#Жаңа ҚазақстанБасты ақпарат

Реформалардың ­негізгі индикаторы – әділдік

Геоблоктық, геоэкономикалық, геоидеологиялық соғыстар жер жүзіндегі геосаяси жағдайды күрделендіре түсті. Империялық күштер әлемді қайта бөліске салуға мүдделік танытып, жаһандану үдерісінің қарқыны күшейді. Қазір әлем үлкен өзгерістің қарсаңында тұр. Екінші жағы, мүдделер шиеленіскен кезеңде Қазақстан өзінің бағыт-бағдарын айқындап, ауқымды саяси науқанды бастады. Оған конституциялық өзгерістер, Президент сайлауы, сосын заң шығарушы орган – Мәжіліс пен жергілікті өкілді орган – мәслихат депутаттарының сайлауы өтеді. Саяси құрылымдағы өзгерістер атқарушы билікті жаңадан жасақтауға жол ашатыны анық. Бүгінде халық осы­ның ақ-қарасын білгісі келеді. Біз Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Балайым КЕСЕБАЕВАДАН елдегі саяси реформалардың мән-маңызын түсіндіріп беруді сұрадық.

– Президент өзінің сайлау­алды тұғырнамасында жаңа тарихи кезеңге аяқ басқанымыз­ды атады. Қазір мемлекеттік басқару моделін, бүкіл қоғамды трансформациялау жүруде. Жаңа Қазақстан тұжырымдамасы шеңберінде жүзеге асатын «Әділетті мемлекет – Әділетті экономика – Әділетті қоғам» қағидатына негізделген түбегейлі өзгерістің бағдарламасы жарияланды.

Мемлекет кірістердің әділ бөлінуін қамтамасыз етеді, әлеуметтік-экономикалық мәселелер, жұмысқа орналасу мәселесі тиімді әрі әділ шешілмек. Әділдік – саяси реформалардың тиімді болуының негізгі әрі бас­ты индикаторы, – деп бастады сөзін Балайым Туғанбайқызы.

– Парламент Мәжілісі VI және VII шақырылымының депутаты әрі бірқатар облыстың (Алматы қаласы, Шымкент, Қызылорда және Маңғыстау) әділет саласында басшылық қызмет атқарып, мол тәжірибе жинаған заңгер ретінде Әділетті Қазақстан қалай салтанат құратынын айта аласыз ба?

– Әділетті мемлекет құруда Қасым-Жомарт Тоқаев нақты тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесіне негізделген мемлекеттік басқарудың жаңа моделін ұсынды. Басты аспекті – «суперпрезиденттіктен» президенттік модельге көшу. Тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесінің негізгі формуласы: қоғамды одан әрі демократияландыруда «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» шешуші рөлге ие.

Саясаттағы монополия, сөзсіз, әр түрлі әлеуметтік кесел мен мемлекеттің кері кетуіне әсер етеді. Осыған байланысты билік тармақтары қайта форматталып, заңнамаға өзгеріс енгізілді

Конституциялық реформаның үш бағыты бар. Біріншісі – Президенттің өкілеттігін шектеуге байланысты. Екіншісі – Парламенттің күшеюімен, Парламенттің жұмыс істеу тәртібінің өзгеруімен, заң қабылдау тәртібінің өзгеруімен және есеп беретін Үкіметпен байланысты. Үшіншісі – демократиялық институттардың енгізілуіне, қоғамның демократиялануына және адамның құқығын қорғауға бағытталады.

Саясаттағы монополия, сөзсіз, әр түрлі әлеуметтік кесел мен мемлекеттің кері кетуіне әсер етеді. Осыған байланысты билік тармақтары қайта форматталып, заңнамаға өзгеріс енгізілді.

Демократияландыруда билікті орталықтан өңірлерге беру ісін жалғастыра отырып, азаматтық қоғамды дамыту маңызды. Мемлекет басшысы билікті орталықсыздандыру процесін тереңдете түспей, саяси жаңғыруды табысты жүргізу және азаматтық қоғамды дамыту мүмкін емес екенін жақсы түсініп отыр. Қысқасы, реформаның түпкі мақсаты – тәуелсіздік пен тұрақтылықты сақтау, мемлекеттілікті нығайту, мықты азаматтық қоғам құру, заң үстемдігі мен әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ету.

