Басты ақпаратРуханият

Рухани бай тұлға

Қасым Аппасұлы Тәукенов ағамызды жастау кезімде сырттай білуші едім. Оның себебі, ол кісінің бажасы Бурабай ауданында отыз жылға тарта білім саласын басқарған, білім саласының жоғарғы дәрежелі мараппаттарына ие болған, бүгінде марқұм Исай Ибраевпен ұзақ жыл дос болдым. Сол кезде бір-екі рет кездесіп едім. Бірде сәті түсіп, ол кісінің үйіне Исаймен қонуымызға тура келіп еді. Ол кезде ағамыз облыстық атқару комитетінің төрағасы болатын, біз барғанда бір ауданға жол жүріп кетіпті.         

Қонақ аз отырып, көп сынайды демекші, бөлмелерді аралап көрдік. Сонда байқағаным, бір бөлмесін қазақи дәстүрмен безендіріп қойыпты. Еденде баяғы аналарымыз тоқыған алаша, қабырғаларда ұлы батырлардың қару-жарақтары, қамшы, т.б. ата-бабаларымыздың күнделікті тұрмыста пайдаланатын заттары. Екінші бір бөлме ол кісінің қағаздармен жұмыс істейтін орны екен. Бұл бөлмеде үстел, сосын бір қабырғасы еденнен бастап, төбеге дейін кітаптар сіресіп тұрған сөрелері. Былай көз жүгіртіп қарап едім, неше түрлі құнды кітаптар бар екендігіне көзім жетті. Бұрын еститінмін, барған жерінде кітап дүкеніне  кірмей кетпейді деп. Бір ауданға бірінші хатшы болып барғанда, кітап қоймасын аштырып, шашылып жатқан кітаптардың ішінен бірнеше өзіне керек кітаптарды тауып алыпты. Бірде өз көзіммен көрдім, Сілеті ауданына келгенде, екі-үш кітапты қолтығына қысып ұстап жүргенін.

Ақын ­Мұзафар Әлімбаев пен ғалым Тұрсынбек Кәкішев «Сәкен жүрген жолдармен» деген экспедиция­ға шыққанда, Атбасарда Қасекеңнің үйінде болғандығын, Алматыда Мұзағаңның үйінде қонақта болғанда ақын ағамыз айтты: Қасымның үйінде Алматының республикалық кітапханасында жоқ кітаптар бар екен деп. Ағаның үйінде болғанда, зайыбы Майраш айтты: қай кітаптың қай жерде тұрғанын біледі. Біреу байқау­сыз орнын ауыстырса, қатты ренжитін деп. Міне, осыдан ол кісінің кітапқа сүйіспеншілігін байқауға болады. Менің болжауымша, ол кісі – жақсы маман, басшы ғана емес, рухани бай адам. Сол кітаптардан алған білімінің арқасында өзі бірнеше кітаптың (авторы) иесі болып отыр.

Менің кітапханамда ол кісінің қазақша-орысша бес кітабы бар. Олар «Кешеден келдік бүгінге», «Абай бол, арлан», «Поклонись тюркам» т.б. кітаптар Қасекеңнің досы марқұм Нұрғожа Оразов кітаптың алғашқы бетінде былай деп ой қозғайды: «Сіздерге ұсынылып отырған осы бір естелік эсселерінде, автор намыс туын жоғары ұстап, елінің елдік қасиетін сақтап қалуға тырысқаны жөніндегі жайларды оқып, танысасыздар» десе, автор қысқасы, көп ойланып-толғанып, көрген-білгенімді, өмірден жиған ойымды, тергенімді ой елегінен өткізіп жылдар бойы іштей қорыта жүрдім де, қалт­қысыз қаз-қалпында айтып беруге бел будым. Бұл менің имандай шыным. Сеніп қағазға түсіріп отырмын дейді. Кітап өте шынайы тілде жазылған, оқи отырып жазғанының бәрі шындық екеніне көз жеткізесің. Менің кейіпкерім өткен ғасырдың отызыншы жылдарының басында өмірге келсе, ол қандай заман болғанын  кітап арқылы болса да білесіздер. Ауылдарда көшпелі халықты тұрақтандыру мақсатында ұжымшаралар құрылып, байдың малын, жерін тартып алып, кедейлерге беріп, халықтың хал-жағдайын теңестіремін деп асыра сілтеу­шілікке ұрынып жатқан кез болатын. Одан отыз жетінші жылдардың қуғын-сүргіні, Екінші дүниежүзілік соғыс, соғыстан кейін  халық шаруашылығын қалпына келтіру кезеңі, елуінші жылдардың басында тың игеру науқаны. Осылардың бәрін жас жігіт Қасым басынан кешірді, куәсі болды. Сондай қиыншылықтарды ата-анасымен бірге көріп, ой түйді. Ақмола облысының Целиноград, Астрахан, Ерейментау, Атбасар аудандарында, Ақмола, Көкшетау қалаларында лауазымды қызметтерді атқарып, сол өңірлердің халқымен етене танысып, ол елдердің табиғатымен, халқымен терең танысуына мүмкіншілік алды. Мысалы, Ерейментау ауданында  аңшылықпен айналыса жүріп, тарихи орындармен танысты. Онымен қоса, сол елдің  атақты қарты Көшербай ақсақалмен жолдас болып, аңшылық өнерімен, сол өңірдің аңыз әңгімелерін тыңдап жүрді.

Қасекең онымен қоса облыс­тық, республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында маңызды мәселелерді көтеріп, өз ойларымен бөліседі.

