Рухтың шалқуы

Қарағанды қаласында көрнекті ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Серік Ақсұңқарұлының 75 жас мерейтойына арналған «Рухтың шалқуы» атты поэтикалық кеші өтті.
Кеш шымылдығын Қазақстан Республикасы Президентінің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі Арман Қырықбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау ізгі лебізімен ашты.
«Сіз жеткен бұл белеске берісі Арқа, әрісі күллі Алаш жұрты сүйсіне қарап тұр. Өйткені Сіз қасиетті Алаш арыстарын дүниеге әкелген Ақтоғай топырағында туып, жастайыңыздан өлең-жырмен қанаттанып, Абай, Мағжан, Қасым, Ілияс, Мұқағалиларды үлгі тұтып, тұтас қазақ халқының тұғырлы азаматына айналдыңыз. Өзіңіз үнемі айтып жүретіндей, азаматтықты бәрінен биік қойып, қазақ өлеңіне ешкімге ұқсамайтын өзгеше өрнек салдыңыз. Жырларыңыздағы буырқанып жатқан алапат ұлттық рух сол асқақ қалпыңызда поэзияның шыңына алып шықты.
Ел «Өнер ордасы» деп Алматыға қоныс аударып жатқанда, Сіз Қарағандыдан табан аудармай, осы жерде үлкен әдеби орта қалыптастырдыңыз. Адамзат баласына ұлттың атынан сөз айту үшін Алматыда тұрудың шарт еместігін дәлелдеген қайсар рухты айбынды ақынсыз» делінген құттықтау хатта.
Сондай-ақ Премьер-министр Олжас Бектеновтің, Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің құттықтаулары оқылды. Бас қала басшысының ізгі лебізін оның орынбасары Есет Байкен жеткізіп, «Серік Ақсұңқарұлы – қазақ поэзиясының көкжиегін кеңейткен өз заманының шыншыл шежірешісі» деді ол.