Жаңалықтар

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БЮДЖЕТТІҢ АТҚАРЫЛУЫ ҚАЛАЙ?

Қозы-Көрпеш Жаңбыршин

Өткен жылы республикалық бюджет қалай атқарылды? Қанша қаржы игерілмей қалды? Кеше Орталық коммуникациялар қызметінің брифингіне келген Есеп комитетінің төрағасы Қозы-Көрпеш Жаңбыршин осы сұрақтарға жауап берді.

Ә дегеннен сандарды сөйлеткен төраға: «2013 жылы Есеп комитеті 26 бақылау шарасын жүргізді. Бұзушылықтардың жалпы сомасы – 854, 4 млрд теңгені құрады. Оның 196, 2 млрд теңгесі – республикалық бюджет қаражаты. Құқық қорғау органдарына 24 бақылау материалын жібердік. Олардың алтауы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Өтелуге жататын 45 млрд 200 млн теңгеден 34 млрд 200 млн теңгесі бюджетке қайтарылды, қалған соманың өтелуі ерекше бақылауымызда тұр. Есептік кезеңде лауа­зымды адамдардың 139-ы тәртіптік, 55-і әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Есеп комитеті Үкіметке, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар мен квазимемлекеттік сектор субьектілеріне 68 ұсыным мен 309 тапсырма жіберіп, олар 98 пайызға орындалды» деді.

Оның айтуынша, бюджеттің атқарылуын тежейтін бірнеше проблема бар. Сол түйткілдерді жіпке тізсек: республикалық бюджет қаражатын сапасыз жоспарлау, бюджет қаражатын игермеу, салықтық және кедендік органдардың жіберген кемшіліктері, квазимемлекеттік сектор субьектілерінің қаражатты тиімсіз пайдалануы, стратегиялық және бағалау құжаттарын сапасыз іске асыру, инвестициялық жобалардың уақытылы іске асырылмауы, трансферттерді пайдалану кезіндегі бұзушылықтар болып кете береді.

Осылардың ішіндегі инвестициялық жобаларға тоқталсақ, қаржыландырудың уақытылы жүзеге асырылмауы, конкурстық рәсімдерді өткізу мерзімінің созылуы, жобалау-сметалық құжаттаманың сапасыз әзірленуі, салалық сараптамалардың тиісті деңгейде жүргізілмеуі сияқты түйткілдердің көлденең шығуы жобалардың іске асырылуына көлеңке түсіріп тұр. Мәселен, есептік кезеңде 208 инвестициялық жобаның 103-і ғана іс жүзінде аяқталған. Оларға бөлінген 328,6 млрд теңгенің 12,8 млрд теңгесі игерілмеген. Әсіресе, өңірлерде бұл іс өте баяу. Атап айтар болсақ, Шығыс Қазақстан облысында – 25, Солтүстік Қазақстан облысында – 15, Павлодар және Қарағанды облыстарында – 13, Ақмола облысында – 7, Алматы қаласында 6 инвестициялық жоба аяқталмаған. Жалпы, Үкіметтің есебі бойынша былтыр 43,2 млрд теңге игерілмеген. Осыншама қаржыны тек мемлекеттік органдар игере алмай қалған. Осыған Есеп комитетінің сандарын қоссақ, яғни жергілікті атқарушы органдары пайдаланбаған және қайтарған нысаналы трансферттерін, квазимемлекеттік сектор субьектілерінің шоттарында қалған қаражатты – барлығы 131,8 млрд теңге болып шығады.

Аталмыш түйткілдерді мемлекеттік аудит шешуі тиіс. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында озық әлемдік тәжірибе негізінде мемлекеттік аудит жүйесін құру тапсырмасын берген болатын. Бұл жөнінде Қозы-Көрпеш Жаңбыршин: «Қазір Парламентте «Мемлекеттік аудит және мемлекеттік бақылау туралы» Заңы жатыр. Бұл Заң биыл қабылданып, жұмыс істей бастаса, келесі жылы біз мемлекеттік аудитке көшеміз. Бірақ, Есеп комитеті осы Заң күшіне қашан енеді деп күтпей, осы Заңмен байланысы бар 60-тан астам нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеуде» деген мәліметті бере кетті.

Аманғали ШМИТҰЛЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button