Мысалы, соңғы уақытта шыққан «Атты адамның ақылы төбесінде» мақаласында елімізде жол апатынан мыңдаған адамның опат болып жатқандығын қынжыла жазады. «Бүгінде жол апаты әлі де өршіп тұр. Бұл мақаласында мынадай жолдар бар, бүгінгі заманның аты – автокөлік. Көлік тізгінін қолға алған әр адамның арқасы қозып, қызбалыққа салынуы бекерден бекер болмас».

Қасым Аппасұлы қатардағы мал дәрігерінен облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығына дейін көтерілгенде, ол кісіні бойына, түріне қарап өсірмеген шығар. Ол ағамыздың білімділігін, басқару қабілетінің жоғарылығын, халықпен етене жақын жұмыс істей алатындығын ескерген болуы керек деп ойлаймын. Қазір естимін, партиялық функционерлерді дәріптей бермеу керек дегенді. Ағамыз сол дәуірде өмір сүргеніне, қызмет атқарғанына кінәлі емес қой. Меніңше, дәуірге қарап емес, еңбегіне қарай бағалау керек. Сол қызметтерде жүріп, біраз адамдарға шапағаты тиген шығар деп ойлаймын. Солардың біреуі өзіммін. Студент балаларымның жағдайына байланысты көлік қатынасы жақсы жаққа ауысу керек болды. Марқұм М.С.Есмағамбетова облысқа жұмысқа аламын, әзірше істей тұр деген. Бір жылдан аса  уақыт өтті, ол кісіден хабар болмады, сосын әрекет жасап, Ақкөл ауданына ауысқым келді. Аудан жібермеді. Сосын Қасым Аппасұлының қабылдауына кіріп, жағдайымды айтып түсіндірдім. Ақкөл, Сілеті  ауданының басшыларымен менің көзімше сөйлесіп, орынбасары С.Ж.Жалмағамбетоваға тапсырма берді. Сөйтіп, сол кісінің көмегімен Ақкөл ауданына қыз­метке ауыс­тым. Ол кісі әр жерде қызмет істегенде өтінішпен кіргендер аз болған жоқ шығар.

Қасым аға, тоқсанның төріне шықтыңыз, құтты болсын! Біз де сіздің  өкшеңізді басып келеміз. Сіз бір кітабыңызға былай деп жазып едіңіз: Ереке! Ғұмыр бақыт тілеймін. Естелік жазуыңа тілектеспін, көрген-білгенің мол. Ел азаматысың, ағаң Қасым. Сол ұсыныңызды орындап, Жайық Бектұровпен, Сағадат Нұрмағамбетовпен айналыс­тым. Қазір Жұмабек Ташенов тарихтан өзінің лайықты орнын алса деген ойдамын.

Аға, осылай алдымызда айбар жүре беріңіз, біз інілеріңіз, соңыңыздан еруімізге Алла тағала жазсын демекпін.

 Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,

 Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, 

қалалық Ардагерлер кеңесінің мүшесі

 

ІНІДЕН ІЗЕТ

(Қасым Аппасұлы Тәукеновтің 90 жылдық мерейтойына)

 Беу, Аға, бір қазақпыз –

сіз де, мен де,

Үлкенсіз – табылатын іздегенде.

Інінің ізеті ғой деп біліңіз,

Өзіңді қосар болсам ізгі өлеңге!

 

Кейбіреу сәлемін де бұлдағанда,

Ойлаймын: жыр бағам ба,

мұң бағам ба?

Аға деп сосын Сізге сөз арнадым,

Арлысы аз, азғыны көп

бұл қоғамда!

 

Шырқалып ел мен жер деп

жаның әні,

Күн кешкен бір адамсыз

мағыналы.

Ағалық, даналық та – бәрі, бәрі,

Бір Сіздің бойыңыздан табылады!

 

Ілгері сүйреп бізді алағай күн,

Ізіне жүрміз еріп сан ағайдың.

Қазақта ақсақалмын дегендерді,

Мен сосын сізге қарап

бағалаймын!

 

Осынау тірлік деген дүрмекпенен,

Кім келіп бұл дүниеге,

кім кетпеген.

Адамсыз – арыңызды биік ұстап,

Жаныңның тазалығын

 кірлетпеген!

 

Тойым деп жинасаңыз

көпті бүгін,

Демегін: артық сөйлеп

кетті ме інім.

Асылдың сынығындай

бір адамсыз,

Қанында жоғалтпаған

тектілігін!

 

Ел жетсе бүгін енді шын бағаңа,

Әйтеуір еңкеймесін тұлғаң, Аға!

Сіздің де салып кеткен ізіңіз бар,

Сарыарқа дап аталар

бұл далада!

 

Ал, Аға, құтты болсын,

тағы да бір,

Жаратқан құя берсін

жаныңа нұр.

Қарттыққа жақсы жеткен

бір адамсыз,

Жұқтырмай жаныңа кір,

арыңа кір!

 

Жүрсе де әр заманда

әркім күндеп,

Ешқашан айтпадыңыз

сарқылдым деп.

Төрінде Астананың бүгін енді,

Отырсыз секілденіп алтын

діңгек!

 

Бәріміз бір Аллаға пендеміз бе,

Пәниге аз күн қонақ келгеміз бе.

Ортада дәл осылай жүріңізші,

Дүрсілдеп аппақ жүрек

кеудеңізде!

 

Тірліктің тарқамайтын

базарында,

Ағалық айбын тұрсын

ажарыңда.

Айнала алқалаған

ел-жұрт үшін,

Жүріңіз Жаратқанның

назарында!

 Сайлау БАЙБОСЫН

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button