Рухани байлығымыздың бетін ғана қалқып алып жүрміз
Өнер жолын актерліктен бастаған Жұлдызбек Жұманбай кейіннен режиссерлікке бет бұрып, қазір осы салада жемісті еңбек етіп келе жатыр. Мәскеудегі Ресей театр өнері институтында (ГИТИС) «режиссер» мамандығы бойынша магистр дәрежесін алған соң, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында режиссер, «Алатау» дәстүрлі өнер театрында көркемдік жетекші қызметтерін атқарды. Биылғы жаздан бастап Ә.Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрының бас режиссері. Оның қолтаңбасы қазақтың көрнекті қаламгерлерінің шығармаларын, яғни әдеби туындыларды сахналаумен ерекшеленеді. Жуырда режиссермен кездесіп, театр өнері туралы, жеке шығармашылығы, алдағы жоспарлары жайында сұхбаттастық.
Комедиялық қойылымдарға байқау жарияланды
– Жуырда комедия жанрындағы драматургиялық шығармаларға байқау жарияладыңыздар. Сол жайында егжей-тегжейлі айтып берсеңіз.
– Театрымыз драма және комедия театры аталғандықтан, жанр 50/50 пайыз болуы керек. Яғни драма да, комедия да тепе-тең қойылуы қажет. Жалпы Қазақстанда әр театрдың өз бағыт-бағдары бар. Театрлар соған сәйкес жұмыс істесе, көп нәрсені қамтитын еді, бір бағытқа кетіп қалсақ, біраз тақырып қалып қояды. Бұл тұрғыдан Әзірбайжан Мәмбетов театрының мүмкіншілігі мол. Драмаларды тірілту мақсатында жақында Мұхтар Шахановтың «Танакөз» поэмасын сахналадық. Ал жақында комедия жанрындағы драматургиялық шығармаларға байқау жарияладық. Оның мақсаты – қоғамды әзіл арқылы бейнелейтін комедиялық қойылымдар жазылуына ықпал ету. Байқауға қатысатын пьесалар бұрын жарияланбаған, басқа байқауларға қатыспаған және театр сахнасында қойылмаған болуы тиіс. Комедиялық пьесаның жанрына шектеу жоқ. Бұл трагикомедия, сатиралық комедия, юморлық комедия, лирикалық комедия, музыкалық комедия болуы мүмкін. Жеңімпаздарды танымал сарапшылар тобы анықтайды.
Қарапайым жұмысшы театрда ойнай алады
– Осы жыл аяқталуға таяп қалды. Мәмбетов театрының келесі жылға жоспарлары қандай?
– Халықпен тығыз байланыс жасау, халықты театрға тарту мақсатында көркемдік жетекшіміз Тұрсынбек Қабатов ұсынған идеялар бар. Соның бірі – «Мен спектакль ойнаймын» жобасы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Соған сәйкес өнерге еш қатысы жоқ қарапайым жұмысшының «театрда ойнасам» деген орындалмаған арманы болуы мүмкін. Біз олардың басын біріктіріп, бір спектакль қойсақ деп жоспарлап қойдық. Бұл жоба қазір қарастырылып жатыр. Келесі жылы 5-6 премьера өткізсек деп отырмыз. Сахнаға еш жерде қойылмаған, тың дүниелерді шығарғымыз келеді. Бұған қоса, Әзірбайжан Мәмбетов қойған, Мемлекеттік сыйлық алған спектакльдерді жаңғыртсақ деген ойымыз да бар. «Қан мен тер», «Ана – Жер-ана» секілді соқталы туындыларды қазіргі қоғамның беталысына сай сахналасақ деп отырмыз. «Әзірбайжан алаңы» атты жобаны ұйымдастырсақ па деп те ойлап отырмыз.
– Өзіңіз Абай елінің азаматысыз. Келесі жылы ұлы ақынның туғанына 180 жыл толады. Осыған орай жоспарлап қойған спектакльдер бар ма?
– Иә, келесі жылғы Абай атамыздың 180 жылдығына, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ойластырып қойған жобаларымыз бар. Шәкәрім Құдайбердіұлының шықпаған туындылары кездеседі. Соларды да сахнаға шығарғымыз келеді. Оның «Әділ-Мария» романының миымда жүргеніне 5-6 жыл болды. Оны қалай қойсам екен деп ойланып жүрмін.
