Сұхбат

Сәбила МҰСТАФИНА, Астана қаласы Есіл ауданының әкімі: ҚАЛА ТАЗАЛЫҒЫНА ТҰРҒЫНДАР ТІКЕЛЕЙ АТСАЛЫССА, ЖҰМЫС НӘТИЖЕЛІ БОЛАДЫ

Елорданың Есіл ауданы – ауыз толтырып айтуға лайықты маңызды, әсем ғимараттарға ғана емес, рухани, дәстүрлі құндылықтарға да толы аудан. Тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында аудан аумағында түрлі саяси-мәдени іс-шаралар да өткізілуде. Жуырда  қалалықтармен болған тікелей тілдесу барысында Есіл ауданының әкімі Сабила Мұстафина осы және өзге де мәселелер төңірегінде әңгімеледі.

 

– Сәлеметсіздер ме?! Мен «Жағалау-3» тұрғын-үй кешенінде тұрамын, аты-жөнім Асқар Батырбекұлы. Айтыңызшы, Сәбила Сапарқызы, осы маңда масалар мен кеміргіштерді жою жөнінде қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

Астана қаласы және оның маңайын жаппай зиянкестерден тазарту кезеңдік шараларын өткізу үшін 2012 жылы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Мемсанэпидқадағалау комитеті Астана қаласы бойынша департаментінен 18 млн 123 мың теңге бөлінді, оның 11 млн 61 мың теңгесі жабық станцияның 4 млн шаршы метрін және 6 мың гектар ашық аумақты өндеуге 7 млн 62 мың теңге бөлінді. Тендердің нәтижесі бойынша аталған іс-шараны өткізу «Астаналық залалсыздандыру» ЖШС-іне жүктелді.

Үстіміздегі жылдың 15 қыркүйегінен бастап күзгі жаппай зиянкестерді жою кезеңдік шаралары басталды. Соның нәтижесінде Астана қаласы бойынша 3 мың гектар ашық аумақ, атап айтсақ, Есіл, Ақбұлақ, Сарыбұлақ өзендерінің жайылмалары, Нұра-Есіл каналы, Талдыкөл көлін қорғайтын тосқауылы және т.б. өңделді. 15 қазаннан бастап 25 қазанға дейін 20 мың жеке тұрғын-үй секторы бойынша шыбын-шіркейлерді жою іс-шаралары өткізіледі, соның ішінде Есіл ауданы бойынша 790 үйді қамту жоспарланып отыр.

– Жасыратыны жоқ, көң-қоқыс қалдықтары ауламыздың көркін бұзуда. Сондықтан, көң-қоқыс жинауға арналған контейнерлерді қоршауға алуға бола ма?

Сіздің осы сауалыңызға қатысты Есіл ауданы бойынша барлығы 1524 көң-қоқыс жинауға арналған контейнерлер орнатылғандығын, соның ішінде 602 данасы жабдықталғандығын мәлімдейміз. Сонымен қатар, биылғы жылы Есіл ауданы бойынша 25 контейнер алаңы орнатылып және келесі жылға 25 контейнер алаңын орнату жоспарлануда. Сіздің мекен-жайыңыз бойынша орналасқан контейнер алаңын жабдықтау 2013 жылы қаржыландыру қарастырылған жағдайда тізімге қосылады.

– Қайырлы күн! Мен – Құралай Қайыргелдіқызымын. Қала көшелерінде көң-қоқыс сауыттарының жетіспейтіндігі рас. Алдағы уақытта қосымша сауыттар орнатыла ма?

Құралай, үстіміздегі жылы Есіл ауданы бойынша 294 көң-қоқыс сауыттары орнатылды. Сонымен қатар 565 сауыт сатып алынды. Жылдың соңына дейін оларды ауыстыру және орнату жұмыстары жоспарланғанын мәлімдейміз.

– Лифтілерде диспетчерлік орталықтандыру жүйесі бола ма екен?

