Денсаулық

Ревакцинациямен дертті бірге жеңеміз

Вакцина алғаннан кейін 6 немесе 9 ай өткен соң ревакцинация жүргізу қажеттілігі жаңа штамдардың пайда болуымен байланысты туындады. Түрлі штамдарға ағзаның иммунитетін қалыптастыру үшін ревакцинация жасау керек. Адам бойында антидене болса да, қайтадан екпе алу маңызды.

[smartslider3 slider=1826]

Сонда ғана дендеген дерттің бетін қайтарамыз. Медицина мамандарының бұл тұжырымы бір жылдан бері өзектілігін дәлелдеді. Сол себепті елімізде қазір жаппай ревакцинация қарқынды жүргізілуде.

18 қаңтарда елдегі эпидемиологиялық жағдай және ­«Омикрон» штамының айналымы туралы брифинг өткізілді. Сонда ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов елімізде коронавирус індетінің өршуіне байланысты алдын алу шараларын сақтап, тойды, жиынды, отбасылық мерекелерді, негізсіз басқосуды, қыдыруды уақытша тоқтату керектігін қатаң ескертті.

«Біз коронавирус зардабынан екі жылда 18 326 адамнан айырылдық. Бейбіт күнде арамыздағы ардақтыларымызды жоғалттық. Қаталдау естілсе де айтайын, көп жағдайда осыған өзіміз кінәліміз. Науқас адам оқшау­лануы керек. Бұл – бүгінгі күннің, қазіргі жағдайдың талабы. Бұл – айналадағы сіз жақсы көретін адамдарға қауіп төндірмеудің жолы, жалпы саналы қоғамның әр азаматының мойнына алатын жауапкершілігі. Әлеуметтік жауапкершілікке әкелетін саналы қоғам қалыптастыруға әр азамат өз үлесін қосуы керек. Осы орайда қалыптасқан иммунитетті сақтап қалудың бірден-бір жолы – ревакцинациялау. Вакцина алғанына 6 ай өткен азаматтар қайта екпе алуы қажет! Бұл ретте Қазақстанда қолданылатын барлық вакциналар – тиімді әрі қауіпсіз. Оны уақыттың өзі дәлелдеді» деді Е.Тоғжанов.

Індеттің бесінші толқыны өтуде 

«Омикрон» штамының таралуымен Қазақстанда коронавирус індетінің бесінше толқыны өтуде. ҚР Денсаулық сақтау минис­трі Ажар Гиният аталған брифингте осылай деді. Расымен жаңа штамм әлемде де жылдам таралуда. Әсіресе, Еуропа елдеріндегі халықтың 50 пайызы вирустың соңғы нұсқасын жұқтырған. Мамандар бұл штамды қарапайым тұмау деп қабылдауға болмайтынын ескертті. «Омикрон» штамының ерекшелігі – тез жұғатынында және оны қайта жұқтыру қаупі жоғары. Таралу коэффициенті – 1-5. Ол Дельта нұсқасынан 70 есе жылдам таралады. Соның салдарынан елімізде індет соңғы айда бірден 20 есе өсті. Пандемия басталғалы дерттің таралуы жағынан мұндай үлкен көрсеткіш бірінші рет болып тұр. Түркістаннан басқа өңірлердің бәрі – «қызыл аймақта». Солардың ішінде ауру санының көптігі, науқастардың жұқтыру қаупі жағынан елімізде 4 аймақ – Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау, Қарағанды көш бастайды. Желтоқсан айының соңында стационарларда 3 мыңнан аз адам ем алса, бүгінде науқастар саны 7 мыңнан асты. Емханаларда жатып емделетін науқастар саны да 4,8 есеге артты. Бір ғана Нұр-Сұлтан қаласы бойын­ша стационарларда ем алатын адамдардың саны 200 адамнан 1000-ға дейін, яғни 5 есеге өскен. 1547 адам қайталап ауырған. Бұл жағдай Денсаулық сақтау жүйесіне үлкен жүктеме артып отыр. Осыған байланысты ведомствоаралық комиссия қосымша шектеу шараларын қабылдады. «Енді вакцинациялау мәртебесіне қарамастан, шетелден келгендердің барлығында теріс ПТР тес­тінің болуы міндеттелді. «Ashyq» жобасы бойынша «жасыл» мәртебе болғанда ғана жұмыс істеуге рұқсат етілген объектілер тізбесі кеңейтілді. Өңірлердегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты оқушыларды, студенттерді оқытуға дифференциалды тәсіл қолданылады. Халық көп жиналатын орындарға қосымша шектеулер енгізілді. Бұл мәжбүрлі шаралар, ең алдымен, азаматтарымызды қорғауға бағытталған» деді А.Ғиният.