Біздегі драма – жырда
– Қазір әдеби шығармаларды театр сахнасына шығару үдерісі жүріп жатқандай сезіледі. Өзіңіз осы бағытта біраз еңбектендіңіз. Мәселен, Сайын Мұратбековтің сіз сахналаған «Жусан иісі» спектаклі бізге ұнады. Бұл тараптағы ойыңызды білсек.
– Қазір драматургия жоқ деген пікірлер айтылып жатады. Мен бұған «Драматургия жоқ емес, бар. Мұндай пікірді айтсаң, онда ізденбейсің» деп жауап беремін. Өз басым 2027 жылға дейін сахналайтын туындыларды, яғни 3 жылдық жоспар құрып қойдым. Өйткені қазақ әдебиетінде сахнаға лайықтайтын туындылар жетерлік. Мәселен, Бейбіт Сарыбайдың әңгімелерін оқып, Атырауда спектакль қойдым. Әдебиетіміз, негізінен, баяндау бағытында өрбиді. «Жусан иісінде» осы форманы қолдандым. Бұл ұтымды болды деп ойлаймын, спектакльдің сахнада жүріп жатқанына 8 жылға айналды. Абайдың қара сөздерінен «Қара» деген спектакль қойдым. Ол Мұхтар Әуезов театрында орнықты. Осыған дейін сахнаға шықпаған туындыларды сахналау режиссерге де, көрерменге де қызық. Негізінен, біздің көрерменнің философиясы не ішегі қатып күлуі керек, не ботадай боздап жылауы керек.
– Қазіргі жас режиссерлер «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қыз Жібек» секілді ұлт мұраларын жаңаша сахналаймыз деп бүлдіріп бітті. Осыған көзқарасыңыз қандай?
– Оныңыз рас. Ұлт мұрасын сахналағанда түпнұсқадан алшақтау көп. Өзім лироэпостық жыр дегенге жауапкершілікпен қараймын. Абай облыстық қазақ музыкалық драма театрында «Абай айтқан «Еңлік-Кебек» спектаклін қойдым. Жұрт «Неге Абай айтқан?» деп сұрайды. Себебі Шәкәрім де, Мағауия да – Абайдың шәкірттері. Оларға оқиғаны Абай айтқан соң жазды деп ойлаймын. Мұхтар Мағауин де «Еңлік-Кебекті» Абай атам жазған сияқты» деген ойды айтады. Мұхтар Әуезов театрында «Айман-Шолпанды» қойдым. Спектакльді Әуезовтің желісімен қойсам да, оқиғаны, негізінен, жырдан алдым. Заңғар жазушы жырдан туған пьесаларын ұлт мұрасын сақтап қалу үшін жазды. Біздегі драма – жырда. Онда әрекет те, монолог та, диалог та, мінез де, оқиға да, былайша айтқанда, бәрі бар.
Мәскеуде оқып жүрген кезімде бір ұстазым «Сендерде театр бар ма?» деген сұрақ қойды. «50-60 театр бар» деп жауап берген едім, «Жақсы екен, бірақ өздеріне тән ұлттық театр бар ма?» деп сұрады. Осы кезде ойланып қалдым. Шынымен, домбырамыз, жырымыз бар. Біз қазір эксперимент жасап, жырдың өзін экспортқа шығара алмай отырмыз. Бізге жұртқа тыңдататындай оның формасын табу керек. Өйткені қазіргі қазақ жырды тыңдамауға айналып келе жатыр. Бұлай кете берсе, ертең жырымыз өліп кетеді ғой. Өзім Сыр еліне барған сайын жыршыларды тыңдап, «Бізде осындай әуен бар ма?» деп тамсанып, таңғалып қайтамын. Қазір рэп, попса дейді. Ал оның бәрі біздің жырда тұнып тұр. «Алатау» дәстүрлі өнер театрында жұмыс істегенде аздаған эксперимент жасадым. Сонда рухани байлығымыз көп екеніне көзім жетті. Біз бүгінде соның бетін ғана қалқып алып жүрміз.
