Руханият

Рухани әлемімізді жаңғыртатын орталық керек

Көпшіліктің есінде болар, 2017 жылы ішкі туризмді киелі жерлер негізінде дамыту мақсатында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» арнайы бағдарламасы іске қосылған. Бұл 2025 жылға дейінгі сегіз жылды қамтитын ауқымды жоба еді. Бағдарлама іске қосылған қысқа мерзімнің ішінде еліміздің аумағындағы киелі нысандардың «Қасиетті Қазақстан» көпсалалы виртуалды картасы жасалып, мәдени мұралар тізіміне енген нысандарды насихаттау жұмысы жүйесін тапты. Ғылыми зерттеулер жүргізіліп, монографиялар жазылып, ғалымдар киелі мәдениетімізге назар аудара бастаған-ды. Бұл туралы ҚР Ұлттық музейі үйлестіру және музей ісін дамыту бөлімінің аға ғылыми қызметкері Батырхан ЖҰМАБАЙ әңгімелеп берді.

– Ұлтымыздың құндылықтарын жаңғыртып, рухани өмірімізге серпіліс берген бағдарламаға қайта оралудың әлі де қажеттілігі бар. Ұлттық музейде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» арнайы бағдарламасының орталығы жұмысын тоқтатты. Дегенмен әлі күнге дейін жер-жерден хабарласып, елдегі кие­лі нысан деп табылған мекендердің қазіргі жағдайынан хабардар етіп отырады. Соған қарап ерекше мәдени, рухани серпілісті аңғарамыз. Аталмыш бағдарламаның жаңа сипатта, жаңа мазмұнда жалғасы болуы тиіс деп ойлаймыз. Жалпы осы бағдарлама аясында 185 жалпыұлттық, 500-ге жуық жергілікті нысан анықталды. Киелі деп қас­терлейтін, қасиет беріп құрметтейтін рухани байлығымыз бұдан да көп. Оны түгел тізімдеп, жан-жақты зерттеп, ғылыми негіз беру бір жылдың ғана жұмысы емес. Олардың да сипаты әрқалай. Сонда да еліміздің зайырлы мемлекет көзқарасына оң нәтиже беретін нысандарды ең басты мақсат есебінде алдық. Қазіргі Түркістан облысында «Бірлік төбе» деген жер бар. Сырт көзбен қарағанда үйінді төбе. Бірақ жай төбе емес, 1723 жылы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламада» бүкіл қазақ еліне сауын айтқанда, ұлт болып ұйысып, кіші жүз ханы Әбілқайырдың бас­тамасымен еркек кіндікті деген 14 жастан жоғары ер-азаматтар жиналып, бір-бір уыс топырақты апарып, сол жерге үйгеннен қалған биік төбе. Жауға қарсы тас-түйін болып түйілген халық ынтымағының белгісі – ата-бабаларымыздың арман-­тілегін біріктірген төбе. Сол сияқты Астананың түбінде «АЛЖИР» атты сталиндік жүйенің кезінде салынған түрменің орнында ескерткіш бар. Қайғылы болса да, әлемде теңдесі жоқ, бұрын-соңды тарихта болмаған, қазақтың нарқасқаларының кеңестік жүйенің басшыларының, қоғам қайраткерлерінің жарын, апа-қарындастарын қапаста ұстаған, аналардың көзі жасына малынған қасіретті жер. Біздің тарихымыздың ауыр да қас­терлі жері. Осындай киелі жерлерге лайықты тарихи, әлеуметтік, философиялық көзқарасымызды қалыптастыратын тұжырым болуы керек.

– Шынында, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» арнайы бағдарламасы арқасында киелі орындарға көзқарасымыз өзгеріп, дәстүрлі діңгегімізді қайта тапқандай болдық. Киелі нысандардың айналасы көркейіп, зияратшылар легі жылдан-жылға артып келеді. Бұл да осы бағдарламаның жаңғырығы деп ойлайсыз ба?

– Кезінде халықтың киелі орындарға деген әлеуметтік көзқарасын философиялық, мәдени тұрғыдан зерттеп, қасиетті нысандарға сапарлап барушылардың мақсатын зерделеген едік. Әдеттегідей, әулиелердің басына жаны қиналған кезінде бара ма, әлде танымдық, туристік қызығушылық па деген сұрақтың жауабын білу біз үшін маңызды болды. Сараптамалық талдау негізінде динамикалық өсім барын, адамдардың әртүрлі жағдайда келетіні анықталды. Шамамен 40 пайыздан жоғарысы танымдық негізде көру үшін барады, 17 пайыздан жоғарысы жеке өміріндегі қиын-қыстау кезінде зиярат етеді, жақынынан айырылып, жаны күйзеліске түскенде де тылсымнан қолдау күтеді екен. 16-17 жасар жастар да ұлттық бірыңғай тес­тілеуден жақсы баға алу үшін қасиетті жерлерге топталып барады екен. Олар үлкен өмір алдында тұрғандықтан, аруақты жерлерге барып, сенімін нығайту дәстүрі қалыптасыпты. Негізі, бұл – қазақы болмысымызда бар нәрсе. 21-35 жастағылар денсаулығына қарай, көбі перзент сұрап барады.

