Жаңалықтар

Сағындым әке өзіңді…

img107

Миллиондаған адамның қанымен, көзінің жасымен, маңдайының терімен келген Жеңістің бағасы қашан да қымбат.

Осы бір мереке мен үшін де өте қастерлі саналады. Өйткені, әкем Ұлы Отан соғысының ардагері Қадырбек Әбділдаұлы бар саналы ғұмырын ел игілігі жолында еңбек етуге арнап өткен еді. Ақмола облысының Есіл ауданына қарасты Игілік ауылында дүниеге келген. Ел басына күн туған сын сағатта өз еркімен сұранып, майданға аттанады.1942 жылдың наурыз бен қазан айлары аралығында арнайы дайындықтан өтіп, қарашада Сталинград үшін шайқасқа аға сержант дәрежесімен кіріседі. Кеңес Одағы мен Польшаның маршалы, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Константин Рокоссовский басқарған майданның 24-ші гвардиялық дивизиясы 72 атқыштар полкының 6-шы ротасында қызмет атқарады. Ал 1943 жылы әкемді Ростов арқылы ІІ Украина майданына жібереді. Неміс басқыншылармен талай рет бетпе-бет шайқаста жүріп, төрт рет жараланады. Соғысқа бастан-аяқ қатысқан ол бірнеше орден-медальдар иегері.
Соғыс аяқталғаннан кейін, 1945 жылдан 1989 жылға дейін үздіксіз мұғалім болып еңбек етті. Қаншама балалар мен жастарды білім нәрімен сусындатып, үлкен өмірге жолдама берді. 1982 жылы «Қазақ ССР еңбек сіңірген ұстазы» белгісімен марапатталды.
Бойындағы бар білімі мен білігін, қажыр-қайратын, сүйіспеншілігін шәкірттеріне арнап, бақытым – балам деп өмір сүрген әкем «Менің барым – тәрбиелеген бірнеше буын шәкірттерім» деп айтып отыратын еді. Ол мен үшін әке ғана емес, тәлімгер ұстазым да еді. Жасымнан сол абзал әкеме еліктеп, көркем шығармаларды құныға оқып, халық ауыз әдебиетінің мол мұрасына қанықтым. Отбасында тек қана қазақша сөйлеп, әке ықпалымен халқымыздың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін үйреніп өстім.
Әкем зейнетке шыққаннан кейін де әркез халықтың арасынан табылатын. Кешегі ауыр уақытта жетім-жесір, әл-ауқаты төмендерге қарайласып, қол ұшын беріп жүретін еді. Әлі күнге дейін әкемнің көмек-жәрдемін көрген туған-туысқандар, көрші-қолаңдар ризашылықпен айтып отырады.
Енді, міне, сол сұрапыл соғыстың аяқтал­ғанына да 70 жыл өтіпті. Осы бір Жеңіс деген шуақты күнді жақындатқан, отты жылдарды басынан өткере жүріп, бізге бейбіт ғұмыр сыйлаған майдангерлер қатары күннен-күнге сиреп келеді. Мен де бүгін сол сұрапыл соғыстың бейнетін тартқан жан әкемді еске аламын. Кеудемді сағыныш кернейді.
Ал бүгінде ортамызда жүрген майдангерлерді Жеңіс мерекесімен құттықтап, елімізде бейбітшілік бесігі тербеле берсін деп тілеймін.

Бақытжамал ӘБДІЛДИНОВА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button