Қазіргі кезде біздің ауданда 989 лифт қондырғысы жұмыс істейді. Өткен 2011 жылы технологиялық бизнес-инкубировалау шегі бағытында «Смарт-лифт» жобасы таңдалды. Жобаның мақсаты Internet немесе CDMA онлайн режимінде қалалық лифтілердің жұмысын арна бойынша бақылау үшін бірегей диспетчерлік пункт жасау болатын.

«Смарт-лифт» жобасы барлық қалалық лифтілердің жұмысы туралы толық ақпарат түсетін және сақталатын серверлік база құруды қажет етеді, ол онлайн режимінде сәйкес құзыретті мемлекеттік органға қаланың кез келген лифтісінің жағдайы туралы шынайы ақпарат алуға және мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді. Тұтас жүйені орталықтандыру адамдардың әртүрлі категорияларының әрқайсысына ерекше тарифтерді енгізуге және қаланың барлық жедел қызметтеріне кедергісіз қол жеткізуге мүмкіндікті қамтамасыз етеді. Жобаны жүзеге асыру арқылы қаланың барлық лифтілерін және терминалдар, «смс» хабарландырулар арқылы лифт қызметтері үшін төлемақы төлеуді үнемі бақылап отыруға болады.

Жобаның тиімділігі туралы айтар болсақ, ол персонал санын қысқарту арқылы еңбекақы бойынша қызмет көрсету компанияларының шығындарын оңтайландыру, бұл қалалық лифтілерді пайдалану үшін тариф бағасының төмендеуіне әсер етуі мүмкін. Сондай-ақ, қызмет көрсететін компаниялардың сапасыз-сапалы жұмысын және олардың біліктілік деңгейін анықтау, жағымды бәсекелі орта құруына және лифтілер жұмысының шынайы көрсеткіштерін анықтауға мүмкіндік береді. «Смарт лифт Астана» ұсынылып отырған сызбада диспетчлік қызметтерін көрсетеді.

– Сәбила Сапарқызы, егер үйде жарық көзі сөніп қалса немесе көңқоқыс уақытында шығарылмаса қайда хабарласуға болады?

Әкімдікте «051 байланыс қызметі» жұмыс істейді. Олар қала тұрғындарынан абаттандыру немесе өмір тіршілігін қамтамасыз ету мәселелеріне қатысты мәліметтерді қабылдайды. Қабылданған мәліметтер тиісті шара қолдану мақсатында тиісті бөлімдерге жіберіледі. Сондықтан, сіз үйіңізде жарық болмаса немесе көң-қоқыс уақытында шығарылмаған жағдайда 32-50-06 телефонына немесе ұялы телфон арқылы 109 нөміріне тегін қоңырау шалып, хабарласа аласыз.

– Қайырлы күн, өткен жылы «Номад» тұрғын-үй кешенінде жылу қуаты аз болды, осы жылы жағдайымыз қалай болады екен?

Қаланың сол жағалауы жылумен жабдықтаудың инженерлік арналарының соңғы нүктесі болып табылады. Жаңа тұрғын үйлер құрылысының көбеюіне байланысты сол жағалауда жылудың тапшылығы байқалады. Осыны ескере отырып, үстіміздегі жылы ЖЭО -2 қосымша 480 Гкал/сағат қуатты су жылыту қазандарын орнатты, бұл қаланы жылумен тұрақты түрде жабдықтауды қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ, «Астана – Теплотранзит» АҚ-мен қол қойылған қысқа дайындық құжаттары бойынша алдағы жылыту маусымына біздегі тұрғын үйлер 100 пайыз дайын. Дегенмен, «Қамданған – қапы қалмас» дегендей, сіз де қарап отырмай, пәтеріңіздің терезелері мен есіктеріндегі ойықтарды бекітіп, жылыту, герметизациялау және тағы басқа жұмыстарды қолға алыңыз.

– «Тельман» тұрғын алабында жолдарға тас төселіп, жаяу жүргіншілерге арналған жолдар мен жаңа көшелер салынды. Қыс мезгілінде біздің аумаққа қарай қатты жел соғады. Ауа райына сенім жоқ қой, алдағы уақытта осы көшелерді қардан тазалау жұмыстары қалай жүргізіледі?

