Басты ақпаратДенсаулық

Сәбилерді аутизмнен сақтайық

Жаңа заман жақсы жаңалықтармен, жаңа технологияларымен бірге бізге бала тәрбиесіне қатысты қиындықтармен келді. Жаhанданудан, ғаламтордың өмірімізге енуінен ең басты қауіп – балаларымыздың денсаулығы, болашағы. Табысты тұлғамен қатар қоғамда психикалық жағынан тежелген, ойлау, есту, көру қабілеттері шектелген, аутизмі бар балалар да қоғамда орын алуда. Баланың қалыптасуына бірнеше сыртқы және ішкі себептер әсер ететінін айтуға тиіспіз.

Анасының құрсағына біткеннен бастап генетикалық тұқым қуалайтын аурулардан бастап, тіпті экологиялық факторға дейін, әлеуметтік мәселелер де әсер етеді. Елде аутизммен, әртүрлі ауытқу аурулары бар ерекше балалар көбейді. Бұл – өсуі тиіс халқымыздың басты қасіретінің бірі. Қоғамның бұған бейжай қарауына болмайды.

2 сәуір – Дүниежүзілік аутизм мәселесі туралы ақпаратты тарату күні. Бұл күн аутизм бар балалардың мәселелеріне назар аудару мақсатында БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен 2007 жылғы желтоқсанда белгіленді.

Заманауи цифрлық технологиялардың енуіне байланысты телефон, планшеттердің қоғам өміріне кіргені соншалықты, баланың сөйлеу тілі шықпай жатып сол құралдарды меңгереді. Ал баламен екі ауыз сөйлеспегесін бұл оның сөйлеу тілінің, логикасының дамуына кедергі.

Ерекше балалар күні

2008 жылдан бастап, жыл сайын 2 сәуірде бүкіл әлемде әртүрлі ақпараттық науқандар мен акциялар өтеді: бейне порталдарда, теледидарда әлеуметтік жарнамалық роликтер көрсетіледі, аутизм бойынша конференциялар өткізіледі, онда аутизм мәселесінің жаһандылығы талқыланады.

Ресми мәлімет бойынша ­Қазақстанда 9 мыңнан астам аутизм бар бала тұрады, ал бейресми деректер бойынша аутизм бар балалардың саны 30 мыңнан асады. «Autism Speaks» халықаралық ұйымының деректері бойынша 2020 жылы әлемдегі әрбір 54-балаға аутизм диагнозы қойылады.

Аутизм спектрінің бұзылуы бар балалардың ата-аналарына арналған алаң Аutism Talks Астанада өткізілді.

ҚР БҒМ деректері бойынша Қазақстанда 9 мыңнан астам аутизм бар бала тұрады, ал бейресми деректер бойынша аутизм бар балалардың саны 30 мыңнан асады. «Autism Speaks» халықаралық ұйымының деректері бойынша 2020 жылы әлемдегі әрбір 54-балаға аутизм диагнозы қойылады

Іс-шарада ата-аналар аутизм бар балаларды тәрбиелеу тәжірибесімен бөліссе, мамандар балаға да, ата-анаға да қолдау көрсететін түрлі әдістер, құралдар туралы айтты. Іс-шара аясында ерекше балалары бар ата-аналар баланың ауыр диагнозын естігенде мойымай, оқу орталықтарын, әлеуметтік кәсіпорындар ашып, заманауи әдіс-тәсілдерді үйренгенін, қауымдастық құрып, басқа да ата-аналарға көмектескенін шынайы жеткізді. Кездесуде сөз сөйлегендер: «Autism. Қолжетімді орта» қайырымдылық қорының және «Қамқор әке» аутизм бар балалардың әкелер қоғамдастығының басшылары, ақтөбелік ерлі-зайыпты Руслан мен Сара Қазыбаев­тар, «Ерекше бақыт» қоғамдық қорының тең құрылтайшысы, заң ғылымдарының магистрі Светлана Ордабай, балалар психиатры Татьяна Дегтярь, мінез-құлық талдаушысы, «Болашақ» қорының супервизоры Айнұр Нұрова және басқалары. Мамандармен білім беру жиынын Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара ­Гаплан жүргізді.

Дүниежүзілік аутизм туралы ақпараттандыру күні аясында «№1 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті» 3 сәуірде сағат 9.00-ден 14.00-ге дейін «TAU PARK» ипподромында «Аутизм спектрінің бұзылуы» диагнозы қойылған 100 бала мен ата-аналарға арналған іс-шара өткізуде.

Іс-шараның бағдарламасына ипподромға экскурсия, нұсқау­шымен иппотерапия, қимылды ойындар мен квадроциклдерге міну кіреді. Шара барысында балаларға шараның демеушісі «Food Solutions KZ» ЖШС ұсынған глютенсіз тағамдар мен сусындар ұсынылады.

