Мәдениет

«Сабантуй» – дихандар тойы

Өткен жексенбіде «Жастар» сарайының алдындағы алаңда татар-башқұрт ағайындар «сабантуй» өткізді.

2002 жылдан бері ЮНЕСКО-ның мәдени мұрасының тізіміне енген бұқаралық мереке елордалықтардың да жыл сайын бас қосатын дәстүрлі жиынына айналды. Мерекенің ашылу салтанатында Астана қаласы  әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев қала тұрғындарды құттықтап, этномәдени бірлестіктердің өкілдеріне ынтымақтылығы, елордада және елімізде бейбітшілік пен келісімді дамытуға елеулі үлес қосқаны үшін ризашылығын білдірді.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасындағы Татарстан Республикасының Өкілетті өкілдігі, Ресей Федерациясының Елшілігі, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері де жылы лебіздерін жеткізді. Қонақтар дәстүр бойынша сый-сияпаттарын жасап, этномәдени орталықтарының белсенді мүшелерін марапаттады.

Осы тойда ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Татарстанның халық суретшісі, Қазақстан көркем өнер академиясының академигі Камил Муллашевты кездестірдік. Белгілі суретші еліміздің тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған көрмесін дайындап жатқанын айтты.

Жалпы, «Сабантуй» – дихандар мерекесі. «Сабан» татарша «соқа» деген сөзді білдіреді. Ерте көктемнен егін салып, жер өңдеген егіншілердің сәл тыныстаған сәті осылайша мерекеге ұласыпты. Жылдар өте келе бұл той алғашқы ұғымынан асып түсіп, татар-башқұрттың ұлттық дәстүрі мен мәдениетінен хабардар ететін, сол қазынаны жарқыратып шығаратын халықтың ұлық мерекесіне айналады. Содан да болар, бұл күні бүкіл елордалық татар-башқұрттар бас қосып, этномәдени орталықтары өкілдерінің өнерін тамашалады. Өнерпаздардың театрланған көріністері мерекеге мән берді. Сауыққа жиналғандар гармоннан төгілген сазға қосылып, би билеп демалыстың шырайын келтірді. Бұл мереке бұқаралық ойындарымен де тартымды. Ойыншыл қауым арқан тартып, иінағашпен  су тасып, қаппен де секіріп ойнады. Азаматтар білек күшімен сынасып, гір көтеріп те көрді. Сондай-ақ, палуандар «Көрәш» ұлттық күресінен бақ таластырды. Әділқазылар жеңімпаз жампозға жүлдеге байланған қойды жетектетіп жіберді. Сәбилер үшін арнайы жасалған «Әкият» ертегі алаңында түрлі шаралар ұйымдастырылып, балдырғандардың да көңілін көтерді.

«Астанада өтетін мерекеге қала тұрғындарымен қатар, еліміздің өзге өңірлеріндегі татар-башқұрт  этномәдени орталықтарының өкілдері мен өнер ұжымдары келді. Қазан қаласынан артистер  келіп өнер көрсетті. Халықтың туған тілін, төл мәдениетін, кішіпейілдігі мен қонақжайлылығын сақтауға деген талпынысы мен түрлі ұлт пен дін өкілдерінің басын қосатын салтанатымен де ерекшеленетін мейрамды кең көлемде атап өтуіне ең бастысы, қала әкімдігі тарпынан қолдау көрсетіліп отыр» дейді «Таң» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің жетекшісі  Рафик Валиев.

 Айгүл УАЙСОВА

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button