Жаңалықтар

Рекордшыл қазақтар

Қытай қазақтары соңғы жыл­дары Гиннестің рекорд­тар кітабына бірнеше мәрте енді. Ұлттық табысты ұлық­таушы бауырларымыз­ салт-дәстүрімізді хал-қаді­рін­ше насихаттап, әлем жұрт­­­шы­лығы алдында паш етіп­­­ жүр. 

Ұлттың «Қаражорғасы»

Қазақ халқының ертеден келе жатқан дәстүрлі билерінің бірі «Қара жорға» екені даусыз. Осыдан төрт жыл бұрын қандастарымыздың ұлтжандылығының арқасында 10 мыңнан астам адам билеп шыққан «Қара жорға» биі Гиннестің рекордтар кітабына енді. Алтай аймағының Өр Алтай деп аталатын қазақтар шоғырланған Шіңгіл ауданында өткен топтық биге 13288 адам қатысқан. Ал, «Қара жорға» биіне дайындық үшін жаттығуға үш-төрт ай уақыт кеткен екен.

Қазақтың қазысы

Жуырда Шыңжаң Ұйғыр автономиялы ауданында дайындалған ұзындығы бір шақырымнан асатын қазы әлемдегі ең ұзын қазы атанып, Гиннестің рекордтар кітабына енді. Қазыны Еміл уезіндегі «Вантун» мал фермасының жұмысшылары ұлттық тағам апталығы аясында әзірлеген. Қазақтың қазысына 5 тонна жылқы еті, яғни, 44 жылқы жұмсалған. Алып қазыны дайындауға тоғыз күн уақыт кеткен. Көпшіліктің назарына ұсыну үшін қазы аумағы киіз үйдей болатын үлкен табаққа қатар-қатар оралып, тау сияқты орналастырылған. Жергілікті қазақтар пісірген қазының ұзындығы –1111 метр. Салмағы – 4572 келі.

Қызай кестесі

Былтыр жаз айында Іле қазақ облысының Нылқы ауданында 10 мың адам қызай кестесін тігіп, Гиннес рекордын жаңартты. Қызай кесте – қолөнердей қазақ халқының сан ғасырлық саф өнерінің жауһары. Аты руға, атағы ұранға айналған Қызай ана кестесі Нылқы қалашығының Таңбалы көшесінде 10 мың 494 шебердің қолымен бір мезгілде дайындалды.

Бұдан бөлек Толы ауданында 10 мың күйшi бір мезгілде күй тартып, қазақ домбырасының құдіретін асқақтатты. Гиннестің кiтабына енген күйдiң аты – «Кеңес». Авторы – Бейсенбi Дөненбайұлы. Сонымен қатар, 2012 жылы Қытайда тұратын қазақ жігіті Болатбек Кәрімханұлы жасаған кішкентай домбыра «әлемдегі ең кішкентай аспап» ретінде рекордтар кітабына енді. Домбыраның ұзындығы – 45 миллиметр, ені – 14 миллиметр.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ,
g.**********@as************.kz

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button