Қолдағы екпе қоры жеткілікті

Бүгінде елімізде коронавирусқа қарсы екпелердің 5 млн дозасы бар. Соның 2,8 млн дозасы бастапқы вакцина үшін, 2,2 млн дозасы ревакцинация үшін қолданылуда. Осы екпенің ішінде отандық «QazVaс»-тың 500 мың дозасы, «Sinopharm»-ның 1млн 300 мың дозасы, «Спутниктің» 500 мыңдай дозасы және «Pfizer»-дің 2500 дозасы қалған. Бұл вакциналардың бәрі вакцинацияға да, ревакцинацияға да қолданылады. Алайда ҚР ДСМ санитарлық-­эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы ­Айжан Есмағамбетованың айтуынша, «Спутник V» екпесі ғана ревакцинация­ға қолданылмайды. «Бұл екпенің екі компоненті екі түрлі екені естеріңізде шығар. Сол себепті ревакцинация үшін оның орнына «Спутник Лайт» екпесі салынады» деді ­А.Есмағамбетова. Оның айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстанда «СҚ-Фармация» қоймаларына, яғни 4 өңірдегі дәрі-дәрмек хабтарына 150 мың доза «Спутник Лайт» жеткізілді. Осы апта соңына дейін вакцина көлемі өңірлерге бөлініп, жеткізілетін болады. «Спутник Лайт» – ревакцинация үшін қолданылатын бір компонентті вакцина. Ол Н.Ф.Гамалеи атындағы НИЦЭМ Ресей тікелей инвестициялар қорымен бірлесіп әзірленген. Ресейдің тікелей инвестициялар қорының мәліметтері бойынша препараттың тиімділігі 79,4% құрайды. Аталған вакцинаның қауіпсіздігі бірқатар елдерде: БАӘ, Бахрейн, Аргентина, Ресей, Мексика, Сербия, Сан-Марино, ­Филиппин, Ливия, Парагвай, ­Венгрия, Әзербайжан және Белоруссияда вакцинация бойынша нақты деректермен расталған. «Бүгін екпе алсаңыз, келешекте жұққан аурудың жеңіл өтуін қамтамасыз етесіз. Ревакцинация тиімділігі вакцинация әсерінен де асып түсетіні бұрыннан дәлелденген. Сонымен қатар, ревакцинация аурудың ауыр түрлерінен, ауруханаға жатқызудан және өлімнен 70%-ға дейін қорғайды. Кешенді вакцинациядан өткен соң ғана біз өлімді тоқтатып, аурудың алдын ала аламыз» деді А.Есмағамбетова. Қазақстан аумағында халықты вакцинациялау үшін «Biontech», «QazVac», «Спутник V», «Hayat-Vax», «CoronaVac», «Sinopharm», «Comirnaty Pfizer/BioNTech» сияқты вакциналар қолданылады.

