Сәкен – сарқылмайтын қазына

Астанада Қазақ ұлттық өнер университетінің 25 жылдығы аясында «Сәкен» операсы концерттік нұсқасының премьерасы өтті. Көрнекті мемлекет қайраткері, ақын, жазушы, драматург, композитор Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен қызметі, шығармашылығы туралы сыр шертетін туынды либреттосының авторы – Қанат Жүнісов, музыкасын жазған – Әліби Әбдінұров.
Жақында «Дала дауысы» республикалық шығармашылық байқауының «Үздік музыкалық-театрлық жаңа туынды» аталымында топ жарған опера аталмыш оқу орнының шығармашылық ұжымдарының күшімен қойылды. Атап айтқанда, бұл – авторлардан бөлек студенттік симфониялық оркестр (көркемдік жетекшісі – Айдар Торыбаев), студенттік хор капелласы (көркемдік жетекшісі және дирижері – Батыржан Смақов), хормейстер Марина Бухвалова, концертмейстер Дана Ившина еңбегі.
Концерттік қойылымды қоюдың өз ерекшеліктері бар. Туынды опера театрында, кәсіби актерлердің қатысуымен қойылғанда әсер бөлек болады. Бұл – алдағы күндердің еншісінде. Ал осы жолы студенттер бар өнерлерін салды. Жаңа туындыға залды лық толтырған көрермендердің ықыласы да зор болды.
Операның желісіне тоқталатын болсақ, Сәкен тұлғасы арқылы қазақтың қасіретті тарихы мен сәулелі күндері қамтылған. Туындыда ұлттың мұңы мен шері, қуанышы қатар өрбіп отырады. Атап айтқанда, қазақтарды әскерге алу туралы патша жарлығы шыққанда елдің толқуы, ашаршылық, 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнері мен мәдениетінің онкүндігіндегі ұлттық өнердің жеңісі, саяси қуғын-сүргін секілді тарихтың өшпес парақтары көрініс тапқан. Операда көрнекті сәкентанушы ғалым Тұрсынбек Кәкішұлына құрмет те бар. Бұл туынды басталғанда дүниеге келген сәбиге Тұрсынбек есімін берумен айшықталған.
Ұлттық операларға халық әндері мен күйлерін, халық композиторлардың туындыларын пайдалану әу бастан-ақ бар дәстүр. Бұл әдісті қазақ операсының басында тұрған Евгений Брусиловский, Мұқан Төлебаев та кезінде қолданылған. «Сәкен» операсында да Сәкен Сейфуллиннің «Көкшетау», «Тау ішінде» сияқты әндері, Үкілі Ыбырай, Ақан сері секілді халық композиторлардың туындылары пайдаланылған. Әсіресе, Сәкен ұсталардағы Ақан серінің «Шырмауық» әні әуенінің әсері бөлек. Дәл осы тұста бұл әнді қолдану өте орынды болған деп есептейміз. Операға Сәкеннің «Жас қазақ марсельезасы», «Сыр сандық» сынды өлеңдері де әдемі кіріктірілген.
Туынды кейіпкерлеріне тоқталсақ, оларды Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттері сомдап шықты. Атап айтқанда, Сәкен Сейфуллинді Айбек Әбдіәшімұлы, оның жары Гүлбаһрамды Нұржайнар Әбілқайырова ойнады. Операда Голощекин, Ежов, Мирзоян, Күләш Байсейітова сынды тарихи тұлғалардың бейнелері де бар.
«Сәкен» операсы С.Сейфуллин атындағы қоғамдық қордың қолдауымен жазылды.