– Келесі жылы Парламент Мәжілісі мен жергілікті деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы өтеді. Одан кейін Үкімет жаңаруы тиіс. Бұл саяси трансформацияны жүзеге асырудың төте жолы ма, әлде өзгерістер ішінара ғана бола ма? Халық осының жауабын білгісі келетіні анық.

– Мемлекет басшысы билік институттарының (Президент, Мәжіліс, мәслихат) кезектен тыс сайлауын өткізу мерзімін нақты белгіледі. Электоралды кестенің ашық болуы Президенттің халық сенімін нығайту жөніндегі демократиялық әрі салмақты қадамы деуге болады.

Мемлекет басшысы жүргізіп жатқан реформалардың негізгі өзегі – әділдік, заң үстемдігі

Сайлау науқанының мерзімінен бұрын өтуі саяси реформаларды сапалы жүргізуге мүмкіндік береді. Конституциялық реформа шеңберінде негізгі билік институттарының: Президенттің, Парламенттің, жергілікті өзін-өзі басқарудың, партиялық және сайлау жүйесінің негізгі өкілеттігі қайта қаралды. Енді мүлдем жаңа, орнықты тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесі қалыптасады.

70 пайыздық пропорционалды жүйе әр түрлі бағыттағы саяси партияның кеңеюі мен өкілдігін арттырып, Парламентке белсенді, беделді тұлғалардың келуіне жол ашады. Бұған 30 пайыздық мажоритарлық жүйе бойынша сайлау ықпал ететіні анық. Жалпы пропорционалды жүйе ірі және кіші саяси партиялар өкілдігінің Парламентте сақталуына мүмкіндік беріп, плюрализмнің дамуына ықпал етеді.

Жергілікті деңгейде халықтың өкілдік етуін арттыру көзделіп отыр. Оған облыстық мәслихаттарға 50 пайызы партиялық тізім, 50 пайызы бір мандаттық округ бойынша өтсе, аудандық мәслихаттар бір мандаттық округ бойынша құралатыны дәлел болады.

– Мажоритарлық сайлаудың бірден-бір артықшылығы неде? Бұл жүйемен Парламент құрамының сапалық деңгейі қаншалықты артады?

– Сайлаушылар кандидатуралар ұсынуға қатысу мүмкіндігі, барлық үміткердің аты-жөнімен тізімделеді. Сайлаудың бұл түрінің басты ерекшелігі – сайлау округінде ең көп дауыс жинаған кандидат депутат атанады. Бұл – ашықтықты, жариялықты қамтамасыз ететін үдеріс. Әрине, Парламент құрамы сайлаудың жаңа аралас жүйесінің нәтижесінде жаңарып, жаңа көзқарастағы саяси тұлғалардың келетініне сенемін. Сайлау қорытындысы бойынша саяси партиялардың арақатынасын халық өзі айқындап, бір мандатты сайлау округінен депутаттар таңдай алады. Осылайша, 2022 жылғы 5 маусымда республикалық референдумда қабылданған жаңа конституциялық нормалар практика жүзінде іске асады.

– Күзгі маусымда Парламент Мәжілісі мен Сенаты конституциялық өзгеріске байланысты бірқатар заң қабылдады. Бұған Президент жариялы түрде қол қойды. Осы заңдардың маңызы мен құрылымын түсіндіре кетсеңіз.

– Конституциядағы өзгеріс­тер – жаңару, жаңғыру жолында елге бағыт көрсететін, бағдарын айқындайтын аса маңызды заңнамалық нормалар. Мәселен, Президенттің өкілеттік мерзіміне қатысты жаңа ереже заңдастырылды. «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» конституциялық заңында Мемлекет басшысы саяси партияға мүше болуына шектеу енгізіліп, оның жақын туыстары мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшысы лауазымына орналасуға шектеу қойылды. Сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» конституциялық заңға Сенатты қалыптастыру тәртібін өзгерту бойынша нормалар енгізілді. Яғни президенттік квота 10 мандатқа дейін қысқарды, оның ішінде бес сенаторды Қазақстан халқы ассамблеясының ұсынысымен Президент тағайындайды. Енді Мәжілістегі 69 депутат партиялық тізім бойынша, 29-ы бір мандаттық аумақтық сайлау округі бойынша сайланады. Қазақстан халқы ассамблеясының квотасы алынып тасталды. Мәжіліс депутатын оның мандатынан айыру негіздері, оның ішінде бір мандаттық аумақтық сайлау округі бойынша сайланған депутатты сайлаушылардың бастамасы бойынша кері шақырып алу негізі көзделді.

