Жаңалықтар

«Роботтар балы» басталды

«Нұр әлем» павильонында АҚШ, Еуропа, Оңтүстік Корея және Жапония секілді елдердің робототехника саласындағы соңғы жетістіктері таныстырылды. Енді астаналықтар күздің соңына дейін ән салып, тақпақ айтатын, би билеп, музыкалық аспапта ойнай алатын роботтардың өнерін қызықтай алады.

«Роботтар балы» ең алғаш 2015 жылы Мәскеуде өткені белгілі. Астана төріне әкелінген роботтардың ерекшелігі – басым бөлігінің қалдықтардан құрастырылуы.
«Мұндай жоба бұған дейін Балтық жа­ғалауы елдері мен Ресейдің бірқатар қа­ла­ларында өткен. Біз айтулы шараға ­жиырма робот алып келдік. Оған қоса, түрлі интерактивті ойындарымыз бар. Робостанция құрудағы мақсатымыз – инженерлік идеялардың нәтижесінде жастарды қазіргі заманға сай робототехника саласына баулу» дейді ұйымдастырушылардың бірі Супхон Зиябаев. Әкелінген экспонаттардың арасында рок-музыканттар тобын, бишілерді, тіпті Гамлетті оқитын роботты көруге болады.
Роботтар – адам миының жемісі. Адамның өмірін алмастырмайтыны ақиқат, дегенмен өмірін жеңілдетеді. Мәселен, «Нұр әлем» павильонын таныстыратын гидтердің қатарын роботтар толықтырып тұр. Дәл қазіргі таңда павильонда 17 робот жұмыс істейді. Әр қабатқа орналасқан гид-роботтар келушілерге болашақтың энергиясы туралы ақпараттар ұсынып, қойған сауалдарға жауап береді. IT және жаңа технологиялар департаментінің бас менеджері Дамир Ибраевтың айтуынша, роботтарға ат қойып, айдар тағылған.
Жанына жақындасаңыз болғаны, әңгімеге тартып, өздері тұрған қабаттағы экспонаттармен кеңінен таныстыра бастайды.
Біз бірінші қабаттағы «Батыр» атты роботпен тілдестік. Болашақтың энергиясы туралы орысша және ағылшынша сайраған роботымыз қазақшаны мүлдем түсінбейді екен.
Жоба жетекшілері гид-роботтардың барлығы алдағы уақытта мемлекеттік тілде де таныстырылым жасай алатынына сендірді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button