Басты ақпаратСаясат

Ресейлік әріптесімен келіссөз жүргізді

Премьер-министр Асқар Мамин Мәскеу қаласына жұмыс сапары аясында Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустинмен келіссөз жүргізді. Үкімет басшылары сауда-экономика, қаржы-инвестиция, транзиттік-көлік, ауыл шаруашылығы, мұнай-газ химиясы, энергетика, ғарыш салаларындағы Қазақстан-Ресей ынтымақтастығын одан әрі арттырудың келешегін, сондай-ақ өнеркәсіптік кооперация аясындағы жобаларды талқылады.

[smartslider3 slider=701]

Еуразиялық экономикалық одақ форматындағы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері, сондай-ақ COVID-19-дың таралуына қарсы күрес және екі елдің экономикалары үшін пандемия салдарын жою жөніндегі бірлескен шаралар қаралды.

А.Мамин екі елдің ұлттық экономикаларының белсенді қалпына келуі аясында Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-экономикалық қатынастар мен инвестициялық ынтымақтастық дамуының жоғары қарқынын атап өтті. Осы жылдың 8 айында елдер арасындағы тауар айналымы 14,7 млрд АҚШ долларына дейін, яғни 27 пайызға өсті. 2021 жылдың қорытындысы бойынша тараптар бұл көрсеткішті 20 млрд долларға дейін жеткізуге ниеттеніп отыр. 2021 жылдың бірінші жартысында Ресейдің Қазақстан экономикасына тікелей инвестицияларының көлемі 17 пайызға артып, 704,9 млн АҚШ долларын құрады. Қазақстанда Ресей капиталының қатысуымен 10 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді, бұл шетелдік қатысуы бар кәсіпорындардың жалпы санының 36,1 пайызын құрайды. Өнеркәсіптік кооперация саласында құны 1,7 млрд долларды құрайтын 8 бірлескен ірі жоба іске асырылуда.

Ресей Федерациясы Үкіметінің үйлестіру орталығында А.Мамин мен М.Мишустин көлік инфрақұрылымының озық дамуы, екі елдің транзиттік әлеуетін және аймақтық өзара көлік байланысын нығайту, оның ішінде «Батыс Еуропа-Батыс Қытай», «Солтүстік-Оңтүстік» дәліздері және ЕАЭО кеңістігіндегі басқа да бағыттар шеңберінде ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады. Биылғы 9 айда Қазақстан мен Ресей арқылы Орталық Азия, Еуропа, Қиыр Шығыс бағыттарына 599,5 мың жиырма пұттық эквивалент (ЖПЭ) тасымалданды, бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 37 пайызға артық. Қытай-Еуропа-Қытай бағытындағы транзиттік контейнерлік тасымалдар көлемі 493,5 мың ЖПЭ-ні (+38 пайыз) құрады.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button