Республика күні – Тәуелсіздік бастауы

Елорданың Достық үйінде Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен «Республика күні – Қазақстан тәуелсіздігінің бастауы» тақырыбында ғылыми-практикалық конференциясы өтті.
Астаналық қоғамдық құрылымдардың, этномәдени бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың басын қосқан конференцияда қалалық ассамблеяның Ғылыми-сараптамалық тобының мүшелері баяндама жасады. Конференция жұмысын бастаған Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдаулет Әлмұханов ел бірлігін сақтап, отанымыздың тарихи-мәдени құндылықтарын сақтауда, байытуда және насихаттауда ғылыми-зерттеу ұйымдары мен Ассамблея сияқты қоғамдық ұйымдарының жұмысының маңызына тоқталды.
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы декларацияның қабылдануы Қазақстан мемлекеттілігі тарихындағы жаңа кезеңнің негізін қалаған ел дамуының бетбұрыс белгісі болды. Ол демократиялық әлеуметтік-бағдарланған және құқықтық мемлекет құруды жариялағанын айтқан Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының Ғылыми-сараптамалық тобының төрағасы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Тілеген Садықов 1990 жылғы 25 қазан – Тәуелсіздіктің бастауы екенін баяндап өтті.
Одан кейін Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Академияның мемлекеттік басқару институтының директоры Зұлфуқар Ғаипов, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Алима Ауанасовалар баяндама жасап, заманауи коммуникация арналарының мүмкіндіктерін пайдалана отырып, декларацияның негізгі ережелерін насихаттау және түсіндіру бойынша ағартушылық жұмысты жандандыруды ұсынды.
Республика күніне арналған ғылыми-практикалық конференциясы жұмысының соңында арнайы қарар қабылдады. Онда ел дамуының мемлекеттілік кезеңдерін зерделеуде әлеуметтік ғылымдар өкілдерін тарту маңызды екені қамтылды. Сондай-ақ жастар арасында ұлттық сананы қалыптастыра отырып, Қазақстан Тәуелсіздігі кезеңінің жетістіктерін насихаттау мәселесі сөз болды.