоғары рейтингті шетелдік журналдарындағы жарияланымдар ЖОО оқытушылары, сондай-ақ ғылыми қызметкерлер арасында тұрақты әрі әділ наразылық тудырады.

Жобаларға қойылатын талаптардың ішінде  осы басылымдарда міндетті түрде жарияланым жасау талабы қойылған. Бір ғылыми-зерттеу институтында 10 жоба болса, бұл мекеме – осы ғылыми басылымдардағы жарияланымдарға 5 миллион теңгеден астам қаржы бөледі деген сөз.

Докторант  осы журналдарда мақаласы болса ғана қорғауға шыға алады. Бір мақаланың өзі қыруар қаржыны талап етеді. 172 мың шәкіртақы алатын  докторант аталған басылымдарда мақала жариялау үшін 500 мың теңгеден астам қаражат жинауы керек. Осыншама ақшаны таба алмаған докторант несие алуға мәжбүр болады. Ондай жайттардың кездесетіндігі шындық. Бұл көрсеткішті бүкіл Қазақстан бойынша докторанттар санына көбейтсеңіз, қомақты сома шығады. Қарапайым ғана арифметикалық есеп Қазақстаннан тысқары жерлерге миллиондаған ақшаның кетіп жатқанын дәйектейді.

Осы журналдарда міндетті түрде мақалалары болуы тиіс оқытушылар мен ғылыми қызметкерлердің санын ескерсек, бұл көрсеткіш еселене түседі. Біздің шетелдік әріптестеріміз мұндай ессіздікке таң қалып, таңдай қағады.  Нобель сыйлығының лау­реа­т­­тары аталған басылымдарда жарияланым жасамай-ақ, олардың бар екендігін білмей-ақ өздерінің терең білімдері арқылы жоғары атақтарға лайық болды.

PhD докторанттарының қорғауы үшін және ғылыми жобаларды орындауда Scopus деректер базасының журналдарында жария­ланым жасау  қажет деген талапты алып тастауды ұсынамыз. Мұның өзі орасан көп қаражатты үнемдеуге әкеледі.

Жоғары оқу орындарының басшыларына оқытушылардан осы журналдарда міндетті түрде жарияланым жасауды талап етуге тыйым салынуы тиіс.

Өткен 2021 жылы ғылыми жоба жетекшілерінен атқарылған жұмыстардың жылдық есептерін өткізу талабы алынып тасталатындығы туралы жаңалық көпшіліктің көңілінен шықты. Оның орнына бір жылдың ішінде атқарылған жұмыстар туралы қысқаша мәлімет берілді.

Жыл ішінде атқарылған жұмыстар туралы қысқаша ақпарат қабылданды. Бұл тәсіл жобаны орындаушыларының  жұмысын жеңілдетіп, ең бастысы, 40-60 беттік қажетсіз есеп дайындау машақатынан құтқарды.  Осындай игі бастама жалғастырылып, 27 және 36 айларға жоспарланған жобалар бойынша атқарылған жұмыстар туралы қорытынды есептердің орнына қысқаша мәлімет берілсе, тиімді болар еді. Мұның өзі Президент атап көрсеткендей, қағазбастылықтың етек жаюына кедергі болып, қажетсіз макулатураның азаюына септегін тигізер еді.

Зәкіш СӘДУАҚАСОВА, Оразгүл  МҰХАТОВА, 

тарих ғылымдарының докторлары, профессорлар,

Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология

институтының бас ғылыми қызметкерлері

 

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button