Күн тәртібінде – Pfizer

Аталған брифингте спикерлерге журналис­тер тарапынан қойылған сұрақтардың 70 пайызы «Pfizer» екпесіне қатысты болды. Демек, елдің көкейінде де сол туралы сауал көп деген сөз. Қазақстан «Pfizer» екпесінің 4 млн дозасын сатып алған. Бүгінде соның 3 млн 400 мыңы әкелінді, 600 мың дозасы енді жеткізіледі. Қосымша тағы 1 млн дозасы алынбақ. Қолдағы екпенің 452 мың дозасы бірінші компонент ретінде пайдаланылды және шамамен 240 мыңдайы екінші компонент ретінде егілді. Вакцинаның бұл түрі қолжетімді адамдардың нақты санаттарына – 12-17 жас аралығындағы жасөспірімдер, жүкті және бала емізетін әйелдер, қайта егу мақсатында 60-тан асқан адамдар жатады. Бұлар – елдегі халықтың 1 миллионнан астамы деген сөз. Қазір солардың ішінде 12302 жүкті әйел, 191165 жасөспірім және 33311 бала емізетін әйел америкалық екпенің екі дозасын да алды.

Көпшіліктің көкейінде жүрген сауал – Pfizer екпесінің жалпақ елге бірдей қолжетімді еместігі, сондықтан оны ақылы ету мүмкіндігі неге қаралмайтыны. Бұл сауалға Е.Тоғжанов: «Басқа да вакцина түрлері бар екенін ұмытпау керек. Ақылы ету туралы мәселе ылғи көтеріліп жүр. Pfizer екпесін ақылы сатпау туралы оны өндірушілер тарапынан шешім бар. Балалар мен жүкті әйелдерге егуге жарайтын әлемде мойындалған жалғыз екпе болғандықтан, оны сатып алып, сол санаттағы азаматтарға егуге шешім қабылданған. Бірақ оны өндірушілермен арада келіссөздер жүргізу оңай болған жоқ. Сондықтан әзірге оның тек осы мөлшердегі дозасына ғана қол жеткізілді. Алайда еліміздегі басқа да екпелердің тиімділігі бұл вакцинадан кем емес екенін еске саламын» деп жауап берді. «Pfizer» вакцинасын еге бастаған кезде тәулік сайын 500-300 адам ғана екпе қабылдаған еді. Кез келген вакцина сияқты басында бәрі әліптің артын бақты. Кейін қауіпсіз екеніне көздері жеткен соң вакцинация қарқыны өсе бастады. Бүгінде «Pfizer» вакцинасын тәулігіне 15-16 мың адам салдырады.

 «QAZVAC»-ты ДДҰ қашан тіркейді?

Вице-премьер Ералы Тоғжанов 40 шақты мемлекет «QazVac» вакцинасын сұратып жатқанын айтты. Сонымен қатар ДДҰ-ның да отандық екпені мойындап, тіркейтін күні алыс емес көрінеді. Қазір аталған дүниежүзілік ұйым сарапшыларының талаптары бойынша жұмыстар жүргізілуде. «Нақты өлшемдер бар. Қазақстан басында Ұлттық реттеушінің бірінші деңгейінде болған. Сегіз айдың ішінде екінші деңгейге шықтық. Енді соны 2022 жылдың аяғына қарай үшінші деңгейге жеткізу міндеті қойылып отыр. Қазақстан Ұлттық реттеушінің үшінші деңгейіне жеткен кезде біздің вакцинаны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ресми түрде қарайтын болады. Бұл – халықаралық стандарттар, бұл бәріне бірдей қойылатын талап» деді ол.

Алайда мемлекет мұнымен шектеліп қалған жоқ. Бүгінде әлемнің 25 елімен қазақстандық вакцина төлқұжаттарын өзара мойындау туралы келісім бар. Бұл бағытта Сыртқы істер министрліктерімен, елшіліктермен нақты әрі дәйекті жұмыс жүргізілуде. Отандық вакцина 86-дан 90 пайызға дейін тиімділігін көрсеткендіктен, оны көбі мойындауда. «Дүние жүзіндегі екпе шығарған 6 мемлекеттің қатарына Қазақстан 5-ші болып кірді. Қазіргі таңда қырық шақты мемлекет отандық екпені сұрап жатқанының өзі  біздің вакцинаның тиімділігі жоғары деңгейде екендігін көрсетеді, – деді Е.Тоғжанов.