Өзім бүкіл спектакльдерде салт-дәстүрлерімізді қолданамын. Мәселен, «Айман-Шолпанда» дәстүрді биге салдым. Сонда бір көрініс бар: үйлену тойы болып жатқан үйде шалдар мүжілген мойынға жіп байлап, шаңырақтан далаға лақтырады. Үйдің сыртын айналып жүрген үйленбей жүрген жігіттер соны қағып алады. Бұл – келесі той соның үйінде болуы керек деген қазақтың бағзыдан келе жатқан ырымы. Ал бізде қазір қалай? Тұрмысқа шығып жатқан қыз гүл лақтырады. Байсырап жүргендей, қыздар соны қағып аламын деп жүгіреді. Содан қыздың құндылығы түсіп бара жатыр. Бізде бұрыннан жүріп қалған ер азаматқа «неге үйленбейсің?» деп айтылушы еді. Ал қазір керісінше болып бара жатыр. Жапонияда «Кабуки» театрында салт-дәстүрлерді қимыл-әрекетке сыйдырады. Соны көрермендер түсініп отырады. Өкінішке қарай, біз бұған әлі жетпедік. Қазақта «Үйрен де жирен» деген жақсы сөз бар. Фанатизмге барма деп тұр ғой. Бізге озық мәдениетті алуы керек.
Қазақты қазақ қылып отырған – «ұят» деген сөз
– «Үйрен де жирен» деп отырсыз. Өзіңіз Мәскеуде оқыдыңыз. Қазір нені болса да көрші елмен салыстырамыз. Сіздіңше, орыс театрынан бізге нені үйренуге, нені алуға болады?
– Орыс дүниесінде театр мәдениеті бірінші кезекке шығып кетті. Мәселен, Мәскеуді «Театр Меккесі» деп көтеріп жіберді. ТМД-да Достоевский, Чехов, Гоголь секілді классиктерінің шығармалары қойылмайтын ел жоқ. «Орыс балеті», «Орыс психологиялық актерлік мектебі», «Станиславский жүйесі» деп атайды. Ал әу баста солардың көбі оларға Еуропадан келген. Меніңше, «Станиславский жүйесі» деп бір нәрсеге қатып қалуға болмайды. Өнер деген – қиял. Қиялға шектеу, өнерде ереже жоқ. Бәрі адамның сана деңгейіне байланысты. Ал театр – синтездік, жан-жақты өнер.
Мәскеу классиктерін жақсы ұлықтап, театрларда әлі күнге дейін соларды қояды. Жай қоймай, тілін сақтайды. Өз басым классиктерін құрметтейтіндеріне қызығамын. Бізге осыны үйрену керек. Оларда эмоция, айғай – қанында бар нәрсе. Ал бізде «ұят болады» деген бір сөз бар. Қазақты қазақ қылып отырған – осы сөз. Мәскеудегі бір ұстазым оқуымды бітірерде «Ертең еліңе ораласың. Бірақ нені қойсаң да, өзінікін қой. Сенің ұлтың аз. Спектакльдеріңді өзіңнің салт-дәстүріне, өзіңнің ұлттық ерекшелігіне сай сахнала. Бізге еліктеме» деп айтты. Сол сөз үнемі есімде тұрады.
– Сіздіңше, қазіргі қазақ театры өрлеу үстінде ме, құлдырауда ма?
– Қазір қазақ театры дамымай жатыр демеймін. Жақсы спектакльдер қойылып, эксперименттер жасалып жатыр. Бірақ бір қоғамда өмір сүргеннен кейін кейде көңіл толмайтын жайттар болып жатады. Бұл әсіресе қазіргі заман технологияларына қатысты болады. Бізде жарық қоюшы, дыбыс қоюшы секілді сахна сыртындағы мамандар жетіңкіремейді.
– «Мәмбетов мектебі» деген тіркес қалыптасқан. Қазір реформатор режиссердің атындағы театрда жұмыс істейсіз. Өзіңіз кімнің мектебінің шәкіртісіз?
– Менің ұстаздарым – Жанат Хаджиев, Қуандық Қасымов. Ал Хаджиев – Мәмбетовтің шәкірті. Мәмбетовтің тағы бір шәкірті – Әкпарәлі Айтыбай. Бұл кісі мені оқуға қабылдап, театрға деген махаббатымды оятты. Әзірбайжан Мәмбетов есімін де алғаш рет Әкпарәлі ағаның аузынан естідім. Сондықтан былайша айтқанда, мен Мәмбетовтің немере шәкіртімін. Мәскеуде оқуыма Жанат ағаның сөзі себеп болып, ұстазымның кеңесімен барып оқыдым. Сатыбалды Нарымбетов мені киноға тартқысы келді. Оның бір сценарийі әлі күнге дейін менде жатыр. Киноға келуіме театрға деген махаббат жібермей отыр.
Сұхбаттасқан
Аманғали ҚАЛЖАНОВ