Роботқа үйір қыздар
Жас ұрпақтың қиялын ұштап, өз қолдарымен жаңа нәрсе жасап шығаруға құлшынуы қуантады. Әсіресе, елордада ақпараттық технологияларды дамытып, робототехника саласына ден қойған жасөпірімдер баршылық. Жаңашылдық пен ғылымға әуес оқушылардың қарым-қабілеттерін шыңдап, шеберлігін арттыруда Астанада алғаш рет «RoboTechnoGirls» жазғы лагері ашылды. Екі айдан аса уақытқа созылатын жоба тек қыз балаларға арналуымен ерекшеленіп, бүгінде 100-ден аса нәзік жандылар робототехника негіздері бойынша тегін білім алуда.
Жаңа технологиялардың қарқынды дамуы өскелең ұрпақты жоғарғы білікті техникалық сала мамандары ретінде даярлауды талап етеді. Осы мақсатта елордалық «Robotek» мектебі жас өрендерге, оның ішінде тек қыз балалар үшін технология әлемінің әліппесін үйретуде жаңа жобаны қолға алды. Бірегей жоба елімізде тұңғыш рет жүзеге асуда. Басты мақсаты – IT саласында гендерлік стереотиптерді азайту және нәзік жандыларды цифрлы технологиялар саласына кеңірек тарту. Жазғы лагерьге қазіргі таңда 102 қыз қатысып отыр. 15 тамызға дейін созылатын білім ордасында олар 16 сабақ бойынша тегін білім алады.
Ел өнертабысын алға жылжытатын жастарды тәрбиелеуде астаналық «Robotek» мектебі бірқатар жетістіктерімен белгілі. Сапаға жұмыс істеуге басымдық беріп, жылдан-жылға ауқымы кеңейіп келе жатқан мектепте енді қыз балалар оқитын болады.
Жоба жетекшісі әрі «Robotek» мектебінің негізін қалаушы Санжар Шалқарбеков лагерь ашылғалы қызығушылар саны көп екенін жеткізіп, қыз балаларға арналған жоба осымен ғана тоқтамайтынын атап өтті.
«Дарынды балаларды тәрбиелеуге арналған жоба негізінен гендерлік стереотиптерді өзгертуге бағытталады. Сол себепті де оқытушылардың негізгі құрамы да нәзік жандылардан тұрады. Лагерь ашуды жыл басынан жоспарладық. Мұнда 10 жастан асқан қыздар робототехника негізімен танысады. Бүгінде қыздар сабақтарға аса құлшыныспен келетінін байқауға болады. Әу басында олардың саны аз болғанмен, қазірде 100-ден асып отыр. Айта кететіні, лагерь соңында оқушылар жобаларын көрсетіп, қорытынды ретінде қыздар арасында робототехника турнирі өткізіледі.
Робототехника, жалпы IT саласына қыздарды көптеп қатыстыру – қоғамда іргелі өзгерістердің орын алуының бірден-бір кепілі. Сөзсіз, еңбек нарығында кейбір жұмыстарды тек ер адамдар жасап жатады. Ал IT саласы гендерге байланысты шектелмейді. Ол физикалық күшті қажет етпейді, бастысы – интеллект, адамның ақыл-ойы мен санасы. Шығармашылық қабілеттері жетік қыздарды салаға көбірек тартсақ, ер балалармен қатар тең мүмкіндік береміз. Әлемдік деңгейдегі тәжірибені алып қарасақ та, ірі компаниялар инженер қыз балаларға ауқымды мүмкіндіктерді ұсынады. Шетелдік техникалық жоғары оқу орындарында қыз балаларға бөлінетін грант санының көптігін де айтсақ болады. OpenAI технологияларының бас директоры Мира Мурати – белгілі ChatGPT жасанды интеллектісінің жасаушы мамандардың бірегейі. Жас өнертапқыштар үшін бұл жарқын мысалдардың бірі. Біздің ұжымда да ерекше жобаларымен көзге түскен қыздар баршылық. Солардың бірі – Astana IT University студенті Алина Митрошина. Ол жасанды интеллект технологиясын әзірлеген. Бұл технологияны «Robotek» мектебіне енгізуді ұсындық, алдағы уақытта осы бағытта жоспарларымыз бар.
Елордада ғана емес, өңір-өңірде түрлі жиындар барысында мұндай жобаның кең ауқымда қамтылуына бастамашы болғымыз келеді. Жазғы мектеп оқушыларын күзде де оқыту ойда бар. Келесі жылы лагерь қатысушылары санын екі-үш есе арттыру, бағдарламалау, STEM секілді тың бағыттарды қосу – негізгі мақсаттарымыздың бірі» деп бөлісті С.Шалқарбеков.
