Мәдениет

Садақ атудың сайыпқырандары

Кеше «Хан-Шатыр» іргесінде қазақ ауылы бой көтеріп, қаламызда алғаш рет «Nur-Sultan Ethno Fest» атты этномәдени мереке шымылдығын түрді.


Айтулы шараны Қазақстанның этноспорт қауымдас­тығы мен елорда әкімдігі бірлесіп өткізіп отыр.
Үш күнге созылатын фестивальде ұлттық өнердің бәсі биіктеп, байрағы желбіремек. Қалалық Мәдениет және спорт басқармасының басшысы Болат Мажағұловтың айтуынша, шара мақсаты ұмытылып бара жатқан ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу екен.
Ұмытылып бара жатқандай қандай құндылықтар дейсіз ғой, ол баяғыда бабаларымыз қолданған: қамшыгерлік, тезге салу, қолқа салу, тығырыққа тіреу, арқан өру, қамшы өру және шаңырақ көтеру секілді дүниелеріміз. Осылар көпшілікке барынша насихатталмақ.
Сондай-ақ шаһар тұрғындары мен қонақтары ақындар айтысы мен мерекелік концерттерді тамашалап, найза лақтыру, қол күрес­тіру, садақ ату және серке көтеру секілді жарыстарға да қатыспақ. Жеңімпаздарға ұйымдастырушылар атынан бағалы сыйлықтар беріледі.
Кеше фестивальдің көркін ашатын «Алтын жебе» атты садақ атудан бірінші әлем чемпионатының ашылуы болды.
Бұл дүбірлі додаға жер жүзінің 20 мемлекетінен үздік мергендер келіп отыр. Чемпионаттың мергендік бәсекелері «Азия стилі», «Түрік стилі» және Жамбы ату ережелері бойынша өтеді.
Бүгін Халықаралық балаларды қорғаудың күніне орай фестиваль аумағында балаларға арналған аттракциондар жұмыс істеп, балдыр­ғандар Қуыршақ теа­трының үздік қойылымдарын тамашалап, атқа мініп, асық атады.
Ал кешке «Nur-Sultan Ethno Fest» фестивалінің ресми түрде салтанатты ашылуы өтеді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button