Ел тынысы

«RoboZerde – 2024»

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бас ғимаратында Әлихан Мақсұт атындағы «RoboZerde – 2024» І республикалық робототехника фестивалі өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Фестивальге Қазақстанның 15 өңірінен келген 200-ден астам оқушы қатысты. Іс-шараны «AMANAT» партиясының қолдауымен Әлихан Мақсұт атындағы дарынды балаларды қолдау қоры ұйымдастырды. 10-18 жас аралығындағы балалардан құралған 100-ге жуық команда робототехниканың «РобоСпорт» бағытындағы төрт санат бойынша «Арқан тартыс», «Асық ату», «Ақсүйек», «Мерген» сынды сайыстарда өзара бақ сынасты. Сондай-ақ, «Мәдени мұра және инновация» деп аталатын шығармашылық бағыт та болды.

I республикалық робототехника фестивалінің ашылу салтанатына ҚР Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, AMANAT партиясының өкілдері, Астана қаласы Білім басқармасының өкілдері, ғалымдар, қоғам қайраткерлері, өнер қайраткерлері, журналистер, блогерлер қатысты.

Сөз сөйлеген «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек Мемлекет басшысы Ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңесте жас ғалымдарға жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырғанын атап өтті.

«Еліміз ғылым және технология саласына қатысты маңызды мақсат қойып отыр. Президент атап өткендей, ғылымды дамыту – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар басымдық. Мемлекет басшысы тапсырмасымен ғылымды дамытуға үш жылдың ішінде 625 млрд теңге қаражат бөлу туралы шешім қабылданды. Ғалымдардың жалақысы екі есе өсті. Жас зерттеушілерді қолдау шаралары күшейтіліп, соның нәтижесінде ғылыммен айналысып жүрген жастар саны артуда. Сондай-ақ, жуырда «Жасанды интеллект» комитеті құрылды. Яғни, цифрландыруға көп көңіл бөлініп жатыр. Осы орайда, «RoboZerde – 2024» фестивалі жас ғалымдар мен инновациялық жобалар үшін айрықша алаңға айналуға тиіс», – деді ол.

Сондай-ақ, Атқарушы хатшы партияның сайлауалды бағдарламасында жас техник стансалары мен балалар технопаркін ашу көзделгенін айтты. Бұған қоса, «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасында көрсетілгендей, Сәтбаев атындағы инженерлік мектептер, Жәутіков атындағы IT мектептер, Абай атындағы гуманитарлық мектептер желісі құрылады.

Технократ оқушылардың алғашқы республикалық сайысын өткізудегі мақсат – өмірден ерте озған дарынды оқушы, физика, робототехника салалары бойынша республикалық, халықаралық пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалардың бірнеше дүркін жеңімпазы, жас ақын Әлихан Серікзатұлы Мақсұттың ғибратты ғұмырын мектеп оқушыларына үлгі ету. Сол арқылы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауларында айтылғандай, елімізге қажетті болашақ техник мамандарды дайындауға қолдау көрсету, оқушылардың жасаған инновациялық жобаларын, өнертабыстарын БАҚ және әлеуметтік желі арқылы халыққа кеңінен насихаттау.

Республикалық сайыс, сондай-ақ, биыл 8-14 қыркүйек аралығында Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойынының құрметіне ұлттық салт-дәстүр мен ұлттық спортты насихаттауға арналды.

Салтанатты іс-шараға жиналған көпшілік белгілі кинорежиссер Мұрат Есжан түсірген «Әлиханның арманы» деректі фильмінің көрсетілімін тамашалады.

“Бүгінгі іс-шараның маңызы ерекше. Робототехника – дамыған елдерде аса қажетті сала. Президентіміз де әрбір жиналыста жасанды интеллект, цифрландыру, технократияның маңызын айтып жүр. Себебі еліміздің болашағы осыған байланысты болып тұр. Егер мұны дамытпасақ, дамыған елдер қатарына қосыла алмаймыз. Сондықтан жастарымызды ғылымның осы саласына тәрбиелеу керек. Осы мақсатта мен де өз ұлымды тәрбиелегенмін. Бірақ оның ғұмыры қысқа болды. Ұлымның арманын үзбеу үшін, әрі қарай жалғау үшін басқа балаларды тәрбиелеуге күш салып жатырмын. Осындай орталықта дарынды балалардың басын қосып, мықтыларын таңдап алып, қолдау көрсету үшін сол саланың мамандарын шақырып, инновацияларды көрсетіп жатырмыз. Мысалы, киіз үйлер, қымыз шығаруға байланысты балалардың ерекше өнертабыстарын көрдіңіздер. Яғни біз жобаларды басқалардан сатып алмай, өз балаларымыздың жобаларын жүзеге асыруға тырысуымыз керек. Елімізді индустриялы мемлекетке айналдыру үшін үлкен жобаларды өзіміз қабылдап, идеяларымызды шетел алып кетпейтіндей етіп Қазақстанда қалдыруымыз керек. Жастардың идеясы көп, соны осы жерде орталықтандырып, насихаттау – парызымыз. Сондықтан бұл фестивальге мемлекеттік ұйымдарды тартып, AMANAT тәрізді үлкен партияны қолдауға шақырып отырмын.
Әлиханның арманын жүзеге асыру үшін жастардың арманын ұштастырып, елімізді ең дамыған елдер қатарына қоссақ деген мүддеміз бар”, – деді іс-шараның бас ұйымдастырушысы, айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазин.

