Қала тіршілігі

Сәбиі көп астана

1 желтоқсан күні 61 бала дүниеге келді. Оның 28-і ұл болса, 33-і – қыз бала.

Елорда әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен мен Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов бастаған жұмыс тобы №1 көпбейінді аурухананың акушерлік блогында болып, 1 желтоқсан күні дүниеге келген сәбилердің аналарын құттықтады. Қала әкімінің орынбасары Алтай Көлгіновтің атынан жас аналарға гүл мен арнайы сыйлықтар табыстап, отбасыларына бақыт тіледі.

«Осындай ерекше күні дүниеге келген нәрестелердің бауы берік болсын! Ел азаматтары болып өссін. Тұңғыш Президент күні өздеріңізді арнайы құттықтай келдік. Жыл санап дүние есігін ашқан сәбилердің саны арта берсін. Аман-сау болыңыздар!» деді Бақтияр Мәкен.
«Барлық босану сәтті өтті, сәбилер де, аналары да өздерін жақсы сезінуде. Тәулік бойына 30-35 сәби туылады. Жыл сайын дүниеге келетін балалар саны артып келеді. Бір жылда 800-ден 1600 балаға дейін өсіп отыр. Халқымыздың көбейіп жатқанына қуанамыз. Ал былтыр 10 800 бала туылса, жыл соңына дейін 11 мыңнан аса сәби дүниеге келеді деп күтілуде. Ал бүгінде 10 500 сәби жарық дүние есігін ашты» дейді Нұр-Сұлтан қалалық №2 көпбейінді аурухана директорының босану жөніндегі орынбасары Ербол Әубәкіров.

Елбасы күніне орай жанұясына жақсы хабар жеткізіп, сүйінші сұрағандар көп болды. Өз туғандарын жағымды жаңалықпен қуантқандардың бірі – Аягөз Батпанова. «Қызыма осындай ерекше күнде дүниеге келу бақыты бұйырды. Жарқын болашағының бір дәлелі болса керек. Өзгеше әсерде отырмын. Түнгі сағат бірде босандым, үшінші балам. Барлық астаналықтарды бүгінгі айтулы мерекемен құттықтаймын!» деді ол.

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button