Рудаки кім болған?
24 желтоқсан – парсы поэзиясы атасы Рудакиді ұлықтау күні
Джафар бин Мохаммад Рудаки – Самани дәуіріндегі ұлы ирандық ақындардың бірі. Самарқанд қаласындағы Рудаки аймағының ауылдарының бірінде дүниеге келген. Рудакиді парсы поэзиясының атасы болады деп ойлағандар аз еді. Бірақ бұл лақап есімді барлық ұлы тұлғалар бірауыздан өзіне лайық деп есептеп, Рудаки ақындық дәрежесі жоғары, парсы ақындарының ішіндегі ең озығы әрі парсы поэзиясының көптеген түрлерінің негізін қалаушы болғандықтан оны «ақындардың шебері» деп атаған. Өзінің жетіліп келе жатқан кемеңгерлігімен 8 жасында Құран сүрелерінің барлығын жатқа айтқан Рудаки бала кезінен өлең жаза бастап, парсы әдебиетінің асқақ шыңындағы мәңгілік жұлдыздарының біріне айналға дейін шеберлігін шыңдады. Сондай-ақ өлеңдерінде Құран сөздерін жиі пайдаланған. Рудакидің ең маңызды шығармасы – «Калила мен Димна» поэмасы.
Патша сарайындағы өмір
Рудаки Саманилер империясы кезінде Самарқанд қаласында өмір сүрген, ол өзінің ғажайып өлеңдер шығарудағы шеберлігінің арқасында көпшіліктің назарын аудара білді. Осылайша, патша уәзірі Баламидің шақыруымен сарайға келіп, династияның ең мықты билеушісі Шах Наср бин Ахмад Саманидің сарайында ақын ретінде қызмет ете бастайды.
Ирандағы Саманилер билігінің бұл кезеңі ренессанс дәуірі болып саналады, себебі, патша мен оның лайықты уәзірінің даналығы мен ғылымға құштарлығының арқасында елдің экономикалық, мәдени және әлеуметтік өсуі үшін қолайлы жағдайлар туындады. Ірі кітапханалар ашу, өткен ғалымдар мен өнер қайраткерлерінің әдеби-ғылыми еңбектерін аудару, жаңалықтар ашуға көңіл бөлу – осы дәуірде атқарылған істердің тек бір дөлігі ғана. Дәл Самани билеушілерінің билігі аясында Әбу Рейхан Бируни, Әбу Әли Сина, Закария Рази сынды ғұламалар бой көрсетіп, Фердоуси сынды жоғары дәрежелі ақындар дүниеге келді.
Рудакидің поэтикалық шығармашылығы
Рудаки – парсы тілінің тұңғыш ақыны және парсы поэзиясының атасы, көптеген ақындар оның поэзиялық стилін ұстанған. Рудаки парсы поэзиясының көптеген салаларында алғашқылардың бірі болып саналады. Ол көптеген өлеңдер жазды. Өкінішке орай, бүгінге дейін оның бірқатар өлеңдері ғана сақталған. Рудаки көптеген Самани патшаларын сипаттайтын өлеңдер жазды, олар үшін арфада ойнап, өлеңдерін әнмен жеткізетін. Ол Наср бин Ахмадтың алдында ерекше орынға ие болып, шах сенім артқан жақындарының бірі болған. Оның сарайдағы дәрежесінің жоғары болғаны сонша, билеуші Гератқа сапар шегіп, Самарқандқа қайта оралудан ұзақ уақыт бас тартқанда, ел үлкендері ақынның аяғына жығылып, патшаны өз өнерімен сарайға қайтаруын сұрайды. Сол кезде Рудаки атақты ғазалын жазып, патшаға ұсынады. Наср патша өлеңді оқығаннан кейін көзіне жас алып, туған жерді сағынғаны соншалық, тезірек елге оралуын ұйымдастыруды бұйырады.