2023 жылы 1 қаңтардан Парламенттегі заң шығару процесі өзгереді. Енді Мәжіліс заңды қабылдайды, Сенат мақұлдайды. Бұл Парламент палаталары арасында тежемелік әрі тепе-теңдік тетігін қалыптастырады.

Конституцияға енетін өзгеріс пен толықтырулар, конституциялық заңдардың жобасы, сондай-ақ Президент басым деп жариялаған заңдар палаталардың бірлескен отырысында қаралады.

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заңға Мәжіліс және мәслихат депутаттарын мажоритарлық жүйе бойынша сайлау жөніндегі ережелерді заңнамалық тұрғыдан реттеуге бағытталған түзетулер енгізілді.

Заң жобасы аясында аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері ­кезең-кезеңімен сайланады. Қанатқақты режимде бұл норма 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс істейді. Сондай-ақ сайлау науқанының барлық қатысушыларының қаржылық ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған түзетулер және сайлауға шетелдіктердің араласуына жол бермеу жөніндегі шаралар және т. б. түзетулер енгізілді.

2023 жылы 1 қаңтарда күшіне енетін «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» конституциялық заңға енгізілген түзетулер дағдарыстық жағдайға жедел ден қою мақсатында Үкіметке заң күші бар уақытша актіні қабылдау құзыреті беріледі. Бұл – ресми биліктің жедел шешім шығарып, тиімді жұмыс істеуінде маңызды рөл атқаратын заңды тетік.

Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің конституциялық мәртебесін бекіту маңызды демократиялық қадам болды. Конституциялық сот институтын жандандыру, адам құқығы жөніндегі уәкіл мен прокуратураның қызметін күшейту ең қымбат қазына – адам және оның өмірі, құқығы мен бостандығын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.

– Президентке кандидаттар сайлауалды үгіт-насихат жұмысы барысында халықты сайлауға белсенді қатысуға шақыруда. Сіздің ойыңызша, халық дауыс беруге не үшін баруы керек?

– Референдум арқылы қабылданған конституциялық реформаларды сапалы жүзеге асырып, әділетті қоғам құрудың жолы ретінде қабылдауы тиіс. Өйткені саяси науқан – елдің және қоғам өмірінің барлық саласына әсер ететін конституциялық реформаның логикалық жалғасы, іске асыратын жолы.

Тарихи сәтте қоғам бірігіп, әрбір қазақстандық азаматтық ұстанымын білдіруі керек. Жаңашыл жобаларды жүзеге асыруда азаматтардың жаңа сенім мандатын алу өте маңызды.

Ауыл шаруашылығы саласы отандық экономиканың жаңа қозғаушы күшіне айналады. Ол үшін жергілікті жерде жаңа жұмыс орындарын ашу; ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік бастамасын қолдау; жерге қолжетімділікті арттыру көзделеді. Бұл мақсатты іске асыруда ірі жер иеленушілердің пайдаланылмай жатқан жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтару қарқынды жүргізілуде.

Мемлекет алдағы уақытта азық-түлік және су қауіпсіздігі, ауыл халқын кәсіби медицина қызметімен қамтамасыз ету мәселесін шешуі керек. Бүгінде аграрлық секторды өркендетіп, өңдеу, қайта өңдеу бағытында жүйелі жұмыс атқаруы тиіс. Президент фермерлер экономика дамуының жаңа қозғаушы күшіне айналатынын атап өткен-ді.

