Жаңалықтар

РОБИНЗОН КРУЗО СИНДРОМЫ

Құлпырған даламен күн шуағына ра­­­­хат­­танып, жаяу, шаршамай, шал­­дық­­пай келе жатырмын. Маңайым – же­­містері әбден пісіп, жерге түсіп жатқан иран бақ. Көз ұшында шыңдарын қар басқан алып таулар көрінеді. Ол жақтан жанымды жадыратып, самал есуде. Құрма ағаштарының бұтақтарын мекендеген сайрауық құстар тамылжыта ән салуда. Жерде шашылып жатқан алқорылардан уысымды толтыра асап-асап аламын. Қарным тоқ, уайымым да жоқ секілді. Бірақ, көңілім неге екені беймәлім, алаңдаулы. Қорқыныш секілді суық бір сезім ішімді қалтыратып қояды. Жан-жағыма алаңдап, әлденені іздейтін секілдімін. Аңдар маған тиіскен жоқ. Әлгінде жолыққан жолбарыстың өзі азу тістерін ақситып, есінегені болмаса, мені жан екен деп елемеді. Арбаңдаған анау аю да қонжықтарына әлденені көрсетіп, қасымнан өтіп кеткен… Міне, адамдар көрінді. Манадан іздегенім солар екен. Қуанып, алдарына қарай құрақ ұштым. Неге екені белгісіз, олар сәлемімді алмады. Бәрі біртүрлі жансыз, сезімсіз сынды… Біреуімен сөйлеспекке талаптанып көрдім… Қолын алып едім, сұп-суық, жан жоқ.
– Біздер адам емеспіз, роботтармыз, – деді әлгім, дауысы қырылдап.
– Сонда адамдар қайда кеткен дедім, шошына айқайлап… Жауап орнына робот сықырлай басып, менен алыстап кетті.
– Біздегі бағдарламаға бұл сауалыңызға жауап жазылмаған, – деген темірдей шыңылдаған механикалық үнді естідім алыстан.
– Роботтардан жақсылық күтпе. Оларда се­­зім болмайды. Сондықтан, аяушылық, ме­йі­рім, қайырым секілді адамдарға ғана тән қасиеттерден олар ада, – деді санама жоғарыдан құйылған ойлар…
Енді бір уақытта қала ішінде автобуста келе жатыр екенмін… Жолаушылар әдеттегідей бір-бірімен сөйлесіп те отырған жоқ. Түстері суық. Бәрі де қымбат киінген. Саусақтарында алтын, гауһар, асыл тастар…
– Сендер де роботсыңдар ма? – деймін, қасымда отырған балаға бұрылып…
– Жоқ, біздер роботқа әлі айналып үлгерген жоқпыз. Робот болу үшін бойымыздағы бүкіл адами сезімдерден, кісілік қасиеттерден әбден арылуымыз керек, – деді ол маған түнере қарап…
…Қыстығып, жылап жатып оянып кеттім…
– Адамдар, қайдасыңдар! Ро­бот­қа айнал­маң­дар, бір-біріңе деген сезімдеріңді, қайырым, жақсы­лық­та­рыңды жоғалтпаңдар, – дедім кү­бір­леп, атып келе жатқан таң арайына та­бы­на қарап…
…Байлық деген кейде адамның басын айналдырып, кісіліктен жаңыл­дырады. Айтпақшы, байлық дегенде, Робинзоннан бай адам болмаған ғой. Мұхиттағы бүтіндей бір арал меншігінде. Аралдың аң-құстары, жемістері, қойнындағы барша қазыналары, мұхиттағы маржан, балықтары – бәрі Робинзондікі болды емес пе? Тек, жетпегені Адамдар ғой, Робинзонға! Естеріңізде болар, алғаш Пятница-Жұма қасына серік болғанда, Робинзон қалай қуанып еді…
Өмірде байлығың да, биік манса­бың да айналаңда адамдар болмаса, түкке керек емес. Даңқың да, дарының да солай. Адамдар қоғамы ғана адамды бақытты ететін… Олай болса, бай бол, патша бол, алдымен маңыңдағы адамдарды сыйла. Арман, мақсаттарыңды, тіпті, өміріңді де соларға арна!
Мен Даниэль Дефоны адамзаттың ең ұлы да данышпан жазушысы деп ой­лаймын… «Робинзон Крузо» ат­ты тағылымы зор роман жазғаны үшін оған мың да бір рахмет!
…Адамдарсыз бақыт жоқ! .. Тір­шілігіңнің тынысы үзіледі… Ей, адамдар, бір-бірімізді шындап қа­­дірлейікші!..

Смағұл РАХЫМБЕК,
жазушы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button