Басты ақпарат

Рухани-танымдық сапарлар керек

Жуырда Elorda.info ақпараттық порталы ата-аналар арасында «Балаларыңыз жазғы демалысын қайда өткізіп жатыр?» деген сауалнама жүргізді. Респонденттердің басым көпшілігі, яғни 57 пайызы балалары жаз бойы үйде болады деп жауап берді. Шындығы да осы сияқты. Кешке жұмыстан қайтқанымызда ауламыздағы ойын алаңында қаптаған балалардың асыр салып ойнап жүргенін көреміз. Ал демалыс күндері үйіміздің айналасында таңнан қара кешке дейін балдырғандардың дауыстары тынбай шығып жатады.

[smartslider3 slider=3567]

ҚАЛА БАЛАЛАРЫ ҚАЛАЙ ДЕМАЛАДЫ?

Қала балаларының жазғы каникулы осылай өтіп жатыр. Жоғарыдағы сауалнамада олардың 31 пайызы ауылда, 8 пайызы шетелде, 4-ақ пайызы мектеп лагерьлерінде демалатындары айтылған. Қыркүйекте оқу жылы басталғанда, сыныптастарымен каникулды қалай өткізгендерін бөлісетіндері хақ. Мұғалімдері бұл тақырыпқа шығарма да жаздырар. Сонда каникулды үйде өткізген кейбір бала қиналып қалуы ықтимал.

Биылғы «Балалар жылында» мемлекет тарапынан балалардың демалысын қызықты да, әсерлі етіп ұйымдастыруға болар еді деп ойлаймыз. Елімізде қасиетті де, киелі мекендер жеткілікті. Соларға рухани-танымдық сапарлар ұйымдастырылғаны жөн еді.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, алдағы жаңа оқу жылында 5-11 сыныптарға азаматтық, адалдық, парасаттылық, этика, медиасауаттылық, қаржылық сауаттылықты қамтитын «Патриотизм және жаһандық құзыреттер» курсы енгізіледі. 5-7 сыныптарға «Өлкетану» пәні де енгізілген. Оқушыларға арналған рухани-танымдық сапарлар аталмыш курс пен пәнді меңгеруге септесер еді. Оның үстіне өткен оқу жылында Нұр-Сұлтан қаласының Білім басқармасы география пәні мұғалімдеріне арналған «Мектептегі географиялық білім беру: озық ой және заманауи көзқарас» тақырыбында ашық алаң өткізді. Қасиетті орындарға оқушылардың сапарлары мұғалімдерге де теория мен практиканы ұштастыруға мүмкіндік берер еді.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасында сабақтарды тарихи орындар мен музейлерде өту туралы керемет ұсыныстар айтылып еді. Бірақ қаржы қарастырылмағандықтан, оқушыларды апаруға мүмкіндік болмай тұр» дейді өкінішпен тарих пәнінің мұғалімі Өмір Шыныбекұлы.

«ҰЛЫЛАР МЕКЕНІНЕ САЯХАТ» НЕГЕ ҮЗІЛДІ?

Бала кезімізде аға-апала­рымыз «Ленин жолымен»  аталатын рухани-танымдық сапарларға шығып тұратын. Сол кеңес заманында оқушыларға 15 одақтас республиканы аралауға мүмкіндік берілді. Жоғарыда айтқанымыздай, қазір елімізде де көретін, саяхаттайтын мекендер жеткілікті. Бірақ балалар үшін осындай сапарларды ұйымдастыру жолға қойылмаған. Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың айтуынша, балалар мен жасөспірімдер арасында ішкі туризмді дамыту мен насихаттау бойынша жұмыстар жергілікті атқару органдарымен бірлесе жүргізілуде. Бірақ жеке өзіміз осындай жұмысты көрмей отырмыз.

Осыдан сегіз жыл бұрын жаздың жаймашуақ күндері «Ұлылар мекеніне саяхат» бағдарламасымен бір топ адам автобуспен астанадан Жидебайға барып қайтқан едік. Сол кезде ұлы Абай мен Шәкәрім туып, дамыл тапқан, заңғар жазушы Мұхтар Әуезов өскен ортаны, олар ұстаған заттарды көріп, ғажап әсерленген едік. Бұл сапарда серіктеріміз астаналық мұғалімдер мен бірқатар оқушылар да болды. Олардың да осы сапардан ғажап әсер алғанын байқадық. Ал бұл саяхатқа «Алтын қыран» компаниясы демеуші болған еді. Бірақ кейінгі жылдары «Ұлылар мекеніне саяхат» бағдарламасы үзілді. Мемлекеттен қолдау жоқ, демеушілер де табылмай отыр.

«Жыл сайын көктем келгенде «Ұлылар мекеніне саяхат» аталатын арнайы жоба бар ма, сіз бұрынғыдай алып шыға аласыз ба деп жұрт көп сұрап жатады. Бірақ қолдайтындар жоқ болып тұр. Бұрын жекеменшік Қазақстан-Ресей университеті қаражатты өзі шығарып, апарып жататын. Ұлт руханиятын жаңғыртуға қатысты тек Семей жеріне ғана емес, бүкіл ұлы өлкелерге саяхат жасау мәселесін көтеріп едім. Мысалы, Ұлытауға, Түркістанға саяхаттар болса деген жоспарым бар. Бірақ мүмкіндік жоқ» дейді «Ұлылар мекеніне саяхат» жобасының бастамашысы, ақын, абайтанушы Алмахан Мұхаметқалиқызы.

