Басты ақпаратҮйренетін үрдістер

Реновацияның мәскеулік үлгісі

Бүгінде әлемнің қала құрылысында «реновация» деген термин өте жиі қолданылады. Ал «renovatio» лексемасы көне латын тілінен «жаңарту», «қайта қалпына келтіру», «жөндеу» болып аударылады. Қазіргі заманда бұл сөз «тұтас құрылымды бұзбай жақсарту, жаңғырту, реставрация үдерісі» мағынасын білдіреді.
Жаһандағы ірі үлкен қалалар арасында кезінде реновация үдерісін бастан кешпегендері некен-саяқ. Бірқатар жылдардан бері елордада да осындай процесс басталып кеткен. Мұнда негізінен шаһардың оң жағалауындағы ескі барак үйлер сүрілуде. Бірақ қарқын оншалықты қатты емес. Тіпті бұрын сүрілген үйлердің орындары да әлі толық игерілген жоқ. Ал біз бүгін Мәскеуде соңғы жылдары реновация бағдарламасы аясында қолға алынған жұмыстарға тоқталып өткенді жөн көріп отырмыз.

Шынында бүгінде Ресей астанасында жүріп жатқан жұмыстарды «серпіліс», «бум», «бұлқыныс» ретінде атап өтуге болады. Мәскеуде реновация бағдарламасы 2017 жылы іске қосылды. Соның арқасында мәскеулік 350 мың отбасы, яғни бір миллионнан астам адам комфорт класты жаңа пәтерлерге кіргелі отыр. Ал бұл бағдарламаларға қандай үйлер енулері керектігін тұрғындардың өздері шешті. Ол сол жылы 15 маусымда аяқталған «Белсенді азамат» және «Менің құжаттарым» атты жобалар бойынша дауыс беру нәтижесімен анықталды. Тамызда қала мэрі Сергей Собянин реновация бағдарламасын бекітті. Мәскеуліктер енді жаңадан табылған алаңқайларда тұрғызалатын немесе сүріліп тас­талған бұрынғы бес қабатты көне үйлердің орындарында бой көтеретін қазіргі заманғы монолитті және панельді үйлерден пәтер алатын болды. Сол жылғы 26 қыркүйекте реновация бағдарламасы жүргізілетін құрылыс алаңдарының тізімі жарияланды. Таңдау кезінде қала тұрғындарының пікірлері ескеріліп, бұдан әрі махаллалық құрылысты жүзеге асыруға бағыт ұсталды.
Сөйтіп, бағдарламаға қандай үйлердің кіретінін тұрғындардың өздері таңдады. Дауыс беру қорытындысында оған 5173 бесқабатты ескі үй енгізілді. Нәтижесінде бағдарламаға қатысушылар көп ұзамай өздері тұратын аудандарда жаңа тұрғын үйлер алуға кірісті. Алғашқы үйлер 2018 жылдың ақпан айында салынып бітіп, өздерінің жаңа тұрғындарын қабылдай бастады.
Реновациялық үдеріске Мәскеу­дің негізінен ертеден бері келе жатқан, қазіргі қала сәулеті кескініне жауап бере алмайтын ескі үйлері енген. Олар шаһардың сыртқы шеңберіне жақын аудандарда орналасқан. Солардың бірі – Оңтүстік округіндегі «Москворечье-Сабуров» ауданындағы жаңа үйлердің құрылысы жылдың соңына дейін пайдалануға берілгелі тұр. «Қазір мұндағы үйлердің ішкі жұмыстары жүріп жатыр, құрылысшылар қасбетті құрастыруды аяқтап қалды. Үй биылғы жылы тұрғындарын қабылдайды» дейді Мәскеу құрылыс департаментінің жетекшісі Андрей Бочкарев.
Әртүрлі қабатты деңгейдегі бұл үйлер «Борис тоғаны» және «Мәскеу өзені-Сабуров» аудандарында бой көтерген. Олардағы 313 пәтердің аумағы 19,5 мың шаршы метрді құрайды. Департамент басшысының айтуынша, пәтерлердегі ішкі жұмыстар Мәскеу үкіметі бекіткен реновация стандарттарына сай жүргізіліп жатыр екен. Осыған сәйкес, бөлмелер ашық түсті фризелинді тұсқағаздармен қапталып, төбелері латекс акрилді бояумен боялуда. Ал сантехникалық тораптар, балкондар мен лоджиялар едендеріне, кіреберіс пен асүй аумағына – ашық бояулы керамогранит, бөлмелерге «ашық емен» түсіндегі ламинат төселеді. Пәтерлерге ванна, унитаз, сүлгі кептіргіш орналастырылады. Асүй плитамен және ыдыс-аяқ жуатын орынмен қамтамасыз етіледі, оның жұмыс істелетін ұзына бойына керамикалық фартук жапсырылады. Терезелерге шыбын-шіркей жібермейтін торлар қағылып, бөлмелер арасына шпондалған есіктер қойылады, ал сыртқы металл есік жылу сақтағыш материалдармен қаусырылады.
