Денсаулық

Ревакцинация: үшінші дозадан үміт не?

Жыл басынан бері коронавирусқа қарсы жаппай вакцинация кезінде екпенің екеуін де алған қазақстандықтар саны 7,5 млн-нан асты. Ерікті немесе еріксіз түрде болса да вакцина салдырғандарды енді екпенің үшінші дозасы күтіп тұр. Қос компоненттен кейін ауру жұқса да, ауыр дерттен ажал құшпай аман жүру мүмкіндігі зор болды. Ал үшіншісінің тиімділігі неде? Әзірге жаппай ревакцинация жайлы айтылмаса да, осы айда елімізде тек тәуекел топтары үшін қайта вакцинациялау басталады.

[smartslider3 slider=708]

Денсаулық сақтау министрлігі ревакцинация туралы биыл 13 қазанда хабарлады. «Халықаралық тәжірибені ескере отырып, коронавирусқа қарсы вакцинацияның толық курсын аяқтағаннан кейін 6-9 айдан кейін қосымша дозаны енгізу ұсынылады» деді А.Цой бұл туралы алғаш мәлімдегенде. Сонымен, егер сіз жыл басында «Спутник-V» алған болсаңыз, онда 9 айдан кейін Sinopharm, CoronaVac, Hayat-Vax, QazCovid-in немесе Pfizer салдыра аласыз. Яғни министр айтқандай, ресейлік екпе векторлық болғандықтан, келесісі белсенді емес немесе М-РНК-вакцина болса жөн екен. Ал керісінше бұған дейін Sinopharm, CoronaVac, Hayat-Vax, QazCovid-in салдырсаңыз, 6 айдан кейін «Спутник V» немесе Pfizer-мен ревакцинация жасатасыз. Бұл ретте сіздің бірінші салдырған екпеңіз – белсенділігі жойылған вакциналар, оған ревакцинация ресейлік векторлы немесе америкалық М-РНК-вакцинамен жүргізілуі тиіс. Бұрын Pfizer салдырсаңыз, 6 айдан кейін Sinopharm, CoronaVac, Hayat-Vax, QazCovid-in немесе «Спутник V» алғаныңыз жөн. Вакцинаның екі дозасынан кейін ауырып қалсаңыз, 3 айдан кейін қайта егіле аласыз. Артынан министрлік бұрынғы алған вакцинаңызды қайта салдырамын десеңіз де рұқсат деп мәлім етті.

Алғашқы лекте – тәуекел топтары

Елімізде жаппай вакцинация биыл 1 ақпанда «Спутник V» екпесімен басталып, 26 сәуірде отандық QazVac екпесімен жалғасты. Министрлік өкілдері осы екі вакцинамен алғаш егілгендердің үшінші дозаны алу уақыты 20 қарашаға келіп тұрғанын айтады. Себебі ресейлік екпенің екінші дозасын 21 ақпанда, қазақстандық екпенің екінші компонентін 20 мамырда алғандардың ревакцинация мерзімі сәйкесінше 6-9 айдан кейін осы қарашаның соңына түсіп тұр. ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетованың ревакцинация жасалатындар деп айтып отырғаны – сол кезде ең бірінші болып екпе алған елдегі тәуекел топтары қатарына кіретін азаматтар. Олардың саны – шамамен 70-100 мың адам, бұл топтағыларды биыл жыл соңына дейін үшінші рет егу аяқталуы керек. Ал келесі жылдың бірінші тоқсаны аяқталғанға дейін үшінші дозаны елде 800 мың адам алады деп есептеліп отыр. Соның 650 мыңдайы «Спутник V» екпесін, қалғандары инактивті екпелерді салдырған.