ЖАҢА ОБЛЫСТАРДЫ НАСИХАТТАУҒА СЕПТЕСЕДІ

Екі жыл бұрын ұлы Абайдың 175 жылдығын атап өттік. Сол кезде «Ұлылар мекеніне саяхат» жобасын жаңғыртуға жағдай жасау керек еді деп ойлаймыз. Ал 10 тамыз Президент пәрменімен, Үкімет қаулысымен Абай күні болып бекітілді. Биылғы 28 қыркүйекте Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жыл толады. Сондықтан хакім Абай мен заңғар жазушыны берген өлкеге оқушылардың саяхатын ұйымдастыруға себеп жеткілікті деп ойлаймыз. Оның үстіне Абай, Ұлытау, Жетісу облыстары құрылды. Түркістан болса, түлеп жатыр. Міне, осы облыстардың басшылығы өздері басқарып отырған өлкелерді танытуды, киелі орындарды насихаттауды қолға алғаны жөн. Соны оқушылардан бастаған дұрыс деп есептейміз.

Осы тарапта ұлағатты ұстаз, білікті ұйымдастырушы, астананың Ә. Марғұлан атындағы №40 мектеп-лицейін, Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайын, Қ. Мұхамедханов атындағы №90 гимназияны басқарған марқұм Ербол Іргебай есімізге түседі. Ол оқушыларға арнап үнемі «Марғұлан ізімен» аталатын өлкетану туристік экспедициясын ұйымдастырып тұратын. Ербол Ісләмұлының бастамасымен балалар Көкше жеріндегі Кенесары хан үңгіріне барды. Ұлттық археология негізін қалаушы академиктің ізі қалған басқа да өлкелерді аралады.

БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНА БАЗЫНА

Кейінгі жылдары елордада тұлғалардың атына мектептер көп беріліп жатыр. Мәселен, №87 мектеп-гимназияға Абай Құнанбайұлының, №74 мектеп-гимназияға ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың, №57 орта мектепке Мәшһүр Жүсіптің, №86 мектеп-гимназияға Мұхтар Әуезовтің аты берілді. Бұл тізімді әлі де соза беруге болады. Қалада Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Мұстафа Шоқай сынды Алаш арыстарының атында да мектептер бар. Осы және бас қалада орта білім беру орындарына аты берілген басқа да тұлғалардың туған, өскен, ізі қалған өлкелері көруге тұрарлық. Мысалы, биыл ел көлемінде ғана емес, халықаралық деңгейде ұлт ұстазының мерейтойы атап өтіліп жатыр. Соның аясында оқушыларды Ахмет Байтұрсынұлы туған Торғай өлкесіне, мектеп ашып, сабақ берген Қарқаралыға неге апармасқа?

Нұр-Сұлтан қаласының Білім басқармасы осы мәселелерді ойластыру керек. Қалалық мәслихатқа бюджеттік ұсыныс жіберіп немесе демеушілерді тауып қалай да қолға алуы қажет. Себебі, осындай рухани-танымдық сапарлардың астарында ұрпақ тәрбиесі жатыр. Оқушылар көрнекті тұлғаларды түлеткен мекендерге барғанда тәлім-тәрбие, өнеге алатыны сөзсіз. Балаларға білім беру мен тәрбиелеу қатар жүруі керектігі дәлелдеуді қажет етпейді. Ал кейінгісі осы күндері сәл ақсап жатқаны жасырын емес.

Елордаға қарағанда өңірлер оқушыларға рухани-танымдық сапарларды ұйымдастырудан тартынбайды. Мәселен, биыл «Балалар жылы» аясында Халықаралық балаларды қорғау күніне орай, еліміздің әр өңірінен келген 34 оқушы Нұр-Сұлтан қаласына келіп, Президент резиденциясын аралады.

Оқушылар сарайында, Ұлттық музейде, Астаналық циркте, «Бәйтерек» монументі мен «AILAND» отбасылық демалыс орталығында болды. Ал астананың балалары осындай сапарлардан тыс қалып отыр.

Қазір балаларды интернет, ұялы телефон тәрбиелеп жат­қанын көп айтамыз. Рас, жаз мезгілінде бала сияқты далаға шығып ойнамайтын, тек экранға телміріп отыратын балалар да бар. Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың айтуынша, республикалық «Ұлағатты ұрпақ» мәдени-білім беру онлайн жобасы қолға алынды. Жоба сайттар мен әлеу­меттік желілерде жүргізіледі.

«Бұл – өте қызықты, ауқымды жоба. Оқушылар үйден шықпай-ақ, виртуалды сапар жасап, қазақ тіліндегі кинофильмдер мен мультфильмдерді көре алады. Дәрістерге жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамы 5 бағыт бойынша 20 сайтқа қатысып, музыкалық өнер және басқа да бағыттар бойынша бейнесабақтар дайындалып жатыр» дейді министр. Ал мұны балалар қаншалықты көріп жатыр? Біздіңше, бұл жоба қасиетті өлкеге сапарлап, көзбен көргендей әсер бермейді. Сондықтан оқушыларға арналған рухани-танымдық сапарларды ұйымдастыру керек-ақ.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button