Үйлердің барлығында да техникалық жертөле мен шатыр асты қабаты жасалады. Қасбеттер керамогранит және фиброцемент плиталармен қапталады, кондиционерлерге арналған кәрзіңкелер орнатылып, лоджиялардың әйнектері жабылып беріледі. Бірінші қабатта тұрғын үйлер болмайды, мұнда дүкендер, дәмханалар, сұлулық салондары, спорт клубтар, балаларға арналған секциялар мен үйірмелер қанат жаяды. «Оңтүстік округте реновация бағдарламасына 1,4 миллион шаршы метрді алатын 378 үй енгізілді, ал «Мәскеу өзені-Сабуров» аумағында тұрғындар 11 үйден жаңа пәтерлер алады. Бұл ауданда «Борис тоғаны» мен Кашира тасжолы мекенжайлары бойынша үй тұрғызылатын екі сөрелік алаң таңдап алынды» дейді Бочкарев.
Енді жылдың соңына дейін Мәскеудің барлық аудандарында бос жатқан жерлерде құрылыс жұмыстары басталып кеткелі тұр. Қала мэрі Сергей Собянин 3 қыркүйекте өткен Мәскеу үкіметі, төралқа отырысында реновация бойынша құрылыс жүретін аудандардың қосымша мекенжайларын бекітті. Осылайша, сүрілуге жататын бес қабатты тұрғын үйлерден көшіп келетіндерге жаңа жайлар салу үшін алты ауданның бесеуінен 6 учаске тапты. Оларға 100,4 мың шаршы метр тұрғын үй тұрғызылады. Мұнда 16 бес қабатты үйден 3,6 мың тұрғын көшіп келе алады. Бұлардағы 1437 пәтердің жалпы ауданы 64 мың шаршы метрді құрайды.
«Бізге бүгін көшіп келушілердің алғашқы толқынын қабылдау үшін 5 миллион шаршы метрден астам тұрғын үйлер салатын алаң таңдап алудың орайы келді, – дейді Мәскеу мэрінің орынбасары Марат Хуснуллин. – Бұл – бағдарламаның 30 па­йызы сөрелік алаңмен толық қамтылды деген сөз. Бұған енді ескі үйлерді сүріп тастау жолымен салынатын тағы 2,5 миллион шаршы метрлік тұрғын үйді қосыңыз. Сонда біз жалпы саны 7,5 миллион шаршы, яғни реновация үшін керекті көлем – 16 миллионның жартысына жуығын аламыз. Жыл соңына дейін барлық аудандардан реновацияға қажетті бос учаскелерді табамыз».
Сонымен Мәскеуде реновация бағдарламасы бойынша салынатын 37 жаңа үйге 70-ке жуық ескі үйдің тұрғындары көшіп барғалы тұр. Олар Кремльді қаланың Солтүстік, Шығыс, Оңтүстік, Оңтүстік-Шығыс, Батыс және Оңтүстік-Батыс деп аталатын жеті округінде орналасқан. Осы күзде, сондай-ақ, мұндай жұмыстарды Мәскеудің орталығына, Пресня ауданына көшіру де жоспарланып отыр. Қала мэрі орынбасарының айтуына қарағанда, бүгінде мұнда 46 жаңа үйдің құрылысы салынып біткен, тағы 115-і салынып жатыр. Жылдың соңына дейін 12 мың адам жаңа үйлердің ордерлерін алады. Реновация бағдарламасы бойынша қатарға қосылатын 5173 тұрғын үйге миллионнан астам тұрғынды көшіріп біту 2032 жылы толық аяқталуға тиіс.
Енді әлемдегі ірі қалаларда қолға алынған реновация бағдарламасының тарихына келсек, ол алғаш рет бұдан 65 жыл бұрын қолға алынған. Ол президент Эйзенхауердің кезінде 1954 жылы Миссури штатындағы Сент-Луис қаласында басталды. Бағдарлама «Приюитт-Айгоу» деп аталды. Жұмыс жас архитектор М.Ямасакидің жобасы бойынша жүргізілді. Қаланың жанындағы ашық алаңдар мен біріне-бірі мінгескен лашықтары аудандарына қанат жайған жұмыстың нәтижесінде жыл ішінде 33 бір текті он бір қабатты үйлер пайда болды. Олардың жандарына шағын жасыл желекті аудандар пайда болды, ал пәтерлер қарапайымдылығымен және тұрмысқа қолайлылығымен ерекшеленді.
Бұл жұмыстардың тиімді болғаны сондай, артынша оның тәжірибесі АҚШ-тың басқа қалаларына, содан кейін әлемнің түкпір-түкпіріндегі тұрғындары аса тығыз ірі қалаларға тарай бастады.

Расул АЙТҚОЖА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button