Шетелге шығатындарға – Синофарм

Бұған дейін Білім және ғылым министрлігі «Болашақ» бағдарламасы бойын­ша шетелге шығатын студенттер ДДҰ тіркеуінен өткен «Sinopharm» вакцинасының екі дозасын қабылдайтыны туралы келісімге қол жеткізгені туралы мәлімет шықты. Ералы Тоғжановтың айтуынша, енді оны шетелге кететін барлық студенттерге егу мүмкіндігі мәселесі коронавирустың таралуын болдырмау жөніндегі ­Ведомствоаралық комиссияға енгізілуде. Сондықтан өзге елдерге барып оқитын студенттердің бәріне «Sinopharm» вакцинасының екі дозасын қабылдауға рұқсат беріледі. Осы аптада бейсенбі күні Ведомствоаралық комиссияның отырысында осы бағытта тиісті шешім қабылданады.

Әлемде карантин мерзімі қысқаруда

Ресей елі карантинді 7 күнге дейін қысқартатындарын мәлімдеді. ­Қазақстанда мұндай мәселе қарастырыла ма? ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы ­Айжан Есмағамбетованың айтуынша, халықаралық тәжірибені зерттегенде шынында да, әлемде қазір карантин мерзімі қысқарып келе жатқаны байқалады. Ал Қазақстанда бас мемлекеттік дәрігердің қаулы жобасына науқаспен байланыста болған және симптомсыз адамдар 10 күнге дейін карантинде болады деп енгізу мәселесі қарастырылуда. Жетінші тәулікте тестілеу өткізіп, теріс нәтиже болған жағдайда 7 күннен кейін карантинді аяқтап, жұмысқа шығу құқығы беріледі. «Егер тестілеу қандай да бір себептермен өткізілмесе, тіпті тестілеу жасағысы келмейтін азаматтар карантиннің аяқталуын күтеді. Олар үшін карантин 10 күн бойы сақталады, яғни он күннен кейін ПТР-тест тапсырмай, карантинді аяқтап, жұмысқа шыға алады» деді комитет төрағасы. Қазіргі уақытта науқастар үшін карантин мерзімі 14 күнге созылады.

Елордада қандай екпелер салынады?

Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 36 емханада «Спутник лайт», «Спутник V», «QazVac», «Sinopharm», «Pfizer» вакцинасын алуға болады. Ревакцинацияға осы вакциналардың ішінде «Спутник V» екпесінен басқасын елорда  емханалары мен «Абу Даби Плаза», «Керуен», «Азия Парк», «Хан-шатыр», «Евразия» сауда орталықтарында салдыра аласыз. Қайталап екпе салу кезінде «Спутник V» вакцинасын алғандар үшін «QazVac» немесе «Синофарм» ұсынылады. Ал «QazVac», «Синофарм» вакцинасын алғандар үшін «Спутник Лайт» салынады. ҚР бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2021 жылғы 15 қарашадағы №49 қаулысына сәйкес «Sputnik V» алған адам 9 айдан кейін, ал «QazVac», «Синофарм» алған адам 6 айдан кейін ревакцинациядан өтуі қажет.  Pfizer екпесі 12-17 жас аралығындағы балаларға, жүкті, бала емізетін аналарға алғашқы рет және ревакцинация ретінде медицина қызметкерлері мен 60 жастан асқандарға салынады. Pfizer екпесін салғысы келгендерге оны ақылы түрде болса да егу мәселесі Денсаулық сақтау министрлігінде әлі қарас­тырылмаған.

 

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button