Фестивальдің «РобоСпорт» бағыты ЕҰУ «University sports centre» спорттық-сауықтыру кешенінде, «Шығармашылық жоба» бағыты «Күлтегін» атриумында жалғасты.

Жарыстар нәтижесінде «Мерген» сайысында III орынды Абай облысының «Speedboost», Маңғыстау облысының «Нысана» және Астана қаласының «Jana beles» командалары бөлісті. II орынды Түркістан облысының «Qazygurt» және Шығыс Қазақстан облысының «Future Engineers I» командалары иеленді. Ал I орынды Павлодар облысының «J19» командасы қанжығалап, жеңіс тұғырынан көрінді.

«Асық ату» сайысында III орын Қостанай облысының «NN-team», Түркістан облысының «Shardara» және Астана қаласының «Көмек» командаларына бұйырды. II орынды Жамбыл облысының «Ақ сұңқар» және Маңғыстау облысының «Future engineers» командалары иеленді. Ал I орынды елордалық «School №22» командасы жеңіп алды.

«Арқан тартыс» сайысында III орынға Маңғыстау облысының «AKRA», Түркістан облысының «RoboRED» және Астана қаласының «Q.EDUCATION» командалары лайық деп танылды. II орынды Абай облысының «RoboStrond» және Солтүстік Қазақстан облысының «Алға» командалары иеленді. Жүлделі I орын Қарағанды облысының «Ертемір» командасына бұйырды.

«Ақсүйекте» сайысында III орынды Ақмола облысының «Cech A1000» және Астана қаласының «Rey» командалары өзара бөлісті. II орынды елордалық «GameZerde» және «robo it» командалары иеленді. Ал I орынды Түркістан облысының «Turkistan Robo prime» командасы қанжығалады.

«Мәдени мұра және инновация» бағытында III орын Қостанай облысының «Семёрочка», Павлодар облысының «MS2 – WIN» және Астана қаласының «ASYQ in VR» командасына бұйырды. II орынды Шымкент қаласының «Хозяйки» және Астана қаласының «SMART SÒCKET» командалары иеленді. Бұл сайыста елордалық «Alterra» командасы үздік деп танылды.

Сонымен қатар, «Үздік идея» аталымы – «IT 76», «Үздік дизайн-жоба» аталымы – «Өрлеу», «Үздік шығармашылық шешім» аталымы – «Qazygurt», «Үздік бағдарлама» аталымы – «Fire», «Үздік зерттеу» аталымы – «Bolt» командаларына бұйырды. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталды.

«Фестивальде дарынды жастардың қабілет-қарымы мен ынта-жігерін көріп, қазіргі қоғамдағы инновацияның, терең білімнің қаншалықты маңызды екенін атап өткім келеді. Білім мен ғылымға бөлінетін қаржы көлемін ұлғайту, жас ғалымдарды қолдау – «AMANAT» партиясының саяси тұғырнамасындағы маңызды бағыттардың бірі. Партияның сайлауалды бағдарламасы аясында жетекші жоғары оқу орындарының жанынан ірі кәсіпорындармен бірлесіп ғылыми-технологиялық парктер салынады. Фестивальге қатысқан жалынды жастар алдағы уақытта да IT-саласына қызығушылық танытады деген сенімдемін. Ал біз олардың әлеуетін ашу үшін лайықты жағдай жасауға күш саламыз», – деді байқаудың марапаттау салтанатына қатысқан  «AMANAT» партиясының Хатшысы Шолпан Каринова.

Айта кетейік, бұдан бұлай Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы, «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы, Астана қаласы әкімдігінің №9 «Зерде» мамандандырылған лицейі, «Роботек» робототехника мектебі, «Марс роботикс» роботехника мектебі және Әлихан Мақсұт атындағы дарынды балаларды қолдау қоры бірлесіп ұйымдастырып отырған фестиваль жыл сайын мамыр айында дәстүрлі түрде өтпек.

Ал фестивальге AMANAT партиясы мен партияның «Жастар рухы» жастар қанаты тұрақты демеушілік ететін болады.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button