– Бұл ретте киелі орындардың шырақшыларына да көп нәрсе байланысты ғой.

– Осы күнге дейін шырақшылардың қызметі анықталмаған. Олардың дені – өздері қарауылдайтын әулие-әмбиелердің ұрпақтары. Сондай жерге зиярат етіп келушілерге айтатын ақпараты қандай негізге құрылады, «әулие ортақ» десек те өз руын дәріптеуден асып кетпей ме, тарихты бұрмалау бар ма деген сұрақтардың басын ашып алу керек. Бағдарлама аясында 2019 жылы еліміздегі кесенелерде, киелі орындардың басында отырған шырақшыларды жинап, Ұлттық музейде бірнеше күнге созылған семинар өткіздік. Бір апталық жұмыс нәтижелі болуымен қатар көп жайттың бетін ашты. Көп жерде өзі иелік етіп, ұлтқа ортақ құндылық емес, өзінің жеке иелігіндегі мұрасындай көріп, ірі сөйлейтін шырақшылардың бары анықталды. Келіп тұрған туристердің білместігі үшін сөгіп алатындары да бар. Яғни қанша адам келсе соншама тіл тауып сөйлесіп, әрқайсысының жанына үңіле білудің оңай жұмыс емес екенін, оған да дайындық керегін түсіндірдік. Айтатыны жоқ, әулиелердің басына тойдан шығып, ішіп келетіндер де бар. Соның бір мысалы – Тараз қаласының ортасындағы Қарахан ата мазарының маңында «селфилеткісі» келетіндерге не бағдар береміз? Ғашықтардың символына айналған Айша бибінің басына жас жұбайлардың тобы қыдырып барып, шампан атып қызықтайтын сәттері бар екен. Мұның қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін қалай түсіндіру керек?

Шырақшылар жиынына мүфтияттың өкілдерін шақырып, олар діни көзқарасымен, біз зайырлылық тұрғысынан түсіндіру жұмысын жүргіздік. Семинарға шақырылған ғалым-этнографтар ұлттық мәдениетіміз бен салт-дәстүрлерімізден хабардар етіп, күрделі мәселелерді шешуге тырысты.

– Бағдарламаның ұтым­ды жағы туралы тағы не айтуға болады?

– Оның бір мысалы – Бозоқ қалашығы. Ежелгі қалашық ретінде оның түр-сипаты, тарихтағы рөлі белгіленіп, бағдарлама аясында республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енді. Астананың жалпыұлттық он нысанының архитектуралық жағдайына қарай тоғызының жағдайы қалыпты болса, Бозоқтың жағдайы алаңдатарлық еді. Алып баратын жолы белгіленбегендіктен, туристерге қатынау қиын, басқа да коммуникация жоқтың қасы. Сол кезде өз тарапымыздан басқарушы билікке оны жақсарту жолын көрсетіп, ұсыныс бердік. Олар өз тарапынан қаражат бөліп, жол картасына қосты. Соның арқасында 2018 жылы құрылған «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени мұражай-қорығы, ежелгі Бозоқ қалашығының археологиялық қазбалары негізінде, ашық аспан астында ұлттық саябақ құру ниетімен ескі қалашықты қалпына келтіру жұмысымен қатар, Қазақстандағы ежелгі және ортағасырлық ескерткіштердің тарихи кешені қайта жанданды. Бұл – тарих үшін де, туризм үшін де үлкен жетістік.

– Адам баласын ойландыратын «мен кіммін?» деген сұрақтың бір ұштығы өткен тарихымызбен байланысты ғой. Оның жер бетіндегі белгілеріне деген ерекше көзқарас ұлтымыздың рухани әлемін нығайта түспек дейсіз ғой.

– Туризм – ел экономикасын дамытатын күш. Румынияда Дунайдың жағалауында холокост құрбандарына арналған аяқ киімдердің ескерткіштері бар. Қаншама жұрт сол аяқ киімді көру үшін елге келіп жатады. Біздің тарихымыздың осындай белгілерінің қай-қайсысын алсақ та, ол туралы деректі фильм түсіріп, насихат жұмысын жүргізіп, туристерді тарта алсақ, рухани әлеміміз жарқырап, рухымыз биіктей түседі. Сол себепті туризмнің жолын, ғылыми тұжырымын негіздеп, осы істің басында жүрген шырақшылар, өлкетанушылар, басқа да қызметкерлер арасында алтын көпір болатын орталық керек.

Сұхбаттасқан Айгүл УАЙС

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button