Мәдениет

Сәкен шығармашылығынан сыр шертеді

Алдағы ақпан айында елордадағы Сәкен Сейфуллин мұражайының ашылғанына 35 жыл толады. Осы жылдар ішінде шежірелі шаңыраққа көптеген жәдігер жинақталды. Арасында Сәкен шығармашылығына қатысты төте жазу мен латын графикасымен жарық көрген еңбектер де бар. Кеше олар ел назарына шығарылып, мұражайда «Латын және төте қарпімен жазылған Сәкен шығармалары» атты көрме ашылды.

Сәкен Сейфуллин өмір сүрген кезеңде қазақ әліпбиі ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы араб графикасы негізінде қазаққа лайықтаған төте жазудан латын графикасына көшірілді. Бұл 1929 жыл еді. Бұдан былай 1940 жылға дейін елімізде жарық көрген еңбектер латын әріптерімен шықты. Музейге келушілер соны 24 қаңтарға дейін тамашалай алады.

Бір атап өтерлігі, көрмеге қо­йылған еңбектердің арасында Сәкеннің төл туындылары ғана емес, ол құрастырған кітаптар да бар. Соның бірі – 1935 жылы Алматының Қазақстан көркем әдебиет баспасынан шыққан Ыбырай Алтынсариннің өлеңдер жинағы. Сәкеннің алғысөзімен жарық көрген кітапқа Ыбырайдың 25 өлеңі енгізілді.

1914 жылы, жиырма жасында Сәкен Сейфуллиннің «Өткен күндер» атты тұңғыш өлеңдер жинағы жарық көрді. Ал әйгілі «Тар жол, тайғақ кешу» мемуарлық романы төте жазумен 1927 жылы және латын графикасымен 1936 жылы шықты. Көрмеге қойылған еңбектердің арасында 1932 және 1935 жылдары Сәкеннің шығармалары енген «Әдебиет майданы» журналы, 1973 жылы шыққан «Лотос» атты афро-азиялық өлеңдер альманахы, «Социалистан», «Экспресс» кітаптары және жары Гүлбаһрамға жазған хаттары бар.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button