– Екпені қайталап салу вируспен күресте адам иммунитетін күшейте түседі. Ревакцинацияны да бастайтындар сол баяғы жыл басында вакцинаны алғаш алғандар, яғни тәуекел тобына жататын медицина қызметкерлері, педагогтар, Қарулы күштер қызметкерлері, қарттар және мүгедектер, балалар үйлеріндегілер мен оларға қызмет көрсететіндер және басқа да медициналық-әлеуметтік мекемелер өкілдері, сонымен қатар жасы 60-тан асқан азаматтар, тест бойынша ағзасында коронавирусқа қарсы антидене мөлшері теріс нәтиже көрсеткендер. Осы топтағылардың бәрінің ауруды қайта жұқтырып алу қаупі басым. Ал басқа азаматтарды ревакцинациялау тактикасын иммундау жөніндегі ұлттық консультативтік комиссияның ғалымдары анықтайтын болады, – деді А.Есмағамбетова.

Жаппай ревакцинация қажет пе?

Ревакцинация мәселесін біздің мамандар шетел тәжірибесі және ДДҰ ұсынымдары арқылы зерттей келе, кей елдерде бастапқы жаппай вакцинациялаудың ұжымдық иммунитет қалыптастыруда жеткіліксіз екеніне көз жеткізген. «Қазақстанда да сондай жағдай. Алайда бастапқы вакцинациялау әлі аяқталмай жатып жаппай ревакцинация туралы айтуға ерте. Әзірге екпенің екінші дозасын алғандар қатарын тиісті деңгейге жеткізуге күш салу керек. Жыл соңына дейін 11 млн қазақстандық екпе салдырады. Ал қазір елдің 37 пайызы ғана екпе алды. Екпенің екінші компонентін алуды тездетпесе, вирус тағы мутацияға ұшырайды. Алдағы уақытта екпеден кейін жоғары иммунитеттің қаншалықты ұзаққа жететіні және ревакцинация тиімділігі туралы дәйекті ақпараттар шығатынына күмәнім жоқ. Егер Қазақстанда екпе алғандар арасында да науқастар саны артып, олардың да ауыр жағдайға душар болуы жиілейтін болса, жаппай ревакцинацияны бастауға сол негіз болуы мүмкін» деп болжайды А.Есмағамбетова. Дегенмен әзірге елдегі эпидахуал тұрақты деп жұбатты ол. Себебі биыл ақпан айынан бастап ауруға шалдыққандардың ішінде екпе алмағандар 97-97,5 пайыз болса, вакцина алғандар үлесі небәрі 2,5-3 пайызды құрап отыр. Сондықтан ведомстволық министрлік жаппай ревакцинация туралы әңгіме қозғап отырған жоқ.

«Тек иммунитеті төмен болса ғана қайта вакцинация жүргізу қажеттілігі туындайды. Қазақстанда қазір онсыз да медицина қызметкерлеріне түсіп жатқан жүктеме көп, сондықтан ревакцинация олардың жұмысын одан сайын күрделендіріп жібереді» дейді «Ақниет» қазақстандық денсаулық сақтау қызметкерлерінің кәсіподағы төрағасы Бақытжан Тәжібай.

Pfizer кімдерге арналған?

Өткенде елордадағы «Шипагер» отбасылық емханасында анықтама алу кезегінде тұрғанда жүкті әйелге іштегі медбике енді жүктілігі туралы медотвод берілмейтінін, оларға 10 қарашадан бастап Pfizer екпесі салынатынын хабарлады. Жалпы бұл вакцинаны биыл қыркүйекте Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі елдегі уақытша тіркелген вакциналар тізіміне қосқаны мәлім. Сол кезде министрлік ата-анасының келісімі бойынша 12 жастан асқан балаларға аталған екпені егу жоспарланғанын айтқан. Артынан бұл екпені  жүкті және емізулі әйелдерге де салуға болатыны мәлімделді. Ал 6 қазан күні Денсаулық сақтау министрі коронавирусқа қарсы Pfizer екпесінің 4 миллион дозасын елге жеткізу бойынша келісім жасалғанын хабарлады. Сөйтіп -80 градуста ғана сақталатын екпе үшін елімізде арнайы тоңазытқыштар дайындала бастады. Pfizer – ДСҰ мен Еуропа алғаш мойындаған вакциналардың бірі. Германиялық ғалымдар ойлап тауып, АҚШ-та шығатын бұл екпенің тиімділігі 95 пайыздан асады. Енді оны біз бүгінде ревакцинациялау бойынша екпелер қатарынан көрдік. Бірақ А.Есмағамбетова аталған екпе тек аталған 3 топтың өкілдеріне ғана салынып, солардан ауысып жатса ғана оны халықтың басқа санаттарына салу қарастырылатынын жеткізді.