Рудакидің парсы поэзиясындағы орны
Рудакидің «парсы поэзиясының атасы» деп аталуы бекер емес, себебі, аруздардың (өлең құрылысының түрі) ең толық жинағы оның өлеңдерінде алғаш рет кездеседі. Оның сақталып қалған өлеңдері шын мәнінде жазған өлеңдерінен әлдеқайда аз болса да, қалған өлеңдерінің өзінен 35 түрлі өлшемді табуға болады, олар ақынның экспрессиялық қуаты мен тілдік қабілетін жақсы бейнелейді. Рудакиді кейінгі ақындарға, соның ішінде Руми мен Хафезге орасан зор ықпал еткен Саманилік ренессанс дәуіріндегі парсы поэзиясының өкілі деп санауға болады. Румидің одан алған әсері сонша, кейбір өлеңдерінде Рудакидің бейттеріне мақтанышпен еліктейді. Хайям Нишапури рубаи қалыбының шебері болғанымен, Рудаки екібейттік немесе рубаиидің негізін салған ақын саналады.Сондай-ақ, Рудакидің сөз өнері мен поэзиядағы шеберлігі мен ұстаздығын танытатын қыта, ғазал, маснави, қасида т.б түріндегі көптеген өлеңдері бар.
Рудаки поэзиясының ерекшеліктері
Рудакидің поэзиядағы тілі қарапайым әрі жағымды. Оның сөздерінің ұғымдарын, тіпті, сыртқы түрін түсіну қарапайым халық үшін әлі де жеңіл әрі оңай. Қысқа сөйлемдер, қарапайым және жиі кездесетін етістіктер мен ауызекі тілдің қолданылуы Рудаки поэзиясының негізгі белгілері болып табылады. Оның танымал әдеби өнері – «ташбиһ» (ұқсастыру), оның көмегімен ақын өзінің динамикалық ойларына қуат беріп, сөздердің астарында әдемі суреттер тудыра алды. Оның поэтикалық тақырыптары көбінесе гедонизм, рационализм, ғылым сүйгіштік, материализмнен алшақтық, өмірге және басқаларға деген сүйіспеншілік сияқты тақырыптарға баса назар аударады және оның табиғатты суреттеулері мен теңеулері ерекше. Рудакиден бүгінге небәрі мың бейті ғана жеткенімен, тарихшылардың болжамы бойынша, ол көзі тірісінде кемінде жүз мыңнан бір миллионға дейін өлең жазған. Рудакидің мәснеулерінің ішінде ақын хинди және пехлеви тілінен парсы тіліне аударып, толығымен поэзия тілінде жазып шыққан «Калиле мен Димна», «Синдбаднаме», Бахр Сариден Мотфи Мауфтың «Мәснавилерін» және басқаларын атап өтуге болады.
Рудакидің сөзінің шешендігі мен оның әдепті мінез-құлқының тазалығын басқа да философтар мен ақындар, соның ішінде Аболфазл Балами мен Әбу Тайб Мосаби әрқашан құрметтеп, мадақтап, Низами Арузи, Ансари, Насер Хосроу сынды танымал тұлғалар оны ұлылықпен атап өткен. Заманында «Руди» атанған ол сол дәуірдегі поэзия мен музыка өнерінің даму діңгегінің бірі болып, парсы әдебиетіне құнды қызмет еткені сөзсіз.
Соңғы сөз
Рудаки өзінің көркемдік талғамымен, шешен қаламымен, басқа да атақты парсы ақындарына әсерімен және жаңашылдығымен Иран әдебиетінде жоғары орынға ие болған алғашқы ұлы ирандық ақындардың бірі және оның шығармашылық қызметінің рөлі бүгінгі күні де айқын көрінеді. Өмірінің соңында парсы поэзиясының әкесі шығармашылығы сарайдың назарынан тыс қалғандықтан еліне оралады. Сол себепті де оның егде тартқан шағындағы өлеңдерінің дені даңқты өткенді сағынышпен жазылған. Аңыз бойынша, Рудаки 941 жылы қайтыс болды және оның қабірі қазіргі Тәжікстанның Душанбе қаласының маңында орналасқан.
Али Акбар Талеби Матин, ИИР-ның ҚР-дағы елшілігінің
Мәдени істер жөніндег кеңесшісі