Жаңалықтар

«РУБЕЖ» ФИЛИАЛЫ АШЫЛДЫ

ZAH_0486

Кеше Саратов облысының Астанадағы күндері аясында елордада саратовтық «Рубеж» компаниялар тобы филиалының ашылу салтанаты өтті.

Рәсімде алдымен сөз алған Саратов облысының губернаторы Валерий Радаев Ресей мен Қазақстан бизнесі арақатынасындағы дамудың жаңа кезеңі бастау алғанын атап өтті. «Бүгін екі ел ашып жатқан бизнестің бағыты өзгеше – адамдар өмірінің қауіпсіздігі мен мүліктің сақталуына кепілдік береді. Қазақстан мен біздің өңір барлық деңгейде тығыз қарым-қатынаста. Саратов облысында 80 мыңнан астам қазақ тұрады. Шекаралас жатқан Қазақстан аймақтары мен елдеріңіздің орталығындағы өңірлерден Саратовтың жоғары оқу орындарына білім алуға келетін студенттерді есепке алсақ, бұл санға тағы бірнеше мыңды қосуға болады. Әр жыл сайын саудадағы байланыстарымыз нығайып келеді. Әсіресе, қазіргі заманға сай инновациялық өнеркәсіп, ақпараттық және нанотехнологиялар салаларында. Бұл факт қуантпай қоймайды» деген ол «Рубеж» компаниясын да таныстыруды ұмытпады.

Аталмыш фирма өз өнімдерін әзірлеу мен іске қосуда ешкімнің көмегіне жүгінбейді екен. Яғни, барлық жұмыстарды өздері атқарады. Компания жиырма бес жылдан астам уақыт кез келген нысанды бақылауға алып, адамдар өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп келеді. Оның жартылай немесе толықтай автоматтандырылған жүйесі тұтанған өрттің әрі қарай өршуіне жол бермейтін көрінеді. Саратовтағы Балахов атом электр стансасының жұмысын қадағалайтын компанияның Астанада инженерлік орталығы ашылып отыр.

Өз кезегінде Астана қаласы әкімінің орынбасары Василий Крылов ашылған орталық елордалықтар өмірін одан әрі қауіпсіз қылатынына сенімін білдірді. Бұл бағытта астаналық биліктің де қол қусырып отырмағанын, өртті бастапқы кезеңде анықтайтын сымсыз жүйені іске асыру жүргізіліп жатқанын, бұл жүйеге бүгінгі күнде 140-тан астам білім беру, денсаулық сақтау және мәдени нысандары қосылғанын жеткізді. Қала тіршілігін қамтамасыз ететін кешенді жүйе бойынша атқарылған жұмысты тіліне тиек етіп, бұл толығымен іске қосылғанда, заманға сай жүйе астаналықтар өміріне қауіп туындаған жағдайларда жедел соны анықтайтынын айтты.
«Рубеж» компаниялар тобының вице-президенті Руслан Сапарғалиев Қазақстан, Ресей, Белорусь елдері арасындағы Еуразиялық Экономикалық одақтың құрылуы Астанада орталықтың ашылуына серпін бергенін атап өтті. Компанияның жұмысы жайлы: «Басты миссиямыз – адамдардың өмірін сақтау. Біз халықтың қауіпсіздігі үшін – өртке қарсы жабдықтарды, бейнебақылау, хабарлау жүйелерін шығарумен айналысамыз. Конструкторлық-әзірлеу орталығымыз, жобалау институтымыз, Ресейдің 50-ден астам қалаларында сауда үйлеріміз бар. Өз өнімдерімізді жақын және алыс 15 шетел елдеріне жеткіземіз. Қазақстан бүгіндері басты және стратегиялық әріптесімізге айналып отыр» деді.

«Рубеж» филиалы «Өркен» бизнес орталығында орналасқан. Сол нысанның алдында компания туын көтеру рәсімінен кейін Р. Сапарғалиев кеңселерін аралатып, құрал-жабдықтармен таныстырды.

Аманғали ШМИТҰЛЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button