Басты ақпаратМәдениет

Ретро әндер шырқалды

Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония ұжымы қос концерт ұсынды. Алғашқысы – «Сарыарқа» халық музыка ан­самблінің «Сол бір кез» аталған кешінде ретро әндер шырқалды. Ал екіншісінде камералық хор «Тал бесіктен – жер бесікке…» атты театрландырылған қойылым көрсетті.

Ескі болса да, ешқашан ескірмейтін есті әндер кешінде халық әндері, Шәмші Қалдаяқов, Әбілахат Еспаев, Әсет Бей­сеуов, Ескендір Хасанғалиев, Жақсыгелді Сейілов, Төлеген Мұхамеджанов сынды қазақтың көрнекті композиторлары мен Исаак Дунаевский, Владимир Шаинский, Александр Зацепин секілді кеңес және орыс сазгерлерінің туындылары шырқалды. Сондай-ақ елге сүйікті фильмдердің әндері мен әуендері қалықтады. Атап айтқанда, «Тақиялы періште», «Махаббат бекеті», «Кавказ тұтқыны», «Ы» операциясы», «Сәттілік джентельмендері», «Иван Васильевич мамандық ауыстырады», т. б. кинолардың шығармалары шарықтады.

Кеште «Сарыарқа» ан­самблімен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Азамат Жылтыргөзов, Арайлым Рақымқызы, Ұлықпан Жолдасов, Светлана Айтбаева, Алтынай Жорабаева, мәдениет саласының үздігі Нұрай Танабаев, Естай Мұқашев, Зарина Омарова, Жақсыгелді Маясаров, Нұрбол Балапанов, Ақбота Құснадин, Фарида Жолдасова, т. б. әншілер мен «Әлем» заманауи би балеті өнер көрсетті.

«Тал бесіктен – жер бесікке…» – қазақтың дәстүрлі әдет-ғұрпына негізделген хор қойылымы. Қойылымда қазақ халқының даналығын, кең пейілін, қонақжайлығын, философиясы мен дүниетанымын ашатын салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардың өзіндік кешені драматургиялық тұрғыда құрылған.

Хор әртістері ұлттық киімде, ұлттық нақыштағы сахнада өлеңдерді көркемдеп оқып, Дәулеткерейдің «Қамажай», «Қосалқа», «Қуырмаш», Е.Хасанғалиевтың «Келші, келші, балашым», Құрманғазының «Балбырауын», «Он алты қыз» және т. б. хорға арнап өңделген қазақтың халық әндері мен қазақ композиторларының шығармаларын орындады.

Концертке камералық хордың орындаушылары – Жұбаныш Зетова, Индира Айтберген, Абылай Ерболат, Еркебұлан Әбдіқалықов, Мәди Айтасов, Бақытгүл Шәкім, Ғазиза Жүсіпбекова, халық әні бөлімінің әртістері – мәдениет саласының үздігі Данияр Мұқан, Сәулежан Тағзия, Өзгеріс Шерікбай қатысты. Жетіген партиясын «Сарыарқа» халық музыкасы ансамблінің әртісі, мәдениет саласының үздігі Қарагөз Гасимова орындады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button