Қала тіршілігі

Руханидың екі айы

Антимахмуд

Иә, Рухани ауызды аштырып, көзді жұмғызды. Сөзінің кіріспесін бүкіләлемдік қастандық туралы тұжырымнан бастап, АҚШ-қа деген лағынетпен аяқтайтын Махмуд Ахмадинежадтан кейін Руханидің сайлауалды уәделерінің 1 пайызының өзі орындалмас-тай көрінген еді. Айдай әлемнің барлығымен дерлік шекісіп болған Иранның билігінен, айталық, «холокост – айыптауға тұрарлық қасірет» деген сөз шығады десе, сенбек түгілі, айтқан адамның сарапшы ретіндегі мансабына нүкте қойылар ма еді. Бірақ жағдай осы – 30 жылдан астам уақыт бойы қалыптасқан Иранның ұрдажық билігіне Рухани екі-ақ айда бейбітсүйгіштің имиджін қалыптастырып берді.
Либерализацияға бет алған Рухани саяси саудаға басқа жағынан кірісіп кетті. Елдің шын мәніндегі билігі – Ислам сақшылары мен имам Аятоллада болса да, олардың догматтарына қарсы әрекеттер жасалды. Айталық, о тоба, Иранда алғаш әйел министр тағайындалды! МАГАТЭ инспекторларына кез келген уақытта ядролық объектілерді тексеру құқын беруге уәде етілді! Бұл не? Экономикалық қылбұрауға шыдамағанның тығырықтан жақсы атты боп шығу айласы ма, әлде Иранда түбегейлі өзгерістер болып жатыр ма? Иә, Иранда түбегейлі өзгерістер болып жатыр. Болып жатқаны соншалық, АҚШ, Израиль және бітіспес сүннәлық араб мемлекеттері тура мағынасында «не дерін білмей қалды».

 

«Не істейміз?»

Руханидың демаршы Таяу Шығыстағы бірқатар мемлекеттердің сыртқы саясатына нағыз дағдарыс әкелді. Мысалы, бүкіл пәлсапасы мен ойы «Иранды құрту керек!» деген Нетаньяхуда қазір үн жоқ. Қауіпті болсын, басқа болсын, бірақ Иран – Израиль премьеріне БҰҰ мінберінен жалынды-жалынды сөйлеуге жақсы-ақ тақырып еді. Енді «болжалды бомба» тақырыбы сейілгендей болып, Израиль не айтарын білмей, абдырап қалды. Абдырағаны сонша, Нетаньяху өзіне онша абырой әпермеген тео-риялар айтып жүр. Оның ойынша, Иран уақытша ізгілікке барып отыр, атом бомбасын жасауға сәл ғана жетпей тұрған технологиялар мен жарақтарды елге әкеліп алған соң қайтадан таз қалпына түседі дейді. Мұнысы енді әзірге «ұялған тек тұрмастың» кебіне келіп тұр. Бар жұмысы тек Иранды ғайбаттауға ғана негізделген тұтастай идараның өз алдында да, өзге алдында да ақталуы.
Сыртқы саясаттағы тықыр Сауд Арабиясына да тақады. Шын мәнінде, Иран революциясынан кейін ғана алғы шепке шығып, АҚШ-тың аймақтағы стратегиялық әріптесі мәртебесін алған Сауд Арабиясы Батыс үшін Иранға балама болатын. Енді қызығы сол: Иран кенет «зайырланып» кетсе, Сауд Арабиясы кімге керек? Және бұл тіпті де қисынсыз емес. Әңгіме – Саудияның мұнайлы өлкелерінде орналасқан шиға ағымын ұстанатын диаспораларда болып тұр. Иран Батыспен терезесін теңестірсе және «адам құқығы» деген тақырыптың дәмін татса, қауіп ең алдымен Сауд Арабиясына келеді. Себебі, ендігәрі әлемдік қауымдастықтың толыққанды мүшесі ретіндегі Иран дәл жаңағы шиғалардың құқын талап етуі әбден мүмкін. Нағыз қызық сонда болады. Себебі, АҚШ қаншама ымырашыл болғанымен, бір саяси сарапшы айтпақшы, «Ислам Республикасы» деген атауы бар Ирандағы адам құқы АҚШ-тың ықпалымен отырып-тұратын Арабиядан әлдеқайда жақсы».
Әлқисса, Руханидың алғашқы екі айы осындай болды.

Ерлан ОСПАН

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button