Сәтбаев шығармаларының 10 томдығы жарық көрді

12 сәуір – Ұлт мақтанышы, Қазақ Елінің қазына байлығын ашушы, Қазақстан ғылым академиясының негізін қалаушы әрі тұңғыш президенті, алғашқы академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туған күні және осы датаға орайластырылған Ғылым қызметкерлерінің күні. Осыған орай Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасында қазақ ғылымының атасы атанған Қаныш Сәтбаевтың толық шығармаларынан құралған 10 томдық жинағының салтанатты тұсаукесері өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Жинақ Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен, Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің басқаруымен және «Халықаралық Сәтбаев қорының» атсалысуымен жарық көрді.
Жинаққа ғалымның 1923–1963 жылдар аралығындағы монографиялары, мақалалары, баяндамалары, геологиялық барлау есептері мен ғылыми-техникалық жобалары, руханият саласындағы еңбектері де енген. Барлық материалдар хронологиялық және тақырыптық тәртіппен жүйеленіп, қазіргі заманғы ғылыми және баспа стандарттарына сай дайындалған. Бұл еңбектер Сәтбаевтың ғылыми мол мұрасының тереңдігін, отандық ғылымның іргетасын қалаудағы тарихи рөлін жан-жақты ашады.
Жинақ «Атамұра» баспасынан 10000 дана таралыммен жарыққа шығып, еліміздің ғылыми мекемелеріне, жоғары оқу орындарына және кітапханаларына үлестірілді. Сонымен қатар, жинақтың цифрлық нұсқасы электронды кітапханалар мен ашық ғылыми платформаларда қолжетімді болады.
10 томдық жинақтың тұсаукесері – еліміздің мәдени, ғылыми және рухани өміріндегі маңызды оқиға. Бұл басылым Қаныш Сәтбаевтың ғылыми және азаматтық мұрасын ұлықтап, болашақ ұрпаққа отандық ғылым тарихының алтын қазынасын жеткізуді мақсат етеді.
Іс-шараға ҚР Үкіметінің мүшелері, ҚР Парламентінің Сенат және Мәжіліс депутаттары, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Ғылым академиясы басшылығы мен Ұлттық ғылыми кеңестің мүшелері, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты. Басылымға 1923–1963 жылдар аралығындағы ғылыми еңбектер, карталар, жобалар және рухани мұралар енген. Сенат Төрағасының орынбасары Жақып Асанов ғалымның мұрасын кеңінен насихаттау — азаматтық міндетіміз екенін атап өтті.
⠀
Депутат Алтынбек Нұхұлы бұл еңбек ұрпаққа рухани бағдар, ұлттық ғылымға деген мақтаныш сезімін қалыптастыратынын айтты. Жоба Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен жүзеге асып отыр.