Төлқұжаты «жасандылар» тығырықта

Елімізде жаппай вакцинация басталысымен ел ішінде екпе төлқұжатын қолдан жасатушылар көбейді. Қазір мемлекет деңгейінде ондайлармен күрес жұмыстары қарқынды жүргізіледі. Жалған құжат жасағандар 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал оны пайдаланғандар 40 тәулікке дейін қамауға алынады. Бірақ оларды алдағы уақытта бұл жазалардан басқа мәселе қинауы мүмкін. Себебі жалған құжат жасатып, екпе салдырудан «құтылып» кеткендердің ревакцинация мәселесі қалай болмақ? Екпенің екі дозасын шын алғандармен бірге есептелетін олар үшінші дозаны бірден алса, бұл олардың денсаулығына теріс әсер етпей ме? Шынымен дертке шалдығар болса, емдеу кезінде екпесі бармен бірдей ем-шара алып, денсаулығына нұқсан келтіру қаупі жоқ емес.

Осыған орай, биыл қыркүйек айында Денсаулық сақтау министрлігі екпе төлқұжатын сатып алған қазақстандықтарға дертке қарсы екпе алуға көмектесуге дайын екенін де мәлімдеді. Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов қателік жасаған адамдарды қылмыс­тық жауапкершілікке тартпауға сендірген болатын.

Өзгелер қайта егуді ерте бастады

Әлемде ревакцинацияны бірінші бастап кеткен ел – Израильде қазір халықтың ересек топтарының 45 пайызы екпенің үшінші дозасын алды. Елдің ғалымдары ревакцинация басталғаннан көп өтпей-ақ дерттің ауыр өтуінен қорғану деңгейі 5-6 есеге күшейгенін байқаған.

Қазақстандық дәрігер Александр Шинкаренко әлеуметтік желідегі парақшасында: «Ревакцинация жөнінде АҚШ-та да, Еуропа елдерінде де белсенді талқыланып жатыр. Америкадағы вакцинация қауіпсіздігін бақылайтын ұйым осы деректерді зерттеуде. Бірақ ДДҰ қайта вакцинациялау ұсынысын қатты қолдамайды. Олар соның орнына вакцина жетпей жатқан кедей елдерге көмектесуді жөн көреді» деп жазды. Дәрігер біздің елде де қайта вакцинациялау қажет деп санайды. Себебі иммунизациядан кейін алты айдан соң вирусқа қарсы иммунитет төмендейді деген деректер пайда болуда.

Ревакцинация туралы медицина профессоры Алмаз Шарман да ойын жазды. «Pfizer/BioNTech екпесін салдырған Израильдің 5 млн-ға жуық азаматы халықаралық кең ауқымды зерттеуге қатысқан еді. Сонда екпе алғаннан кейін 4-7 ай өткенде адамның иммундық қорғанышы барлық жас айырмашылығы бойынша 96 пайыздан 84 пайызға төмендеп кететіні белгілі болған. Дегенмен вакциналар коронавирустың өте ауыр түрлерінен тиімді сақтай береді» дейді ол. Авторлар Pfizer екпесінің бірінші дозасын алғаннан кейін бустерлік дозасымен ревакцинация жүргізген жөн деген пікірге келген.

 

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button