Басты ақпаратМәдениет

Сәкен музейінің Гүлсарасы

Елордадағы Сәкен Сейфуллин музейі — 177 жылдық тарихы бар ескі ғимарат. Оның қазақ ақынының атындағы музейге айналғанына биыл 35 жыл. Алаш қайраткерінің қысқа ғұмырынан естелік боп сақталған көне жәдігерлерді көруге баратындар ақынның бүкіл өмірі туралы еш жерден оқымаған тың деректерді бір сағаттың ішінде музейде естіп шығады.

Осы тұрғыда күн сайын алдына келетін жиырма шақты адамға аптаның 6 күнінде ақын жайлы қайталап айтудан жалықпайтын экскурсовод Гүлсара Құсайынованың шеберлігі мен шешендігі, білімпаздығы мен ізденісінің тигізер үлесі зор. Бір дегеннен жағымды, мәнерлі, қазақы үнімен ақын жайлы ақпараттарды қысқа уақытта үйлестіріп ретімен айта біледі. Сонымен қатар келушілердің назарын өзінен аудармай тұрып, оларды бір залдан екінші залға жалықтыр­май, қайта ынтызарлықпен қызықтыра соңынан ерте білуі, ақынның қасіретті қиын тағдырын баяндағанда оған деген жанашырлықпен қатар, асқақ рухына елдің сүйіспеншілігін арттыра алуы, соның бәрін өз бойынан өткізе отырып, күніне «мың өліп, мың тірілуі» Гүлсара Сұлтанқызын өз мамандығын шексіз сүйетін жан ретінде бірден танытады.

– Бұрын Абайды айтсам, астанаға келгенде Сәкен туралы айту маған ұстаз ретінде аса қиын болған жоқ. Дегенмен алдыма келген адамға қалайда ең маңызды, ең бір тың деректерді барынша қысқа уақытта терең ұғындырып жіберу үшін мен көп ізденіп, өз бетімше дайындалдым. Көзі мөлдіреп алдыңа студент келеді, не айтар екен деп оқушы келеді. Соларға Сәкеннің қандай мықты Алаш азаматы болғанын, биік болмысы мен тау тұлғасын жеткізе баяндау үшін өзім оны әбден толық зерттеуім керек екенін түсіндім. Ең басты әліпбиім Сәкеннің өзінің «Тар жол, тайғақ кешу» романы болды. Өмір бақи Сәкенді зерттеген Тұрсынбек Кәкішевтің, Амантай Кәкеновтің кітаптарын оқыдым, – дейді Гүлсара Сұлтанқызы.

Сәкен Сейфуллин көшесінің бойындағы ағаштан соғылған ескі ғимараттағы редакцияда 1920-1930 жылдары Сәкен жұмыс істеген. Кейін музейге айналған ғимараттың іші-сырты 3 жыл сайын реконструкциядан өтіп тұрады. 7 залдан тұратын музейде Сәкен өмірі мен шығармашылығына қатысты 600-ден астам жәдігер бұйым бар. Солардың әрбірінің тарихын терең білетін Гүлсараның ақын тұтынған дүниелерді өмірімен байланыстыра әспеттеп айтып келе жатқанына биыл 7 жыл болды. Туған жері Абай облысында педагогика және психология саласында жоғары білім алып, мектепте еңбек еткен ол өзіне ұнайтыны экскурсовод екенін Жидебайдағы Абай музейіне қызметке келгенде толық түсінеді. Ол жерде 10 жылдай елге хакім Абай хақында тың деректерді жәдігерлер арқылы жеткізіп, тәжірибе жинақтайды. 2015 жылы Астанаға келгеннен кейін жан-жаққа түйіндеме таратып, бір жылдан соң Сәкен музейіне шақырылады.

– Халықпен кездесу менің жанымды жадыратады. Күніне кем дегенде алдыма жиырма кісі келеді. Адамдармен араласқан сайын өмірге деген құлшынысым артады. Бақыт деген не? Отбасындағы әйел бақыты өз алдына, шүкір, көпбалалы анамын, немерелерім де бар. Дегенмен адамның өзінің сүйікті ісінің болуы да бір бақыт. Себебі өміріміздің көп бөлігі жұмыста өтеді. Сол жұмысыңызды сүйіп істемесеңіз, өмірді бекер сүргеніңіз, – дейді кейіпкеріміз.

Қазір аталған музейде екі экскурсовод бар. Музейге тек жалақы алу үшін келген маман көп ұзамай шығып кетеді. Себебі Сәкен туралы айту үшін сол заманға өзің де «барып келмей», сол дәуірдің дүрсілін сезінбей, құр жаттап алғанды тақылдап айтып бергеннен жақсы экскурсовод шықпайды. Гүлсара Сұлтанқызының өзі айтқандай, былай қарағанда күнде «Сәкен» деп әруақтың атын шақыру да тірі пендеге ауыр нәрсе. Бірақ мұны «мамандығым», «мен өткен мен бүгінгіні жалғаушымын» деп санағандықтан әрі өзін тыңдап тұрған жандардың жанарында жарқылдаған түрлі көңіл күйді, отты көріп, өз ісінің тегін емес екенін, бұл оған жүктелген үлкен аманат екенін ұғынады да, әрі қарай құлшыныспен қызметін жалғастыра береді.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button