Дерт белгілері қандай?

Аутизм ерте балалық шақта көрінеді және жынысқа, нәсілге немесе әлеуметтік-экономикалық жағдайға байланысты емес. Аутизм үшін салттық мінез-құлық, күнделікті қарым-қатынас жасау, өзара әлеуметтік әрекеттесу қиынға соғуы тән. Дегенмен аутизм бар балалар мектепте ойдағыдай оқи алады, қоғамның өміріне қатыса алады. Бұл мүмкін болу үшін балаға жастайынан білікті мамандардың көмегін қамтамасыз ету қажет.

– Баланың айналасындағы әлемге сүлесоқ қарауын, сұраққа жауап бермеуін, сөйлемеуін еркелікке балаған ата-аналар қатты қателеседі. Екі жасқа дейін сөйлемей, тек телефон қараған балада аутизмнің белгілері бар. Оны жедел учаскедегі дәрігерге қаратып, олардың тексеру, бақылауынан кейін медициналық қорытындыны алғасын білім басқармасы арқылы қаладағы психологиялық-педагогикалық түзету кабинетіне жолдама алып, мамандардан арнайы білім алады. Ата-аналар маманға неғұрлым ертерек келсе, соғұрлым балада мол мүмкіндік бар, – дейді Әдіскер Ғайшагүл Жұрқабаева.

– Баламның есту қабілеті нашар болғандықтан осында келдік, – дейді Астана қаласының тұрғыны Бейбіт Сарманова. Ұлым алты жаста, мұнда келгелі ойын ойнап, мамандармен түрлі тақырыпта суреттер салады, аптасына 3 сағаттан 3 рет келеміз. Нәтижесі тағы екі айда белгілі болар деген үміттеміз дейді ол.

– Менің ұлым естімейді, үндемейді, тағы түрлі аурулары бар, – дейді астаналық Сәуле Ақпанова, баласын логопед, дефектолог мамандардың қабылдауына дәлізде күтіп тұрып. Бүгін-ертең оң нәтиже бола қоймас, бірақ баламның емделіп, сауығып кетеріне, қатарының алды боларына сенімім зор, – дейді анасы толқып тұрып.

Түзету жұмыстары қалай жүргізіледі?

Астананың Есіл ауданында орналасқан «№1 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті» 2013 жылдан бері жұмыс істейді. 0-18 жас аралығындағы мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдердің барлық санаттарына педагогикалық түзету мен балалардың психофизикалық дамуы мәселелері бойынша кешенді түрде әдістемелік көмек көрсетеді. Қаладағы психо-медициналық педагогикалық кеңес беру орталығына (қалада 6-уы бар) жергілікті дәрігердің жолдамасымен барған ата-аналардың өтініші бойынша түзеу кабинеттеріне арнайы жолдама беріледі. Бірақ, даму деңгейі кешеуілдеген балалардың көбеюіне байланысты түзеу кабинеттеріне жолдаманы ата-аналар 3-6 айдай күтеді. Бұрындары жылына 40-50 бала ауырса, қазір 500-ден баланың 200-дейі кезегін күтіп тұр. Балаларды ППТК-ға қабылдау жыл бойы жүргізіледі.

«ПМПК қорытындысы негізінде ППТК есту қабілетінде, сөйлеу тілі кешеуілдеуі, тірек-қозғалыс аппаратында, зердесінде бұзылыстары бар, сөйлеу тілінің дамымауы, психикалық дамуы тежелген, эмоциялық-ерік аясында және мінез-құлқында бұзылыстары бар балаларға психологиялық-педагогикалық түзету көмегін көрсетеді» дейді Әдіскер Ғайшагүл Жұрқабаева.

Ерекше балалардың ата-аналары уақыт оздырмай, арнайы мамандарға жедел жүгінгені жөн. Жергілікті дәрігерден алған жолдамамен жоғарыда аталған кеңес беру орталықтарына кезекке жазылып, арнайы мамандардың қолдауымен, ерекше сабыр мен төзіммен баланы түзету-дамытудың жолдарын қарастыру керек. Сондай-ақ баланы табиғи ортада, мәселен, тауға, көл жағасына, тіпті ауылдағы туыстарына апарып, демалдырса, бала үшін әрі тәрбие, әрі демалыс болар еді. Ата-аналардың уақыт тауып, балаларымен бір мезгіл сөйлесіп, ойын, арманын біліп, серуендеп, бірге сабақ қарағаны абзал. Неге қызығатыны, не ойлайтыны бәрі маңызды. Уәде берсеңіз, оны орындаңыз. Балаңызды күнделікті құшақтап, мейіріміңізді көрсетіп көңіл бөліп отырыңыз. Ең бастысы, бала ең жақын адамдарының жылуын, қамқорлығын сезінуі тиіс.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button