Жобаның жүзеге асуына ірі банктердің бірі ForteBank, отандық Allur автомобиль компаниясы, Techno Women қауымдастығы мен елордалық «Астана Дарыны» орталығы қолдау білдірді.
«Цифрландыру белең алып келе жатқан дәуірде «RoboTechnoGirls» (Super100) жобасы шеңберінде алынған технологиялық білім мен жаңа дағдылардың болуы болашақта оқушыларға бірқатар басымдық береді. Бәлкім біреулер үшін бұл мамандық таңдауда маңызды факторлардың бірі болмақ. Сондықтан біз өз тарапымыздан жобаны қолдай отырып, болашақта көшбасшы, жаңашыл және Қазақстанда робототехника саласын алға жетелейтін мықты қыздар ұрпағын тәрбиелеуге мүмкіндік береміз деп үміттенеміз. Қазірдің өзінде автоматтандыру, жасанды интеллект және роботтандыру әртүрлі салаларда, соның ішінде банкте кеңінен қолданылады. Біздің Банктің мысалында айтсақ, операциялардың көп бөлігін біздің клиенттер смартфон арқылы алады, ал барлық ішкі жұмыстар автоматтандырылған негізде жүзеге асады. Сондықтан технологиялық білім бүгінде маңызды және болашақта сұранысқа ие болады» деді өз сөзінде «ForteBank» АҚ PR-директоры Әсел Тынышбекова.
Оқушылар лагерь барысында бағдарламалау, дизайн, ақпараттық технологиялар, робототехника, инженерия және жасанды интеллектпен танысады. Бұл туралы жазғы мектептің оқытушысы Диляра Оразай айтып берді.
«Робототехника саласында ұл балалардың саны басым екені сөзсіз. Сондықтан салаға қыздарды бейімдеп, олардың білім сапасын арттыру мақсатында лагерь өз жұмысын бастады. Сабақ 3 бөлімнен тұрады. Бірінші кезекте, әр тақырыптың инженерлік теориясын оқытамыз. Қатысушылар арнайы нұсқаулық бойынша роботтарды құрастырады. Оған бағдарлама әзірлейді. Кейін оқушылардың жұмысын ата-аналарымен де бөлісіп, жіберіп отырамыз. Қыздар алғашқы сабақтардан-ақ жақсы нәтиже көрсетіп, бүгінде қабілеттерін одан әрі қарқынды дамытуда. Мұны ата-аналар да жиі айтып отырады. Робот құрастырумен айналысатын бала әуелі дәлдік пен тәртіпке үйренеді. Зейіні ашылып, санасы жетіледі түседі» деді оқытушы.
Оқушы үшін жаз қызығы – көңілді әрі пайдалы демалыс. Ал жазғы демалысты тиімді өткізіп жүргендердің қатарында астаналық М.Дулатұлы атындағы №68 мектеп-гимназиясының 7-сынып оқушысы Бегімай
Қыстаубай бар.
«Курсқа қатысу үшін іріктеу өткізілді. Өзің туралы және робототехникаға қатысты сұрақтардан тұратын тест тапсырған едік. Робототехникаға бұрыннан қызығамын. Сондықтан лагерьдегі әр сабақ мен үшін өте қызық өтеді. Ұстаздарымыз күнде жаңа тақырыптарды үйретеді, роботтар құрастырып, бағдарламасын жазып, кейін оны компьютермен байланыстырамыз. 3 сағатқа созылатын сабақ барысында негізінен LEGO Mindstorms EV3 жинағымен жұмыс істейміз. Одан бөлек, өзге топтың қыздарымен бірге жарыс ұйымдастырылды. Біз «Сумо» роботын жасап, оларды өзара сайыстырдық. Лагерьде өзіме жаңа дос таптым. Мұнда тек қыз балалар болғандықтан, ойларымыз бір жерден шығып жатады. Болашақта инженер болғым келеді. Үй шаруасымен айналысатын робот жасап шығару – басты арманым» деді 12 жасар өрен.
Ғылымға қызыққан жасөспірімдердің танып білуге, тың өзгеріс енгізуге деген ықыласын оятып, ынтасын арттыратын жобаға қызыққандар елордада ғана емес, еліміздің өзге өңірлерінде де бар. Сондықтан болашағы зор жоба Қазақстан бойынша дамуға сұранып-ақ тұр.
Индира БЕРЖАНОВА