Әрине, сұрағыңыз орынды. Дегенмен, еш алаңдамаңыз. Сіздің тұрғын алабыңызда қысқы және жазғы мезгілде «Sumar–Z» ЖШС-сі мердігерлік ұйымы механикалық және қолмен жинау жұмыстарын атқаратын болады.

– Сәлеметсіз бе, Сәбила Сапарқызы?! Мен Заречный тұрғын алабында тұрамын, есімім – Шынарай. Қала шеттеріндегі елді мекендерді дамыту бағдарламасы туралы естідім. Осы жайында не айтасыз?

– Шынарай, 2011 жылы елорда әкімі Астана қаласының шет аймақтарын дамытудың  2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекіткен болатын. Бұл Концепция Астана қаласының шет аймақтарын сумен қамтамасыз ету, суды бөліп беру, энергиямен жабдықтау және сыртқы аймақтарын жарықтандыру, жылумен жабдықтау, абаттандыру және көгалдандыру салаларындағы мәселелерін шешуге бағытталған. Астана қаласы шет аймақтарын дамыту бағдарламасы шеңберінде «Астана қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» ММ-і жолдарды және инженерлік желілерді салу бойынша жоба әзірледі. Қазіргі кезде, жоғарыда аталған жоба мемлекеттік сараптаудан өткізілуде. Бюджеттік жоспарлауға сәйкес 2013-2015 жылдары жобаны дамыту жоспарланып отыр.

– Мен «Пригородный» тұрғын алабында тұрамын. Мұнда, әсіресе, кешкі уақытта көшеде қаңғыбас иттер көп жүреді. Олардың ішінде қабағаны да бар шығар, білмейміз. Әйтеуір, балаларымыз үшін қатты алаңдаймыз. Сондықтан осы мәселеге қатысты сұрайын деп едім: қараусыз қалған жануарларды ұстау бойынша қандай жұмыстар атқарылады?

Қала аумағы бойынша қараусыз қалған жануарларды ұстау жұмыстарын Астана қаласындағы «Ауыл шаруашылығы басқармасы» ММ МКК-інің мердігерлік ұйымы болып табылатын «Ветсервис Астана» ӨШЖ-і жүргізеді.

– Жақында Сауран көшесі бойында ашық құдық көрдім. Бірақ, бірнеше күннен кейін оны біреулер жауып тастады. Айтыңызшы, алдағы уақытта осындай ашық құдықты көрген кезде қайда қоңырау шалуым керек?

Биылғы жылы қаланың коммуналдық қызметтері Есіл ауданы бойынша 300 құдықты ретке келтірді. Дегенмен, өкінішке қарай, бұл мәселе қайта айналып алдымыздан шыға береді. Әрине, келешекте мұндай келеңсіздіктерге жол берілмесе екен дейміз. Бұл мақсатта тиісті жұмыстар да жүргізіліп жатыр. Соған қарамастан, алдағы уақытта осындай фактілерді кездестірген кезде «051 байланыс қызметі» ММ-іне өтініш білдіруіңіз қажет немесе 109 нөміріне ұялы телефоннан тегін қоңырау шалуыңызға болады.

– Күнделікті жұмысқа бару үшін «Есіл ХҚКО» аялдамасынан автобусқа жиі отырамын. Халықтың бәрі бірдей емес қой, кейбіреулер аялдамадағы қырлы тастардың бетіне шылым қалдықтарын, басқа да қоқыстарды лақтырып кетеді. Жалпы, аялдама кешендеріне қоқыс тастау сауыттарын орнатуға болмай ма?

Бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Астана қаласы «Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» ММ-іне аялдама кешендеріне сауыттарды орнату туралы хат жолданды. Қазіргі уақытта атаулы басқарма аудан аумақтарында қоқыс сауыттарын орнату жұмыстарын жүргізуде. Қала тазалығына тұрғындардың өздері тікелей атсалысулары керек. Сонда жұмыс нәтижелі болады. Жалпы, біз қандай да бір нәтижеге қол жеткізсек, соның бәрі бірлесіп, ынтымақтасып, өзара түсіністікпен атқарылған шаруалардың, көп ұлтты халқымыздың қажырлы еңбегінің жемісі деп ойлаймын.

