Қоғам

Рухани жаңғыру рәуіштері

Отан соғысының мүгедектеріне арналған орталық клиникалық госпитальдің ұйым­дастыруымен Президенттің «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында Астананың 20 жылдығына және Ұлы Жеңістің 73 жылдығына арналған «Астана – бейбітшілік пен рухани жаңғыру ордасы» атты V халықаралық суретшілер байқауы өтті.

Салтанатты жиынға соғыс ардагерлері, ҚР Парламенті депутаттары, қоғам және мемлекет қайраткерлері, Ресей, Беларусь, Украина елдерінің Қазақстандағы елшілігі, бірқатар министрліктердің өкілдері қатысты.
– Біздің орталықта емделуге Ұлы Отан соғысының ардагерлері, жауынгер- интернационалистер, Чернобыль апаты мен Семей ядролық полигонынан зардап шеккен азаматтар еліміздің түкпір-түкпірінен келеді. Денсаулықтарын қалпына келтіреді. Сондықтан байқау тақырыбын жан-жақты, ауқымды болуын қарастырдық, – деген Астана қаласы Отан соғысының мүгедектеріне арналған орталық клиникалық госпитальдің директоры Әділхан Абдулин жиналғандарды Отан қорғаушылар және Жеңіс күндері мерекесімен құттықтады.
Байқауға ең үздік 73 экспозиция­лық жұмыс таңдап алынған екен. Жүзден жүйрік шыққандарды Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков бастаған қазылар алқасы анықтаған. Байқау қорытындысы бойынша Амангелді Дүйсембеков пен Толқын Табысбек және израильдік Ельяу Элина ІІІ орынды иеленсе, ресейлік Наталия Шевченко мен украиндық Василий Скаканди ІІ орынды, Сайлау Темірбеков
І орынды еншіледі. Ал бас жүлдені Шыныбай Пірімбаев қанжығалады. Жеңімпаздар қаржылай сыйлықтармен және арнайы сертификатпен марапатталды. Айта кету керек, Шыныбай Пірімбаев­тың туындысында Астананың теміржол вокзалы мен елордаға әр аймақтан қоныс аударушылардың бейнесі көрініс тапқан.
– Елордада өткен бұдан басқа байқауларға осыған дейін Астананың бас сәулетшісі әрі авторы – Елбасы мен қала әкімі бейнеленген суреттерімді ұсынған болатынмын. Осы жолы бас қалаға көшіп келіп жатқан ескі пойыз бен әртүрлі көңіл күйдегі адамдардың бейнесі ұтымды шыққан сияқты, – дейді бас жүлде иегері тілшілерге берген сұхбатында. Салтанатты шара соңы өнер жұлдыздарының концертіне ұласты.

Нұрдәулет КӘКІШТЕГІ 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button