Ауыл шаруашылығы саласын жандандыруда суармалы жер 2,2 миллион гектарға дейін жетіп, жалпы алаңы екі есеге дейін артады. Сонымен қоса 3,5 мың шақырым суару каналдарын реконструкциялау іске асып, 25 жаңа су қоймасы салынып, жұмыс істеп тұрған 16 су қоймасы реконструкцияланады, бұл қосымша шамамен 4 текше шақырым су жинауға мүмкіндік береді. Мақсат – әр азаматтың, әр отбасының, қоғамның мұң-мұқтажы мен сұранысына жауап беретін Әділетті Қазақстан құру. Реформалардың негізгі индикаторы әділдік болады.

– Тәжірибелі мемлекеттік қызметші ретінде айтыңызшы, елдің әлеуметтік әлеуетін қалай арттыруға болады?

– Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігі Әлеу­меттік кодекстің жобасын әзірлеуде. Әлеуметтік қорғау саласындағы қолданыстағы заңнаманы жетілдіруге және дамытуға негіз болады.

Заң нормасын халықаралық стандарт пен ұсынымға сәйкес келтіруге, отбасын, ана мен баланы қолдауды дамытуға, жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге, арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызмет жүйесіндегі менеджменттің тиімділігін арттыруға және әлеуметтік сала қызметкерінің мәртебесі, кәсібилігін арттыруды көздейді. Әлеуметтік тәуекелдердің алдын алу практикасын енгізуге, көрсетілетін қызметтің сапасын және әлеуметтік қамсыз­дандыру жөніндегі шаралардың тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталады.

– Зайырлы, құқықтық мемлекетпіз дегенді жиі айтамыз. Алайда тәжірибе көрсетіп отырғандай, қолы ұзын адамдар заңды белден басып, берекесіздікке себеп болатынына куәміз. Кәсіби заңгер әрі мәжілісмен ретінде айтыңызшы, заң үстемдік құрған мемлекетке қалай айналамыз? Қазіргі саяси реформалар құқықтық елге айналуда қауқары жете ме?

– Мемлекет басшысы жүргізіп жатқан реформалардың негізгі өзегі – әділдік, заң үстемдігі. Юриспруденцияда құқықтық мемлекеттегі әділдік қағидатын құқық үстемдігі қағидатының призмасы арқылы қарастыру қажет.

Құқық үстемдігі – әмбебап қағида. «Ұлттық деңгейде де, халықаралық деңгейде де құқық үстемдігін жалпыға бірдей қамтамасыз ету және сақтау қажеттілігін» БҰҰ-ға мүше барлық мемлекет 2005 жылы Дүниежүзілік жоғары деңгейдегі кездесудің қорытынды құжатында мойындады (§134).

Құқық үстемдігі ұғымы нақты және болжамды құқықтық жүйені білдіреді, онда әрбір азаматтың билікке ие барлық адам тарапынан заңға сәйкес лайықты, тең құқылы және ақылға қонымды көзқарасқа құқығы бар, сондай-ақ олардың шешімдеріне әділетті сот талқылауы шеңберінде тәуелсіз және бейтарап сотта дауласу мүмкіндігі болады.

Құқық үстемдік (Rule of law) бірнеше пункт бойынша бағаланады. Біріншісі, заң шығарудың транспарентті, есеп беретін және демократиялық процесін қамтитын заңдылық. Екіншісі, құқықтың айқындылығы. Үшіншісі, озбырлыққа тыйым салу. Төртіншісі, әкімшілік актінің үстінен жүргізілетін сот бақылауын қоса алғанда, тәуелсіз және бейтарап соттарда сот төрелігіне қол жеткізу. Бесіншісі, адам құқығын құрметтеу және кемсітпеу. Соңғысы – заң алдындағы теңдік.

Құқық үстемдігі ұжымдық жауапкершілікті сезінетін және оны өзінің құқықтық, саяси және қоғамдық мәдениетінің ажырамас бөлігі еткісі келетін елде ғана сәтті жүзеге асырылатынын айту керек.

P.S: Ұлтымызда «Әкімің әділ болмаса жұрт бұзылады, саудаң әділ болмаса нарық бұзылады» деген ұлағат бар. Елдегі қоғамдық-саяси жүйені құруда осы даналық ескерілмей, жұрттың пиғылын, нарықтың парқын бұзып алды. Енді төраға орынбасарының сөзінше, әділдік қоғамның барлық саласына еніп, жаңарған, жаңғырған елге айналамыз. Сол күнге ертерек жетейік!.. 

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button