Роботтың тілін білген…

Жақында Алматы қаласында Қ.Сәтпаев атындағы техникалық университетте робототехника бойынша өткен республикалық турнирде астаналық оқушылар жеңіс тұғырынан көрінді.
Еліміздің әр өңірлерінен 21 команда қатысқан жарыста Астана қаласындағы Skillset мектебінен үш команда қатысты. Бірінші команданың сапында өнер көрсеткен Әлихан Еркін, Дінмұхамед Несіпбаев және Нұрәлі Дәулетбеков жарыстың финалына өтіп, шешуші кезеңде 147 балл жинап, бірінші орынға ие болды. Ал екінші команда құрамындағы Фатима Еркін, Нұрбибі Әкімбаева, Айша Құсайынова және Руслан Нұрахмет сынды оқушылар жарыс барысында 130 балл жинап, турнирдің жүлдегерлері қатарынан көрінді. Сондай-ақ Әлішер, Әділжан, Ержүрек және Тимур есімді бесінші сынып оқушыларынан құралған ең жас команда өз қатарластары арасында чемпион атанып келді. Астаналық оқушылардың жеңістеріне олардың жаттықтырушылары Ерқанат Нұрмаханов пен Серік Назретдиновтың сіңірген еңбегі зор екені сөзсіз.
Республикалық жарыстың жеңімпаздарын әуежайда ата-аналары зор қуанышпен қарсы алды. Солардың ішінде турнирде жүлдегер атанған Әлихан мен Фатима Еркіннің атасы білім беру саласының ардагері Еркін Дәуешұлы болып, өзінің ойын білдірді.
«Немерелерімнің робототехникамен айналысып жүргендеріне бір жыл болды. Өткен жылы Баку қаласында өткен халықаралық жарыстан төртінші орын алып келген еді. Енді, міне, кезекті жарыстарында жеңімпаздар қатарынан орын алып келді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өндірісті цифрландыру, жаңа заманауи технологияларды игеруге ерекше мән беріп отыр. Сондықтан балалар мен жастарға жаңа заманның озық технологиясын үйрету маңызды болуы керек» дейді немерелерінің жеңісіне қуанған Еркін Дәуешұлы.