Ресми бет

Реформалар мақсаты – ұлт сапасын жақсарту

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысына қатысты. Кеңестің өңірлердегі мүшелерінің қатысуымен онлайн форматта өткен жиын барысында Президенттің Ұлттық кеңес аясында бұған дейін берген тапсырмаларының орындалу барысы, сондай-ақ қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық және аймақтық даму мәселелері жөніндегі ұсыныстар талқыланды.

[smartslider3 slider=959]

Мемлекет басшысы ­Тәуелсіздіктің 30 жылдығы бүкіл халқымыз үшін айрықша мәні бар мерейлі белес, мемлекетіміздің даму жолындағы маңызды меже екенін атап өтті. Сонымен қатар қоғамдық маңызы бар нақты жұмыстар атқарылып жатқанын және бұған айрықша мән беретінін жеткізді. «Біз осы тарихи белеске мықты мемлекет және біртұтас ұлт ретінде жетіп отырмыз. Саяси жаңғыру, экономика құрылымын өзгерту, әлеуметтік саланы дамыту жұмыстары тың қарқынмен жалғасуда. Бұған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі зор үлес қосуда. Ұлттық кеңестің бастамаларын жүзеге асыру үшін 90-нан астам нормативтік-құқықтық акт қабылданды» деді ­Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президентінің айтуынша, кез келген өзгеріс халқымыздың тұрмысын жақсарту үшін жасалуы керек. Мемлекеттілігімізді нығайтып, әлеуетімізді арттыруды көздейтін ұсыныстарды ғана жүзеге асырған жөн. Бұл – Мемлекет басшысының айқын ұстанымы. «Кеңес екі жылдың ішінде еліміздегі көптеген оң өзгеріске жол ашты. Болашақ ұстаздар мен дәрігерлердің, докторанттардың стипендиясы көбейді. Жоғары оқу орындарында сабақ беретін оқытушылардың жалақысы өсті. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті құрылды. Ерекше күтімді қажет ететін балаларға білім берудің жаңа ережелері бекітілді. Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударған азаматтарға берілетін субсидия екі есе ұлғайды. Игерілмей жатқан жер теліміне салынатын базалық салық ставкасы артты. Ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдік азаматтар мен заңды тұлғаларға сатуға және жалға беруге тыйым салынды» деді Президент.

Мемлекет басшысы осы жылдан бастап жұртқа зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын алуға мүмкіндік берілгенін, оны жылжымайтын мүлік сатып алуға, ипотекалық несиені өтеуге және емделуге жұмсап жатқанын еске салды. Соның арқасында жарты миллионнан астам азаматымыз зейнетақы жинағын қажетіне жаратқан. Ал әлеуметтік жағынан әлсіз топтарды қолдайтын бірқатар шешім қабылданған. «Биыл алғаш рет көпбалалы, мүгедек баласы бар және толық емес отбасылардың балаларына білім гранты берілді. Соның нәтижесінде осындай отбасында өскен 5 мыңнан астам жеткіншек тегін оқуға мүмкіндік алды. Ерекше күтімді қажет ететін балаларға білім беру үшін бөлінетін қаржы екі есе ұлғайды. Қазір бір балаға 730 мың теңгеден астам қаражат бөлінеді» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент кеңес мүшелерінің тікелей атсалысуымен елімізді одан әрі демократияландыруға бағытталған реформалардың төрт топтамасы жасақталғанын айтты. «Қазір әйелдер мен жастарға өздерінің әлеуетін іске асыруға қосымша мүмкіндіктер бар. Бірақ біз мұнымен тоқтамаймыз. Инклюзивті қоғам құру барысында ерекше күтімді қажет ететін адамдарды қамту үшін мен партиялардың сайлау тізімдеріндегі квота санаттарының санын көбейтуді ұсындым» деді Мемлекет басшысы. Қасым-Жомарт Тоқаев аудандық маңызы бар қалалардың, ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерін тікелей сайлаудың енгізілуі қоғамымызды демократияландыру жолындағы үлкен қадам болғанын айтты. Биыл елімізде 800-ден астам ауыл әкімі сайланып, нәтижесінде ауыл әкімдерінің корпусы екі есе жаңарды.

Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру саласының өзекті мәселелерін шешу жолын ұсынды. Атап айтқанда, мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында қауіпсіздікті сақтау өзекті екені айтылды. «Қазір оқу орындары күзет агенттігімен бір жылға келісімшартқа отырады. Әдетте, оны жылдың басында жасайды. Бұл – оқу жылының ортасы деген сөз. Мұндай келісімшарттарды ұзағырақ уақытқа, мысалы үш жылға жасаған тиімді болар еді. Оған рұқсат беру үшін заңнамаға өзгеріс енгізу қажет» деді Мемлекет басшысы. Білім беру саласын жетілдіруге ерекше тоқталған Қасым-Жомарт Тоқаев мектептердегі орын тапшылығын өте өзекті мәселе ретінде атады. Биылғы Жолдауында 2025 жылдың соңына дейін 1000 мектеп салу туралы тапсырма бергенін еске салды. «Тұрғын үй алаптары бой көтерген кезде онымен бірге міндетті түрде мектеп пен балабақша салынуы керек. Үкіметке заңның сақталуын қатаң бақылауды тапсырамын» деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде елімізде медицина кадрларының тапшы екенін айтты. Бұл салаға 4 мыңға жуық қызметкер жетіспейді екен. Облыс орталықтарында, әсіресе, аудандар мен ауылдарда білікті дәрігерлер аз. Сондықтан Президент өңір әкімдері осы мәселемен белсенді түрде айналысуға тиіс екеніне назар аударды. Мемлекет басшысы цифрлық технологияны барынша енгізуді тағы бір бастама ретінде атады. Президент қазір ақпараттық базалардың арасында байланыс жоқ екенін, соның салдарынан қағаз жүзінде құжат талап ету үрдісі әлі де сақталып отырғанын жеткізді.

Сондай-ақ Президент мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі ана мен баланы қолдау екенін жеткізді. Әйел адамдар бала күтімімен ұзақ уақыт отырғанда кәсіби қабілетін төмендетіп алатыны, тіпті жалғызбасты ата-аналарға мұндайда тіпті қиынға соғатынын айтып, оларға ерекше еңбек жағдайы жасалуы керек екенін атап өтті. Мемлекет басшысы сөзінің соңында тағы бір мәселеге арнайы тоқталды. Ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру туралы үнемі айтып жүргенін, оның өте маңызды міндет екенін еске салды. «Реформаларымыздың түпкі межесі – ұлттың сапасын жақсарту. Себебі халқы мықты ел ғана қуатты мемлекет құра алады. Ал ұлтымыздың кемелденуі үшін әрбір азамат өресі биік, парасатты болуға ұмтылуы қажет. Яғни сана өзгермесе, бәрі бекер. Шын мәнінде, жаңғыру тәрбиеден бастау алады. Сондықтан біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беруіміз керек. Жастардың бойына ең ізгі қасиеттерді сіңіре білген абзал» деді Президент

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button