– Қайырлы күн! Мен өзімнің отбасыммен «№6 қалалық тұрғын-үй кешенінде» тұрамын, осы үйдің ауласына абаттандыру жұмыстары қашан жүргізіледі?

Сіздің мәселеңіз бойынша «Астана қаласы Құрылыс басқармасы» ММ-сі аталған тұрғын үй кешеніндегі абаттандыру жұмыстарын аяқтау үшін «Автодорремонт» ЖШС мердігерлік мекемесін бекітті. Бағдарламаға сәйкес аулаға орындықтар, кіші архитектуралық формалар, сондай-ақ, балалар ойын алаңын орнату жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда осы жұмыстардың 80 пайызы орындалды. Көгалдандыру жұмыстары да аяқталуға жақын.

– Мен – Аягөз Сайлаубекқызымын. Осыдан үш ай бұрын қызым дүниеге келгенде, перзентханада бізге қала аумағында отырғызылған ағашқа сертификат сыйлады. Сол ағаштың қайда орналасқанын қалай анықтауға болады?

Аягөз, бөпеңіздің бауы берік болсын! Ағаштың орналасқан орнын және оның сіздікі екенін анықтау үшін «Астана Көгалдандыру Құрылысы» АҚ-на хабарласуыңыз қажет. Мекеменің байланыс телефоны: 533-108.

– «Комсомольский» тұрғын алабында жаңадан соғылып жатқан автотұрағы мен кеңсе ғимараттары бар тұрғын-үй кешені құрылысының жұмыстары қашан аяқталады?

–  Иә, Сіз айтып отырған тұрғын-үй кешені «Комсомольский» тұрғын алабында Қыз Жібек және Ұлпан көшелерінің қиылысында орналасқан. Аталған үйдің құрылыс жұмыстарын «Мегастрой-НС» ЖШС-нің тапсырысымен «Стройпроект инжиниринг» ЖШС-нің жобасымен бас мердігер «Бай-Тан» ЖШС-і жүргізуде. Аталмыш үйдің құрылысы үстіміздегі жылдың екінші тоқсанында басталған болатын, оны келер 2013 жылдың төртінші тоқсанында аяқтау жоспарланып отыр.

– Мен «Шұбар» тұрғын алабының тұрғынымын, есімім – Қарлығаш. Біздің үйде мекенжай көрсеткіші жоқ, сол белгіні орнатуға бола ма?

Қарлығаш, бұл мәселе бойынша сіз міндетті түрде «Астана қаласы архитектура қала құрылысы басқармасы» ММ-нен қаулы алып, Астана қаласы Есіл ауданы әкімі аппаратына жазбаша түрде ақпараттық аншлаг орнатуға өтініш беруіңіз қажет. Мәселеңіз алдағы уақытта қарастырылады.

– Сәбила Сапарқызы, мен «Шығыс Ильинка» тұрғын алабында тұрамын. Көшелерімізде жарық жоқ, әсіресе, түнде сабақтан қайтқан балаларға тым қиын. Осы мәселені қашан шешесіздер?

  2007 жылдан бері  аталған тұрғын алапта «Астана қаласы Энергетика және коммуналды шаруашылығы» ММ-і әкімшілігі «Шығыс Ильинка тұрғын алабындағы үйлерге инжинерлік желілірді салу» бағдарламасын жүргізуде. Бұл жоба аумақ бойынша 4 кезеңге бөлінген. Аталмыш бағдарламаға сәйкес тұрғын алапта электр қуатымен қамтамасыз ету желілерін салу, таза ауызсумен қамтамасыз ету, кәріз, жол құрылысы секілді жұмыстар жүргізіледі. Ал жол құрылысы мен жолдарды жарықтандыру жұмыстары электрқуатымен, таза ауызсумен қамтамасыз ету, кәріз желілерін салу жұмыстары аяқталған соң басталады. Айта кету керек, осы бағдарламаны қаржыландыру мәселесінде едәуір қиындықтар туындаған болатын. Алайда, қазіргі кезде бұл мәселе өзінің оң шешімін тапты.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button